Өзгенің қателігі – зор сабақ

Өзгенің қателігі – зор сабақ

Өзгенің қателігі – зор сабақ
ашық дереккөзі
Өткен 2020 жылды қай жағынан болмасын, бүкіл әлем үшін қиындық пен сынаққа толы болды деп қорытындыладық. Індеттің салдары мен зардабынан бөлек, қаншама мемлекетте шиеленіскен саяси қақтығыс болды, қаншама елдің экономикасы шатқаяқтады. Табиғи апаттар, дінге байланысты шиеленістер де аз болмады. Дерт жайлаған қысылтаяң шақта мұндай оқиғалардың барлығы екі есе ауыр салмақ болғаны анық.  Көршілес қырғыз елінде жаздың аяғында эпи­де­мио­логиялық жағдай жақсара бастады, сөйтіп қырғыз елі­нің бар назары алдағы парламент сайлауына ауысты. 2020 жыл­ғы 5 қазанда сайлаудың алдын ала нәтижелеріне қарсы ми­тинг басталды. Жаппай тәртіпсіздіктер мен Қырғыз Рес­публикасының Үкімет үйіне шабуыл жасау әрекеттерінен кейін Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээн­беков отставкаға кететінін мәлімдеді. Жээнбеков билікке бағынбайтынын және өз азаматтарына қан төгіп, оқ атқан президент ретінде ел тарихында қалғысы келмейтінін атап өтті. Кейіннен қырғыз елі Ресейге қосылады деген мазмұндағы ақпарат тараған болатын. Өткен жылы Беларусь елінде де саяси жағдай айтар­лықтай шиеленісті. Тараптар арасындағы тартыс сайлауалды науқан басталмай-ақ күшейді. Түрлі акциялар ұйымдастырылып, қылмыстық іс қозғалды. Сайлаудың бекітілген нәтижелері бойынша Лукашенко 80,1 пайыз дауыс­пен жеңіске жетті. Бірақ президент сайлауының нәтижесі жа­рияланғаннан кейін Беларусь халқы митингілер мен на­разылық акциясына жинала бастады. Демонстрация полиция мен бейбіт халықтың арасындағы қақтығысқа ұласты. Минс­кідегі ауруханалардан реаниматологтер мен трав­ма­толог­тардың қосымша топтары шақырылды. Медицина мекемелері зардап шеккендердің нақты санын айта алмады. Алайда, Минскіде өткен қаншама күнгі толқу Лукашенконы прези­денттіктен тайдыра алмады. Беларусь халқынан бөлек кейбір мемлекеттер оның өкілеттігін мойындамайтынын мәлімдесе де, ол өзінің басшылық қызметінде қалды. 2020 жылдың басты саяси әрі шиеленісті оқиғаның бірі АҚШ-тағы президентін сайлауы болды. Трамп пен Байден арасындағы тартыс сайлау аяқталған соң да тоқтамады. Сай­лау нәтижесі бойынша Байден жеңіске жеткенімен, Трамп өзінің жеңілісін әлі күнге мойындаған жоқ. Жаңа жылға жаңа үмітпен қадам бастық.  Өткен жыл – енді тарих. Бізде барлығы орнында десек те, өзіңнің ға­на емес, өзгенің де өткенінен сабақ ала білу – болашақ үшін керек. Осы орайда саясаттанушылардың пікірін білген едік.  width= Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: –2020 жыл расымен де ауыр жыл болды. Оның дені жаһан­ды жайлаған пандемиямен байланысты. Тек денсаулық сақтау жағынан ғана емес, үйреншікті өмір тәртібі, эко­номиканың дамуы, әлеуметтік мәселелердің шешімі, ішкі және сыртқы саясат – барлығына да бұл пандемия кері әсерін тигіз­ді. Бұдан Қазақстан да шет қалмады. Ауыртпалығы өз ал­дына, індеттің салдары әлі аяқтала қойған жоқ. Әлі түрлі бол­жамдар айтылып жатыр. Әсіресе, экономиканың қайта қал­пына келуі 2023-2024 жылдарға созылып кетуі мүмкін екені, ғаламдық экономикада құлдырау мәселелері. Эко­номика әлеуметтік мәселелерге, елдің, қоғамның тыныс-тір­шілігіне де өз әсерін тигізетіні түсінікті. 2020 жылдың сал­дары бізге әлі де әсер ететін түрі бар. Оған қоса, биыл әлемде бұған дейін болған, бірақ ше­ші­мін таппаған мәселелер одан әрі ушықты. Түрлі қару­лы қақтығыстар, Таяу Шығыстағы жағдай, Ливиядағы аза­маттық соғыс, Сириядағы 10 жыл бойы толастамай отыр­ған шиеленіске тағы бірқатар кикілжің қосылды. Мысалы, ТМД кеңістігінде Қырғыз Республикасындағы революция, Бе­ларусьтегі көтеріліс, Ресейдің өз ішіндегі, әсіресе Ха­баровсктегі дүрбелең. Ғаламдық тұрғыда ірі державалардың ара­сындағы тайталас, Ресей мен Батыстың, Қытай мен АҚШ-тың – мұның барлығы, әрине әлемдегі саяси-экономикалық тұрақтылыққа кері әсерін тигізіп жатыр. Осы мәселелерді рет­теуші халықаралық ұйымдар қауқарсыздық танытып отыр. Мұның барлығы әрине, барлық әлем елдеріне, оның бір бөл­шегі саналатын Қазақстанға да әсер етпей қоймайды. Әсіресе, геосаяси тұрғыдан өте күрделі әрі қиын аймақта ор­наласқан біздің ел үшін тәуекел өте зор. Осының барлығын біз назарда ұстауымыз керек. 2020 жылы экономикамыздың күре­тамыры саналатын мұнай-газ бағасының күрт төмендеуі эко­номикамызға кері әсер еткені анық. Сарапшылар мұнай-газ бағасының әлі де құлдырай беретінін болжап отыр. Сырт­қы факторларды ғана емес, ішкі мәселелерді де ұмыт­пауы­мыз керек. Саясат дегеніміз – қолда бар мүмкіндіктерді оңтайлы пай­даланудың өнері деп санайтын болсақ, ел билігіне өте ауыр жүк түсіп отыр. Көріп отырғанымыздай, осындай қиын­дықтарға, осындай кесапаттарға тек қана іштей мығым, қуат­ты, ынтымағы жарасқан жоғары дәрежедегі ел ғана төтеп бере алады. Оған мысал ретінде қырғыз еліндегі жағдайды айта аламыз. Қырғыз еліндегі революцияға әсер еткен фак­торлар өте көп, бірақ соның ең негізгісі жемқорлықтан қал­жыраған халықтың ішкі ашу-ызасы болды. Мемлекет пен ха­лықтың арасында түсінбестіктің болуы. Сондықтан бізге өз іші­міздегі бірліктен ажырамау – басты мақсат болуы керек. Мә­селелерді ушықтырмай, бейбіт жолмен шешудің тетіктерін қарастыру керек. Оны енді алда уақыт көрсете жатар. Жауапкершілік тек билікке емес, белгілі бір дәрежеде зиялы қауымға, оппозицияға, қоғамның өзіне де түседі. Себебі бұл – ортақ мүдде, ортақ жауапкершілік.  width= Дос КӨШІМ, саясаттанушы: – Әр уақытта сайлауды әділ өткізуге тырысу керек. Жалпы, сайлаудағы әділетсіздіктер жаға ұстатарлық. Ең қызығы, олар­дың ешқайсысы жауапқа тартылған жоқ. Көптеген дүрбелеңге әділетсіз сайлау қозғау болады. Сондықтан біз үшін әділетті стан­дартқа сай сайлау өткізу – аса маңызды.