717
Серік Нұрмұратов: "100 жаңа оқулық" жобасы ғылыми ортаға үлкен жаңалық әкелді
Серік Нұрмұратов: "100 жаңа оқулық" жобасы ғылыми ортаға үлкен жаңалық әкелді
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аудармашы мамандар мен ғалымдар, жоғары оқу орны оқытушылары бірлесе отырып, әлемнің 100 оқулығын қазақ тіліне аударды.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі. Аталған жоба аясында бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтарын түрлі тілдерден қазақ тіліне аудару міндеті жүктелді. Бұл жұмыс үкіметтік емес және коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» деп аталатын қоғамдық қордың негізінде ұйымдастырылды.
Аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналып, жалпы саны 800-ден аса оқулық атауы келіп түскен. Соның арасынан бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға cай оқулықтар таңдап алынған. Қазір 100 оқулық толығымен аударылып, басылып, еліміздегі 130 университетке таратылған. Электронды нұсқалары еркін қолданысқа берілген.
Біз «100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған оқулықтар сарапшысы, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты директорының Ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Серік Есентайұлы Нұрмұратовпен аударма саласы мен сапасы туралы әңгімелестік.
Серік Нұрмұратов:
«ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен гуманитарлық саладағы оқулықтар қазақ тіліне аударылып басылды. Бұл жоба біздің ғылыми ортаға, қоғамға үлкен жаңалық әкелді. Ғалымдар қауымы, зиялы орта бұл бастаманы қуана қабылдады. Мемлекеттік тілді ұғымдық, терминдік, мазмұндық тұрғыдан байытып, ғылыми терминологияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге жол ашты.
Әлемдік білімнің, ғылымның интеграциясына қадам жасауымыз керегін жақсы түсіндік. Сондықтан аталған жобаға қойылған талап та жоғары болды.
Өзім бұл жобаны алғашқы кезеңде аударылған 18 оқулықтан бастап жіті қадағалап келемін. Философия, әлеуметтану, экономика, антропология, тарих, өнертану, менеджмент, маркетинг салалары бойынша жақсы еңбектер аударылды. Бірнеше оқулықтың жұмысына сарапшы (рецензент) ретінде қатыстым. Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы», Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін», Реми Хестің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» деп аталатын еңбектерін оқып, бағамды бердім. Сонда байқағаным, бұл кітаптардың біздің дәстүрлі философия оқулықтарынан біршама айырмашылығы бар. Оқулық құрылымы, мазмұны өзгеше. Еркіндік сезіледі. Яғни, бұлар жай ғана таңдап алына салған оқулықтар емес, олар бірнеше рет басылған, толықтырылған, әлемге таралған, дүние жүзінің үздік университеттерінің оқу бағдарламасына енген еңбектер. Ал мұндай зерттеулердің қазақ тіліне аударылуы ғылымға жаңа леп әкелері сөзсіз.
Оқулықтардың басым бөлігі ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударылды. Француз, орыс тілдерінен аударылған бірнеше кітап бар. Негізі түпнұсқадан аудару дегеніміздің өзі үлкен қадам.
Біздің Саясаттану, философия және дінтану институты үш жыл бойы Қазақстанның бірегейлігін қалыптастыру мәселелерін зерттеу бойынша ғылыми бағдарламаны жүзеге асырды. Осы зерттеу аясында «100 жаңа оқулық» жобасының оқулықтары туралы сауалнама жүргіздік, зерттеулер жасадық. Аударма сапасы, оқулықтарды оқу бағдарламсына енгізу, оқулықтардың еліміздің алыс аймақтарына таратылуы туралы сұрақтар қойдық. Сауалнамаға қатысқан мамандар оң бағасын берді. Аудармаға қатысты ұсыныстарын да жіберді. Аударылған оқулықтар басқа стильде, типтік бағдарлама тұрғысынан жазылғандықтан Қазақстанның дәстүрлі оқыту жүйесіне сай оны оқыту-әдістемелік құралдарын шығарғанымыз жөн деген ойымызды да жеткіздік.
Өзім аудару жұмысына қатысқан «Қытай философиясының қысқаша тарихы» деп аталатын еңбекке ерекше тоқталып өткім келеді. Бұл жұмыстың өзіндік ерекшелігі бар. Ежелгі қытай, араб, үнді философиясы біздің жоғары оқу орындарында оқытылады, қазіргі философияның бастауы ретінде түсіндіріледі. Сондықтан, мұндай еңбектерді қазақ тілінде оқыту әрі оның мазмұнын дұрыс жеткізе білу өте маңызды. Аудармашылармен, редакторлармен бірлесе жұмыс істедік, ғылыми редактор ретінде аудармаға біршама түзетулер енгіздім. Себебі әр термин, әр ұғым бірізді болуы керек. Бірізділік деген өте ауқымды мәселе. Мұнда тілді жақсы білетін маман мен сол саланы терең меңгерген редактор бірге жұмыс істегендіктен терминдер мен ұғымдардың бірізділігі барынша қамтылды, ретке келтірілді деп ойлаймын. Тіпті бізде ойшыл, ғалымдардың есімдерін қазақшалауға келгенде де мәселе туындап жатады. Нақты ұғым ретінде орныққан сөздерді, есімдерді солай қалдыруға тырыстық.
Жобаның маған ұнаған бір тұсы оқулықты баспаға өткізбей тұрып, оған сараптама жасалады, оқулық аудармасына қатысқан мамандар бар, университет ғалымдары бар, бәрі бірге талқылау өткізді. Бұл өте дұрыс қадам. Талқылау кезінде ұтымды аударма, терминдер, жақсы ұсыныстар айтылып жатады. Кітаптың бір қайнауы кем болса, кемшіліктерін түзетіп, толықтыру енгізіледі.
Бұл жоба аударма кәсібін дамытуға, ғылыми аударма саласы мамандарының тәжірибе жинақтауына жақсы бастама болды. Қазақтілді студенттердің сапалы білім алуына жол ашты.