3731
БАҚЫТ БАЛАЛЫ ҮЙГЕ ҚОНАДЫ. КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?
БАҚЫТ БАЛАЛЫ ҮЙГЕ ҚОНАДЫ. КӨП БАЛАЛЫ АНАЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ?
Ананың мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Көп балалы ана болу оңай емес. Ендеше еліміздегі көп балалы аналардың хал-жағдайы қалай, қандай жағдайда бала тәрбиелеп отыр, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек қандай деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Көп балалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасында дүниеге келген. Қазір көп балалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңқалатынымыз бар. Көпшіліктің көкейінде оның бәрін қалай асырайды деген сауал туындайды. Артынша «Әр баланың өз несібесі бар» деп жатамыз, десе де оның оқуы, жоғары білім алуы мен қазақ үшін қасиетті үйлену тойын жасап, баспана әперу – әрбір қазақтың мұңы болғандықтан, көп балалы отбасына таңсықпен қарайтыны бар.
Ақтөбе қаласында тұратын Әлия Новикова жақында 14-сәбиіне жарық дүние сыйлады. Әлияның жасы – 41-де. 26 тамызда Ақтөбе облысының перзентханасында 14-ші сәбиін дүниеге әкелді, оған Дамир деген есім берілді. Бүгінде баланың денсаулығы қалыпты. Әлия мен жұбайы 8 ұл, 6 қыз тәрбиелеп отыр. Балаларының үлкені – 24 жаста, кіші баласы – 2 жарым жаста екен. Әлияның айтуынша, ол Құдай қанша бала берсе, сонша баланы босанғысы келеді. "Иә, оңай емес. Бірақ мен барлығы жақсы болатынына сенемін. Әрбір бала үлкен бақыт қой", – деп сыр бөлісті көп балалы ана. 14 баланы тәрбиелеу, сабағын оқытып, киіндіру үшін қосымша көмек қажет. Бірақ Әлия үй шаруасы мен бала тәрбиесін бір өзі дөңгелетіп отыр. Ол ешқашан жұмыс істемеген. Негізі есепші мамандығын тәмамдаған. Десе де, көп балалы ана уақытын балаларына арнап, бала тәрбиесін басқа парыздан жоғары қойған және жұмысқа шықпағанына қынжылмайды да. Қазіргі таңда бала-шаға қамы үшін жұмысқа шығатын аналардың үй шаруасы мен жұмыстың екі ортасында сабылатыны үйреншікті жайтқа айналды. Оған отбасының қаржылық қиындығы себеп шығар, бәлкім жас аналардың тұлғалық қалыптасуы үшін жұмысқа асығатын шығар.
Әлияның 41 жасында бала көтеріп, аман-есен қол-аяғын бауырына алуы ерлік, әрине. Дәрігерлердің айтуынша, бұл сирек кездесетін жағдай. «1990 жылдан бері мұндай жағдай алғаш рет болып отыр», – дейді бас дәрігердің орынбасары Владимир Авраменко.
Ал Петропавл қаласының тұрғыны Татьяна Култышева 34 жасында 12-рет ана атанған болатын. Татьяна Данил есімді сәбиін былтыр дүниеге әкелді. Дәрігерлердің айтуынша, ана мен баланың денсаулығы жақсы болған. Оларды перзентханадан шығару үшін отағасы барлық баласын өзімен бірге ала келіпті. «Алтын алқа» иегері тұңғышын 20 жасында босанған. Көпбалалы ана әрқайсысына ай сайын жәрдемақы алады. «Бұл – жас аналарға деген мемлекеттің қолдауы», – дейді Татьяна. 2015 жылы бір жасқа дейінгі бала күтіміне республикалық бюджеттен 37,3 млрд теңге бөлінген.
«Жанұямызға 12-бала қосылды. Өте қуаныштымыз. Әрқайсысын бірдей жақсы көреміз. Бұл соңғысы емес. Сәтін салса, тағы бірнешеуін сүйерміз. Әйел үшін бұдан артық бақыт жоқ», – дейді көпбалалы ана. «Бұған дейін тоғызыншы, оныншы рет босанған әйелдер болды. Бірақ осы жаста 12 бала туу – өте сирек жағдай. Өз тәжірибемде кездестірмеппін. Мүмкін тағы келер. Біз оны күтеміз», – дейді акушер-гинеколог дәрігер Юлия Елькина.
