Ұстазға құрметтің үлкені – еңбегінің әділ бағаланғаны

Ұстазға құрметтің үлкені – еңбегінің әділ бағаланғаны

Ұстазға құрметтің үлкені – еңбегінің әділ бағаланғаны
ашық дереккөзі
Ұстаздар қауымы ұзақ күткен «Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылданғанына бір жылдан асты. Ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту, мұғалімнің қыз­метіне қойылатын талаптарды күшейту, материалды емес стимул тетіктерін қарастыру және материалдық ын­таландыруды көздеген жаңа заң педагог мәртебесін ай­қындауды басты мақсат етіп қойды. «Осы бағытта ат­қарылып жатқан жұмыстардың реті қалай, мұға­лім­дердің жұмысында не өзгерді, қағазбастылық қан­ша­лықты азайды?» деген сауалдарға сарапшылардан жауап іздеп көрген едік.  width= Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ, Нұр-Сұлтан қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының директоры: Қағазбастылықтың себебі – сауатсыздық – «Педагог мәртебесі туралы» заң­ды қабылдауға алғашқы ұсыныс жа­саушы ретінде көптеген мәселе кө­тердік. Түйе сұрасаң, бие береді де­гендей, ұсыныстардың жартысы қа­былданып, заңмен бекітілді. Қа­был­данған бұл заңда мұғалімдерді ын­таландыру мүмкіндіктері көбі­рек қарастырылған. Мысалы, ғы­лы­ми-педагогикалық бағыт бойынша ма­гистратура бітірген маманға қо­сымша ақы төленеді. Сонымен қа­тар жақында астанада 100-ге жуық мұ­ғалім үй алуға қайтарымсыз мил­лион теңге сертификатқа ие бол­ды. Заң қабылдау барысында ең бас­ты көзделген дүние – білім са­ла­сына сапалы кадр тарту. Кез келген са­лаға мықты мамандар мате­риал­дық жағдай жасалғанда келе бас­тай­ды. Заң аясында мұғалім жала­қы­сының артуы осы мақсатты көз­дейді. Иә, заңның жетілдіретін тұс­тары көп, өйткені керемет бір заң қабылданып кетеді деу мүмкін емес. Ал енді мұғалімдерді бұрынғы­дай қолжаулық қылу, басы артық ша­руаға жұмсау деген мәселеге кел­сек, бұл орайда бір ғана нәрсе айт­қым келеді. «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дегендей, заң түзелді. Ен­ді сол заңмен қорғалатын мұ­ға­лім өзінің құқын қорғай алатын болуы керек. Жалпы, біздің қоғамда үл­кен әлеуметтік психология қа­лып­тасқан. Адамдардың өзін-өзі қор­ғау қабілеті төмен. Қарапайым мем­лекеттік демократиялық мәсе­ле­нің өзін «пәленше неге айт­пай­ды?», «түгенше неге айтпайды?» де­ген көзқарастағы қауымбыз. Мұ­ға­лімнің мәселесін мұғалімнен артық еш­кім айтпайды. Сондықтан мұға­лім өз құқығын біліп, өзін қорғай ала­тындай болуы керек. Консти­ту­циямызда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құ­қықтық және әлеуметтік мемлекет ре­тінде орнықтырады, оның ең қым­бат қазынасы – адам және адам­ның өмірі, құқықтары мен бос­тандықтары», – деп көрсетілген. Біз құқықтық мемлекетке айналу үшін әр адам өзінің және өзгенің құқы­ғын білуі керек. Заңдағы кейбір түйткілдерге бай­­ланысты қиын дүниелер бар. Бұл жалпы мемлекеттік жүйе, үл­кен машина. Аймақтарда облыстық білім басқармасы, аудандық білім бө­лімі, ауылдық жердегі мектептер жер­гілікті әкімшілікке қарайды. Ми­нистрдің тікелей араласа алмай­тын мәселелері бар. Сондықтан заң­ның кейбір баптарының орын­далуы жергілікті әкімшілікке бай­ла­нысты. Мысалы, Астанада қайта­рым­сыз