Мерейлі жылдың межесі биік

Мерейлі жылдың межесі биік

Мерейлі жылдың межесі биік
ашық дереккөзі
436
Жылдағы дәстүр бойынша га­зе­тіміздің жылашар нө­мірі жаңа жылға жоспар­лан­ған айтулы шара­лар­ға, атаулы күн­дер мен мерейтойларға шолу­дан бас­талады. Сөз жоқ, осы жыл­дың ең басты оқи­ғасы – Тәуелсізді­гі­міз­дің 30 жыл­­дығы. Егемен ел өміріндегі ме­рейлі ме­зетті абыроймен өткізу­дің мән-маңы­зын, жөн-жобасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев апта басында egemen Qazaqstan га­зетінде жарық көр­ген «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» ат­ты ма­қаласында шегелеп берді. Пре­­зидент айтқандай, Тәуел­сіздік құн­ды­­лығы жадына біржола орнығып, мәң­гі сақ­талуы үшін өскелең ұрпақ оның қа­дірін білуі керек. Демек, ата-ба­бамыз аманат еткен азаттықтың 30 жыл­дық бе­лесі той-томалаққа емес, та­ғылым мен танымға арналуы қажет. Егемен елдің мерейлі белесі Сөз жоқ, биылғы басты оқиға – Тәуел­сіз­дігіміздің 30 жылдығы. Тәуел­сіздік – мемлекеттігіміздің ал­тын діңгегі, дер­­­бестігіміздің берік негізі. Тарихы бай, та­мыры терең қазақ елі үшін бұдан асқан қас­терлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қа­зы­наға, ең асыл аманатқа балауы­мыз заң­дылық. Егемен еліміздің өміріндегі кезекті ме­рейлі белес – бар­шамызға ортақ өнегелі өлшем, тағылымды кезең. Жаңа мемлекет құру­ға атсалысқан қазақтың ардақ­ты ұл-қыз­дарының, бүкіл хал­қы­мыз­дың ерен ең­бегінің тарихи ше­жіресі. Сондықтан Мем­лекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев өт­кен жылдың қазан айында өткен Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңесінің төртінші оты­ры­сын­да 2021 жылды «Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығы» деп жариялады. Алайда Пре­зидент қазіргі күрделі кезең той тойлайтын уақыт емес екенінде айтты. «Келесі жыл – Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дығы, ол экономикалық жә­не саяси рефор­малар, цифр­лан­дыру, адам құқығын қор­ғау, ден­сау­лық сақтау және білім беруді да­мыту, экологияны қорғау белгісімен өтуі тиіс. Қазір осы маңыз­ды тарихи күнге орай көп­те­ген салтанатты іс-шара өткізетін уақыт емес, істі ұзақ уақытқа қал­дыр­май, біз ең қыс­­қа мерзімде нақ­ты нәтижелерге қол жеткізуге мін­деттіміз», – деді Мемлекет бас­шысы. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өт­кен­дей, Тәуелсіздіктің алғашқы он­жылдығы егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі бол­ды. Екінші онжылдықта еліміз тұ­ғырын нықтап, керегесін кеңей­тіп, іргесін бекітті. Үшінші он­жыл­дықта мемлекетіміз шын мәнінде, ке­меліне келіп, әлемдік саясаттың тө­ріне озды. Алдағы төртінші он­жылдықта Қазақстан жаңа мақсат-мін­деттерге ұмтылып, жаңа белес­тер­ді бағындыруға барын салуы қа­жет. «Жаңғырудың жан-жақты бол­ғаны жөн. Бүкіл халқымыз заман ағы­мына ілесе білуі тиіс.  Өзгеріс­тер­ге бейімделе алатын жұрт қана уа­қыт тынысын дөп басады. Біз бі­лімді әрі білікті, ұқыпты және жауап­ты, іскер де еңбекқор жұрт болуымыз қажет. Бұл ұлы Абай айт­қандай, «толық адамның» айқын кө­рінісі», –  деп Президент бағыты­мыз­ды айқындап та берді. Өзгер­месек болмайды. Қатерлі вирус осал тұсы­мыздың бәрін көрсетіп берді. Мінімізді түзейтін, өзгеретін, түлеп салатын кез жетті. Халық санағы – онжылдық таразысы Үш күннен кейін өтетін Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сай­­лауы да биылғы негізгі оқи­ға­лар­дың бірі екені даусыз. Алдағы 5 жылда елдегі елеулі өзгерістер мен тұ­ғырлы реформаларға 10 қаңтарда сай­ланатын халық қалаулылары бас­тамашы болатынын ескерсек, мем­лекет ертеңіне жауап­керші­лік­пен қарап, дұрыс таңдау жасаудың