Бала туу көрсеткіші мен адам саны бойынша өзге облыстардан оқ бойы озық оңтүстікте көп балалы аналар көп. Сарыағаш ауданының тұрғыны, 37 жасында 7 баланың анасы атанған Ләззат Жұмабекова отбасының берекелі тірлігіне ұйытқы болып отыр. Баланың үлкені 10-шы сыныпты бітірсе, кішісі 3 жаста. Ләззат – Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Алғабас ауылында дүниеге келген. Өмірлік серігі Берік Қарынбаевпен Шымкент әлеуметтік педагогикалық университетінде танысып, отбасын құрады. Үлкен ұлы Қуанышбек бүгінде Алматы қаласында Б. Момышұлы атындағы әскери мектептің оқушысы. Екінші перзенті Әйгерім – жоғарғы сыныпта. Сабағын жақсы оқитын пысық қыз қосымша каратэ үйірмесіне де қатысады. Кіші қызы Мөлдір – анасының көмекшісі. “Осы қызым маған ұқсап өлең жазады, болашақта ақын боламын деді”, – дейді Ләззат stan.kz сайтына берген сұхбатында. Ал бесіншісі Нұргүл биыл мектеп табалдырығын аттайды. Өзінен кейінгілерді балабақшаға апарып, қамқорлық танытатын да осы Нұргүл. 4 жастағы Серік отбасының көптен күткен маңдайы торсықтай ұлы. Әркез әкесінің қасынан шықпай, қолғабыс болып жүреді. Ал ең кенжелері Алуа жуырда үш жасқа толады. Алуаның өмірге келуі де қызық. Ләззат жетінші баласын көтерер кезде түс көріп, құрсағына тағы да бала бітетінін сезген. «Алтыншы баламды дүниеге әкелген соң, отағасына «қанағат, енді бала тумаймын, денсаулығыма қараймын» дегенмін. Алланың айтқаны болады екен, әрине. Бір күні түс көрдім: балалармен бәріміз дастарқан басында отыр екенбіз. Кенет Елбасы кіріп келіп мойныма «Алтын алқа» тағып, бір-екі ауыз сөз сөйлеп шығып кетті. Таңертең жұбайыма айттым, ол “жақсы ғой, жақсы түс көргенің” деді де қойды. Мен жақында «Күміс алқа» алдым сол шығар түске енгені деп ойладым. Алайда, тағы бір перзентті болам деп ойламаппын. Көп ұзамай аяғым ауыр екенін білгенімде әлгі түстің тегін еместігін есіме түсірдім», – дейді көпбалалы ана. Осылайша Ләззат жетінші перзентін де аман-есен дүниеге әкелді. Алуаны қазір үйде бірінші Алла, сосын Елбасы сыйлаған деп еркелетеді екен. Атасының ерке қызына айналған Алуа да жиі өлең айтып, өнерлі болуға талпынып жүрген көрінеді. Алайда Ләззат алтын құрсақты ана атанып, батырлық жасағанымен, мұны әкімдік тіпті де елемепті. Ләззатқа “Алтын алқасы” үшін ақша беріледі. Алайда мемлекет қаржылық тұрғыдан елемеді деп еш еңсесін түсірген емес. Әр баланың өз несібесі бар деп, тағдырына тәубе айтып, өмір сүріп келеді. «Шүкір тағдырыма ризамын, бақыттымын. Мені шын сүйетін жұбайым бар, Алла берген балалар бар. Осылардың рахатын көрсек деп жүрміз», – дейді Ләззат. Жұбайы автобөлшектер сатумен айналысып, шағын кәсіпкерлігін жандандырып жүр. Ерлі-зайыптылардың жас айырмашылығы 8 жыл болғанына қарамастан, тату-тәтті отбасылардың көшін бастап келеді. Ләззаттың өзі ұстаздық жолды таңдап, осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатыр. Қазіргі таңда директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Төменгі сыныптарға мәдени тәлім тәрбиемен қатар білім бере отырып, түрлі тақырыптарға іс-шаралар жоспарын құрып дайындайды. Аудандық, облыстық деңгейде алған бірнеше марапаты да бар. «Ана атанып, ұрпақ тәрбиелеу менің міндетім болса да, мемлекет тарапынан “Алтын алқа” тағынып, құрметке бөленіп отырғаныма ризамын. Балаларымның әрқайсысы елдің өркендеуіне өз үлесін қосатынына сенімдімін», – дейді алтын құрсақты ана.