миллион теңге беру облыс­тарда атқарылып жатыр ма, ол екін­ші мәселе. Өйткені жергілікті ор­гандар баптарды орындамауы да мүм­кін. Бізде төменгі жаққа бар­ғанда орындалмай, сұйылып ке­те­тін заңдық нормалар бар. Бұл тек «Педагог мәртебесі туралы» заң­ға емес, өзге де заңдарға байла­ныс­ты. Ал қағазбастылық білім басқар­масының, білім бөлімінің  және мек­теп әкімшілігінің айналасын­да­ғы дүние. Егер білім басқармасы­ның, білім бөлімінің басшылары мен мектеп директоры сауатты бол­са, қағазбастылық болмайды. Біз­дегі  қағазбастылықтың себебі – сауатсыздық. Интернеттен тауып алатын дүниені мұғалімнен есеп ретінде сұрау – басы артық шаруа. Біреудің сауатсыздығы үшін біреу­лер артық жұмыс істеу деген сияқ­ты. Иә, жыл басында қағаз көп. Бірақ ол жылына бір рет жасалатын жос­пар. Одан кейін сол жоспардың ай­наласында ғана жұмыс жасалуы ке­рек. Мен қызмет жолымда әр­түрлі мектепте істеп көрдім, біле­тінім әр мектептегі талап әртүрлі. Бір басшы сенің қағазыңа қарайды, екіншісі сабақ бергеніңе қарайды. Сондықтан кейбір дүниелерді дұрыс іске асыру үшін мектептің және білім басқармаларының бас­қару менеджментін өзгерту керек.  width= Данагүл СМАҚОВА, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының жетекші сарапшысы: Мұғалім мәртебесі қоғам болып білім саласына бет бұрғанда ғана көтеріледі – «Педагог мәртебесі туралы» заң­ның бұрынғы «Білім туралы» заң­да белгіленген VII тараудағы Мұ­ғалім мәртебесі туралы бап­тар­дан ешқандай айырмашылығы, ар­тық­шылығы жоқ деп есептеймін. Мен осы «Педагог мәртебесі туралы» заң­ның қабылдануына үзілді-кесіл­ді қарсы болғанмын. Себебі 2007 жылдан бері жұмыс істемей келген «Білім туралы» заңда көрсетілген бап­тар дәл «Педагог мәртебесі» тура­лы заңда іске қосылатынына се­не қоймаймын. Дегенмен 2019 жыл­ғы тамыз конференциясында Пре­зидент Қ.Тоқаев төрт жыл қата­рынан 25 пайыздан мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңмен екі есе артады деп айтқан болатын. Мен өз басым пайыздық мөлшермен не­месе заң арқылы мұғалімнің мәр­те­бесі көтерілмейді деп ойлаймын. Мұ­ғалімнің мәртебесі қоғам болып білім саласына бет бұрғанда ғана көтеріледі. Бүгінгі мұғалім – орындаушы. Ол оқушы жағынан да, ата-ана жа­ғы­нан да, басшылық жағынан да орын­даушы. Мұғалімнің ең басты міндеті – баланы оқыту, үйрету. Бұл жер­де ең әуелі баланың сұранысын қа­нағаттандыру керек деген мәселе маңызды. Ал біздің мұғалімдер ең әуе­лі жоғары жақтан түсетін нор­ма­тивті құжаттардың талабын орын­­дайды. Бұл оның шығармашы­лығын шектейді. Қандай да болсын үсті-үстіне қабылданып жатқан құ­жат заң түрінде қабылданып жат­­­қаннан кейін бір қолымен «бе­ріп» тұрады да, екінші қолымен «алып» тұратын сияқты. Міне, сон­дық­тан нормативті құжаттармен мұ­ға­лімнің мәртебесі артады, қыз­мет аясы кеңейеді немесе еркіндік береді дегенге өз басым сенбеймін. Мен білетін әдістемені қолдана бі­летін мықты ұстаздар бар, олар ба­ланы қызықтырады, білімге же­телейді, оқуға үйретеді, білімді жай бере салмайды, өз бетінше игеруге бағыттайды. Жаңартылған білім мазмұнының басты қағидасы – ба­ланы оқуға үйрету, дағдыландыру, ын­таландыру  керек деп отырып, мұғалімге «Сен неге пәніңді