Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 қаңтарда сағат 10.00 шамасында «102» арнасына «Жасөспірімдер үйінің» қызметкерлері хабарласып, сол күні сағат 09.00-де 17 жастағы баланың сыртқа шығып, қайта оралмағаны туралы хабарлайды. Полиция қызметкерлері жасөспірімнің қайда екенін анықтау үшін жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Оның туған-туысқандары, достары мен таныстарының мекен-жайы түгел тексерілді. Сақшылар көшелерді, аулаларды, жалға берілетін пәтерлер мен басқа да қоғамдық орындарды аралады. «Нәтижесінде 18 қаңтарда таңғы сағат 05.00-де жоғалған жасөспірім анасының үйінен табылды. Полицейлер кәмелетке толмаған баланың анасының үйінің маңында кезекшілік ұйымдастырған еді. Тексеру барысында анықталғаны, жасөспірімнің анасы ата-ана құқығынан айырылған, ал әкесі қайтыс болған. «Жасөспірімдер үйінен» рұқсатсыз әрі ешкімге ескертпестен кетіп қалған бала бұл әрекетін «Анамшымды сағындым» деп түсіндірді», – дейді ведомство өкілдері. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері баланы «Жасөспірімдер үйі» КММ заңды өкіліне тапсырды. Олардың айтуынша, бала бұл мекемеден бұрын да бірнеше рет қашқан.
Жүктелуде...