маңы­зы зор. Бұл сайлау соңғы он алты жыл­да алғаш рет Конституцияда бе­кі­тіл­ген мерзімде – депутаттардың құ­зыреті аяқталатын уақыттан екі ай бұрын өткізілгелі отыр. Саяси до­даға бес партия қатысады: «Nur Otan», «Ақ жол», «Ауыл», Adal және Қазақстан Ха­­лық партиясы. Партиялардың үгіт-насихаты 9 қаңтарда түнгі са­ғат 00:00-де тоқтатылады. Ал 10 қаң­тарда таңғы сағат 7:00-де дауыс беру басталады. Әрбір партия өз үміткерлерінің ті­зімін тіркеді. Заңға сәйкес, онда әйел­дер мен жастардың 30 про­цент­тік квотасы ескерілуі шарт, яғ­ни, партиялық тізімде әйелдер мен жастардың нақты үлесі сақ­талуы қажет.  Мәжіліске 107 депутат өтеді. Оның тоғызы – Қазақстан хал­қы ассамблеясының өкілдері. 10 қаңтарда Мәжіліс пен мәслихат де­путаттары партиялық тізіммен сай­ланса, 11 қаңтарда Ассамблея мү­­­шелері өз үміткерлеріне дауыс береді. Ал облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарға барлығы 3 276 депутат сайланады. Олар да  партиялық тізіммен өтеді. 2021 жылы өтетін тағы бір маңыз­ды шара – ұлттық халық с­а­­на­ғы. 2019 жылы жүргізілуі тиіс бол­­ған санақ ұйымдастырушылық мә­­селелерге байланысты 2020 жыл­ғы ақпан-наурыз айларына ауыс­ты­рыл­ған болатын. Алайда коро­на­ви­рус пандемиясына байланысты ха­лық санағы тағы да шегеріліп, биыл­ғы қазанға белгіленді. Бұл нау­қанға бюджеттен 8,2 миллиард тең­ге жұмсалады деген ақпарат та­ратылған еді. Оған санақ жүргізе­тін­дердің жалақысы, планшеттер және тағы басқа шығындар кіреді. Қазақстанда ұлттық халық са­нағы он жылда бір рет өткізіледі. Соң­ғы рет 2009 жылы өткен са­нақ­та елімізде 16 миллион адам болды. Ол 1999 жылғы санақпен салыс­тыр­ғанда 1 миллионға артық. Ұлт мақтаныштарының мерейтойы Биыл 1836-38 жылдары Батыс Қа­­­­зақстанда болған халық кө­тері­лі­­­сінің саяси көсемі, қайсар қол­бас­шы­сы Исатай Тайманұлының ту­ғанына 230 жыл толады. Кіші жүз­дің беріш руынан шыққан батыр – Жоңғар шапқыншылығы кезінде ата­ғы шыққан Ағатай батырдың ұрпа­ғы. XIX ғасырдың 30-жылдары әр­түрлі алым-салықтан күйзелген, жайы­лым жерден айырылған ха­лықты көтеріліске шығып, әді­лет­сіздікпен күресуге үндеген Исатай Тай­манұлы еңсесі езілген қазақтың ру­хын көтеріп, намысын қайрады. Ер­жүрек қолбасшы 1838 жылы Ақ­бұлақ өзенінің жағасындағы кес­кілескен шайқаста қаза тапты. Сондай-ақ 2021 жылы елімізде қа­зақтың аса көрнекті ағартушы-пе­дагогы, жазушы, этнограф, фо­льк­лоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы атап өті­леді. «Кел, балалар, оқылық!» деп қа­зақ бүлдіршіндерін білім алуға ша­қырған ұлағатты ұстаздың «Қа­зақ хрестоматиясы» оқулығы ұр­пақтың игілігіне айналды. Ыбырай Алтынсарин қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөліп, 1887 жы­лы Ырғызда қыздар мектебін ұйым­дастырды. Қаламгердің «Қарға мен түл­кі», «Әй, достарым», «Әй, жігіт­тер», «Өзен» өлеңдері мен «Асыл шөп», «Ақымақ дос», «Бір уыс мақта», «Біл­геннің пайдасы», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Жаман жол­дас», «Жамандыққа жақсылық» се­кіл­ді әңгімелері әлі күнге дейін өзек­тілігін, ұрпақ тәрбиесіндегі  құн­дылығын жоймай келеді. 