біл­мей­сің?», «Сен неге баланы оқыта ал­май­сың?» деп талап қояды. Баланы ғы­лымның негізін алғаннан кейін ары қарай өзі алып кететін жағ­дайға жеткізу керек еді, бірақ әр­түрлі шектеулермен мұғалімді қай­­тадан орындаушы қылып қой­дық. Сөйте тұра мұғалімнен сапалы бі­лімді талап етеміз. Сапа төмен­де­се, сен жаман мұғалімсің. Сапа көр­сеткіші төмен болмауы үшін мұ­ғалім балаға, амал жоқ, балл қосады. Өйт­кені мектептің көрсеткіші төмен болмауы керек. Басшылық со­лай тапсырады, мұғалім тағы да орындаушы. Осындай шектеулер мұғалім мәртебесін арттырмайды. Ары тартса да, бері тартса да екі ор­тада шыбын өледі деп, кесірі мұ­ғалімге тиеді. Барлық мұғалімді жақ­сы дей алмаймын, арасында жұ­мысына жауапсыз, селқос қа­райтын, қате жіберетін, мұғалімдер бар. Бірақ сондай мұғалімдер бар екен депп, оларды бақылауда ұстай­мыз деп нормативтік құжаттармен жұмысын, шығармашылық және академиялық еркіндігін шектеу бі­лім саласының сапасын және мұ­ғалімнің мәртебесін арттырмайды.    width= Салтанат БИТАЕВА, Қызылорда облысы Шиелі ауданы №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары: Мұғалімдердің денсаулығын түзеуге мән берілсе – «Мұғалім мәртебесі туралы» қа­былданған заң мұғалімдерге көп артықшылық берді. Ең алдымен, айлық табыстың көбейгені қуант­ты. Әсіресе, жалақысы артқан мұға­лім­нің әлеуметтік жағдайы да жақ­сарады. Одан кейін түрлі біліктілік са­наттарының енгізілуі, жас ма­ман­ға тәлімгерлік жасағаны үшін, білі­мін жоғарылатып магистратура оқы­ғаны үшін, ағылшын тілін мең­геріп, тілдік курстардан өткені үшін, сынып жетекшілігі, дәптер тексергені үшін үстеме төленіп жа­тыр. Яғни мұғалімдердің жалақысы әртүрлі бағытта көбейіп отыр. Сонымен қатар мұғалімдерді қо­ғамдық жұмыстардан алыстату мә­селесінің заңмен шешілгені қуант­ты. Бұрын саяси іс-шараларға қо­ғамдық белсенді қылып жұмысқа тартатын, қазір бұл тиылды. Мұға­лім өзіне тиісті жұмысты ғана ат­қарады. Қағазбастылыққа келсек, бұрын саны бар, сапасы жоқ есеп көп болатын. Қазір №30 бұйрыққа сәй­к­ес педагог жауапты бес құжат­ты ғана талап ете аламыз. Педагогикалық әдеп, педа­гоги­калық мінез-құлық, педагогикалық имидж мәселесі де осы заңға енгі­зілді. Мұғалім сабақта болсын, әлеу­меттік желіде болсын педа­гоги­ка­лық әдепті сақтау керек. Осы үде­ріс­тен шығу үшін педагогке де үл­кен жауапкершілік жүктеледі. Алайда мұғалімдердің мой­нын­да жүктеме көп екенін жасыра ал­маймыз. Қазіргі оқу бағдарламасы өте қиын. Мұғалімдер 2-3 есе артық жұ­мыс істеп жатыр, онлайн және оф­флайн сабақ беру оңай емес. Мы­с­алы, ол оффлайн сабаққа дайын­далу процесі басқаша, барлық бей­несабақтарын, ресурсын дайындау ке­рек. Компьютерді үздіксіз қол­дану көзге, тірек-қимыл жүйесіне кері әсер ететінін тәжірибеден кө­ріп жүрміз. Бұрын кеңестік кезеңде мұғалімдерді 24 күнге санаторияға тегін жібереді екен. Қазір өзім еңбек ететін ұжымда 100-ден астам мұғалім бар. Демалыс орындарына жылына 1-2 жолдама ғана беріледі. 3-4 мың мұғалімі бар ауданға 10 шақты жолдама береді. Оны ауыл мектептеріне шаққанда қайдан жетсін? 9 ай тынбай еңбек ететін мұғалімдердің денсаулығын түзеуге демалыс орындарына жолдама санын арттырса деген тілегіміз бар.