Тараз қаласында ұсталған қылмыстық топ мемлекетке 10 миллиард теңге залал келтірген. Бұл туралы қаржы мониторингі комитеті хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті өткізген жедел-іздестіру шаралары кезінде 2009-2020 жылдар аралығында заңсыз әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды. "Олар қала аумағында жалған шот-фактуралар жазып берумен айналысқан. Яғни, нақты жұмыс жасалмаса да, тауарлар жеткізілмесе де, жалған шот-фактуралардың негізінде миллиардаған ақшаны аударып алып отырған", – дейді құқық қорғаушылар. Қылмыстық топқа 10 адам кірген. Олардың ішінде заңды тұлғалардың басшысы ретінде тіркелген азаматтар да бар. Барлығы бірігіп, контрагент сатып алушыларды іздеумен және екінші деңгейлі банктерден қолма-қол ақша шығарумен айналысқан. Осы қылмыстық іс-әрекеттердің нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал мөлшері 10 миллиард теңгені құрады. Тәркілеу шаралары аясында қылмыстық топтың бақылауында болған кәсіпорындардың жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден астам қаржысына шектеу қойылды. Қылмыстық істің материалдары сотқа жіберілді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram