Карантин: Түркістанда 180 адам көкпарға жиналған

Карантин: Түркістанда 180 адам көкпарға жиналған

Карантин: Түркістанда 180 адам көкпарға жиналған
ашық дереккөзі
Түркістан облысының полиция қызметкерлері карантин талаптарын елемей, көкпар ұйымдастырған азаматтарды анықтады, – деп хабарлады Polisia.kz. Түркістан облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, азаматтар карантин талаптарын сақтап, медициналық маска тағып, әлеуметтік аралықты сақтауы керек. Өңірдің мобильді топтары тұрақты түрде алдын алу шараларын өткізіп, карантин талаптарының бұзылмауын қадағалауда. Осындай тексерулердің бірінде Төле би ауданының полиция қызметкерлері көкпар тарту жағдайын анықтаған. Тексеру барысында жергілікті тұрғынның Алатау ауылдық округінде 100-ге тарта адамды жинап, көкпар ұйымдастырғаны белгілі болды. Мобильді топтың өкілдері жиналған азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізген, карантин талаптарының бұзылмауы керектігін ескертіп, барлығын үйлеріне тарқатқан. Дәл осындай жағдай Қазығұрт ауданында да тіркелді. Ызабұлақ ауылының тұрғыны жайылым жердің бірінде көкпар ұйымдастырған. Полиция қызметкерлері ол жерде де түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал 80 адамды жинаған азамат жауапкершілікке тартылды. Көкпар ұйымдастырған тұлғалар Әкімшілік кодекстің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша жауапкершілікке тартылды.