Әр отбасы – өзінше бір мемлекет. Он балалы аналардың бірі – Ұлданай Әлімбаева Астана қаласында тұрады. 39 жасында бес қыз, бес ұлдың анасы атанған алтын құрсақты ана барша қазақ әйелдеріне үлгі-өнеге. Балалардың арасында егіздер де, үшемдер де жоқ. Жас аралықтары жақын, үлкен ұлы – 23 жаста, кішілері балабақша жасында. Бірақ Ұлданай қанша бала болса да, қайнататының бір қазан дейді. «Әкесі екеуміз балалармен бірге отырып ертегі оқимыз, тақпақ-өлеңдер, көбейту кестесін жаттатамыз. Демалыс күндері Астананың көрікті жерлеріне бірге қыдырып, демаламыз. Әр жексенбіде қайда баратынымызды көбіне балалардың өздері шешеді», – деп сыр бөлісті ол журналистерге. «Ата-ана алдымен ата-аналық парызды, міндетті түсінгені абзал. Әр баланы дүниеге әкелген соң ең бірінші денсаулығына, білім алуына назар аударып, иманды, ізетті, адал, еңбекқор етіп тәрбиелеуге тиіспіз. Егер ата-ана өз парызын дұрыс орындаса, бала да перзенттік парызын мінсіз орындайды. Балаң сені ұятқа қалдырмасын десең, дұрыс ата-ана бол. Отағасы екеуміздің ұстанымымыз осы», – дейді байыпты ана.
Балалардың жолақысы тегін. Ай сайын көпбалалы анаға берілетін жәрдемақыны алып тұрады. Ал мектепте тегін ыстық тамақ беріледі. Он баланың әкесінің кішігірім құрылыс фирмасы бар. Өзі дәмхана басшысы қызметін атқарады екен. Негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, сондықтан бұл қызметті де қатар алып жүреді. «Меніңше, барлығы әлеуметтік жағдайға кеп тіреледі. Жас отбасыларға «өмірге ұрпақ әкелсеңдерші» десем, баспананың жоқтыған айтады. Олардың екі-үш баламен шектелуі «асырай алмаймыз» деген қорқыныштан деп ойлаймын. Бірақ, одан қорқудың қажеті жоқ, әр баланың өз несібесі бар. Көп бала болса, бірін-бірі жетелеп, қарайласып, тез өседі. Бір төсекте құшақтасып өскен бала мейірімді болады. Егер мемлекет тарапынан жас отбасыларға қолдау көрсетіп, жағдай жасаса, онда көп балалы отбасылар көбейер еді», – дейді ол. Рухани қажеттіліктер жас сәбиге ата-ана мен отбасындағы жылылық шуағы арқылы таралады. Сәбидің тұлғалық ерекшеліктерінің қалыптасуында отбасының, дәлірек айтсақ ата-ананың және бауырларының орны ерекше.
«Қазақ «баланы жастан» дегенді бекер айтпайтын шығар. «Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді». Сондықтан алдыңғы ұл-қыздарды жақсылап тәрбиелесең, соңғылары соларға еліктеп, еріп кетеді деп ойлаймын. Абайдың қара сөзінде: «Әділеттік пен мейірбандық болмаған жерде ақыл мен қайрат та жақсылыққа жекізе алмайды. Мейірімге бөленіп өскен бала айналасына қамқор, бауырмал болады. Кез келген түйткілді ашумен емес, ақылмен шешуге тырысамыз», – дейді Ұлданай.
Шарасыздық дейміз бе?..
Баланы дүниеге әкелу бір бөлек, оны бағып-қағу, тәрбиелеу-жеткізу бір бөлек. Қазіргі кезде бала туу көрсеткішін азайтып отырған жайт осы. Таяуда көп балалы ананың бірі балаларын аштан қатырмақшы болған. Оның әбден ашыққан сәбиі аурухананың жансақтау бөліміне небәрі 3 келі болып түскен. Өз жасында ол екі есеге ауыр болуы тиіс дейді дәрігерлер. Ақмола облыстық балалар ауруханасы дәрігерлерінің айтуынша, қазір науқас баланы күніне 8 рет тамақтандырады екен. Салмағы бес келіден асып, жағдайы да айтарлықтай жақсарып қалыпты. «Нәресте өзін жақсы сезініп жатыр, күлетін болды, салмағы мен бойы да өсті. Негізінен қолдан жасалған ана сүтін ішеді, барлық шығын мемлекеттің есебінен. Ата-анасы балаға ешнәрсе алып келмейді», – дейді аурухана қызметкерлері. Дәрігерлердің айтуынша, сәби туған кезінен ана сүтімен емес, жасанды сүтпен қоректенген. Мемлекет бөлген осынау сүтін отбасындағы өзге балалар ішіп қоя бергендіктен, ол жиі аш қалады екен. Науқас бала үш айлық кезінде де ашқұрсақ болып, ауруханадан бір-ақ шыққан көрінеді. Ол кезде дәрігерлер оны емдеп, қарнын тойғызып, анасымен бірге үйіне жіберген. Енді, араға көп уақыт салмай дәл осындай жағдай тағы қайталанып отыр. Қазір сот қатыгез ананы аналық құқығынан жарты жылға айырған. Осы уақыт аралығында көпбалалы әйел оңалуы тиіс.
Ал күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысында бес баласымен далада қалған Гүлжаһан Байзақованың зары мейірімді жандардың құлағына жетіпті. Гүлжаһан көмек сұрап, жергілікті молдаға барған, молда оны журналистке кезіктірген. Көпбалалы ана бес баласымен бір бөлме жалдап тұрған, өзі базарда тамақ тасыса керек. Күніне 1000-1200 теңге табады, ол балалардың тамағынан да артылмайды екен. Осылайша жалдамалы пәтердің ақысы 100 мың теңгеден асып, нәтижесінде үй қожайыны балалардың куәлігі мен құжаттарын кепілдікке алған. Ақыры журналист Гүлжан Байназарова көпбалалы ананың мұңын көпшіліктің назарына шығарып, қолдан келген көмегін аямапты. Аудандағылар тұрмыстық заттар мен азық-түлік жинап берген, ал Гүлжан көпбалалы ананың атынан есепшот ашып, бүгінде қайырымды жандардың арқасында біршама қаржы жиналыпты. Бүгінде көпбалаға берілетін жәрдемақыға құжаттарды әзірлеуде. Ал балалар былтыр оқыған мектеп төрт балаға мектеп формасы мен қажетті оқу құралдарын сақадай сай еткен. Гүлжаһан балабақшаға жұмысқа орналастырылған, осылайша оның кенже қызы енді балабақшаға баратын болады. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкер көп балалы анаға үй тұрғызып беруге уәде еткен, бірақ әзірге жері жоқ. Көмекке мұқтаж жандардың үнін естіп, қол ұшын созғандар нағыз қайырымды жандар.
Әлеуметтік қолдау қалай жүзеге асады?
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес көп балалы аналардың бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында оқитын балалары бар көп балалы отбасылар, балалары кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олар оқу орнын бітіретін уақытқа дейін әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес «Алтын алқамен» – жеті, «Күміс алқамен» алты бала туған және тәрбиелеген аналар марапатталады. «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапаттау осы ананың алтыншы және жетінші баласы бір жасқа жеткен және қалған балалары тірі болған жағдайда жүргізіледі.
Жәрдемақы тағайындау туралы өтінішті тиісті құжаттарымен қоса тұратын жері бойынша Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың филиалына береді. Оған мына құжаттар тізімі қажет – өтініш, жеке басын куәландыратын құжат, жәрдемақы алу құқығын растайтын құжаттар, әлеуметтік жеке код беру туралы куәлік, азаматтарды тіркеу кітабы. Міне, осы құжаттар негізінде «Алтын» немесе «Күміс алқа» тағайындалады.
Ал арнаулы мемлекеттік жәрдемақы қажетті құжаттармен қоса өтініш берген күннен бастап тағайындалады және ай сайын төленеді. Жәрдемақы мөлшері бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында оқитын балалары бар отбасыларға балалары кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олар оқу орнын бітіретін уақытқа дейін (бірақ әрі дегенде жиырма үш жасқа толғанға дейін) – 3,9 айлық есептік көрсеткіш негізінде белгіленеді. Ал «Алтын алқамен», «Күмiс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелi «Ана даңқы» ордендерiмен марапатталған көп балалы аналарға – 6 айлық есептiк көрсеткiш бойынша жәрдемақы төленеді.