2021 жылды мерейтойларға то­лы жыл деуге толық негіз бар. Биыл қа­зақтың дүлдүл ақыны, КСРО мем­ле­кеттік сыйлығының лауреаты Жам­был Жабаевтың 175 жылдығын, көр­некті қоғам және мемлекет қай­раткері, Алаш қозғалысының һәм Алашорда үкіметінің жетекшісі, ғұла­ма ғалым, публицист  Әлихан Бө­кейханның 155 жылдығын, хал­қы­мыздың даңқты палуаны Қа­жымұқан Мұңайтпасовтың 150 жыл­дығын, Алаш зиялысы, қайрат­кер, Алашорда үкіметінің мүшесі, заң­гер, қазақтың тұңғыш құқық ма­гистрі Жақып Ақбаевтың 145 жыл­дығын лайықты атап өту мін­деті тұр. Ұлылар  ұлықталар жыл Қазақ мәдениеті мен өнерінің өр­­леуіне өлшеусіз үлес қосқан бір­қатар қайраткерлердің де мерей­тойы сиыр жылына дөп түсіп тұр. Биыл ұлттық театр өнерінің және қа­зақ кинематографиясының да­муына еңбегі сіңген белгілі ре­жис­сер, актер Серке Қожамқұловтың туғанына 125 жыл толады. Ол 1896 жылы 5 мамырда Қостанай облысы Қарабалық ауданына қарасты он үшінші ауылда дүниеге келген. Тройцк қаласындағы медреседе білім алған Серке Қожамқұлов кейін Азамат соғысы кезінде Әліби Жан­гелдиннің партизандық отря­дында болады. Орынбор қа­ласында білім алуды жөн көрген ол 1923 жы­лы оқуын бітіріп, Қостанай қала­сында сот тергеушісі болып жұмыс­қа орналасады. Онда әртістік қабі­летімен танылып, 1925 жылы тұң­ғыш Қазақ театрына режиссерлік қызметке жіберіледі. Серке Қожам­құлов Мұхтар Әуезов атындағы Қа­зақ ұлттық академиялық драма театрының іргетасын қалаушылар­дың бірі болды. Театрда режиссерлік етіп қана қоймай, сахнада Мырқым­бай, Қоңқай, Көбікті, Қарабай, Ес­пем­бет сияқты образдарды сом­да­ды. Сондай-ақ «Амангелді», «Ақ рау­­­шан» фильмдерінде, Шәкен Ай­ма­новтың  «Алдар көсе», «Біздің сүйік­­ті дәрігер» музыкалық коме­дия­­сында басты рөлдерде ойнады. 2021 жылы ұлттық музыка өне­рін­дегі елеулі есімдердің бірі, әйгілі ком­позитор, дирижер Ахмет Жұ­ба­нов­тың 115 жылдығы атап өтілмек. Ах­мет Қуанұлы қазақтың музы­ка­лық мәдениетін зерттеп тануда, жорып түсіндіруде және жүйелеп насихаттауда жаңа сапалы биіктен көрініп, кезеңдік мәні бар қажыр-қайрат көрсеткен тұлға. Өз кезіндегі му­зыкалық білім сатыларының бәрі­нен өткен кемел білім иесі, оған қоса Тәңірі тал бойына ғажайып қа­білет пен ұлтжандылық сезімін да­рытқан А.Жұбанов 1933 жылы Ал­маты музыкалық драма учи­лище­сіне ұстаздық қызметке келеді. Осы кез­ден бастап өмірінің соңғы күн­деріне дейін ол қазақтың му­зы­ка­лық мәдениеті деген жалпылама ұғымды ұлт болмысындағы нақты ка­тегориялық мәні бар рухани құ­былысқа айналдыру үшін тыным таппастан еңбек етті. Алғашқы му­зы­калық әліппе, қазақ музыкасын зерт­тейтін ғылыми кабинет, музы­калық сынақ шеберханасы, Ғылым ака­демиясындағы өнертану сек­торы, М.Әуезов атындағы Әдебиет жө­не өнер институтының музыка бө­лімі, Қазақтың халық аспаптары ор­кестрі, Қазақтың мемлекеттік фи­­лармониясы, Қазақ консер­ва­тория­сы, ондағы халық аспаптары ка­федрасы, Қазақтың музыкалық теат­ры, қазақ музыкасы туралы оқу құрал­дары – міне, осының бәрінің ұйт­қысы А.Жұбанов болды. Мұның сыр­тында дирижерлік, ұстаздық, ғы­лыми-зерттеушілік, қоғамдық, әсі­ресе шығармашылық жұмыс­та­рының өзі сала-сала болып, өне­гелі, өмірлі арналарға ұласты. Биыл белгілі композитор, педа­гог, Қазақ КСР-інің халық әртісі, Қа­зақ КСР Мемлекеттік сый­лы­ғы­ның лауреаты, қазақ халық му­зыка­сын жинаушы Латиф Хамидің туға­нына да 115 жыл толады. Латиф Ха­миди Қазақ халық аспаптар ор­кестрінің дирижері болды, П.Чай­ковс­кий атындағы музыкалық учи­лищеде, Қазақ консерватория­сын­да ұстаздық етті. Компози­тор­дың Ұлы Отан соғысы жылдары жа­зған «Аттаныңдар майданға», «8-гвардия дивизиясының әні», «Батыр қыз», «Нүркен» әндері тың­дарманын қаһармандық сезімге бөледі. Ол қазақ музыкасына тұң­ғыш вальс жанрын енгізіп, «Қазақ вальсі», «Бұлбұл» әндерін шығарған. Сондай-ақ оның әсем әуенімен ерек­шеленетін вальстері, хорлары, сим­фониялық оркестр, халық аспап­тар оркестрі үшін камералық-ас­паптық шығармалары, қойылым­дар мен кинофильмдерге арналған туын­дылары өміршеңдігін дәлел­деді. Композитор қазақтың опера өнерін өркендетуге де үлкен үлес қо­сып, «Абай», «Төлеген Тоқтаров», «Жам­был» операларын, «Жамбыл мен Айкүміс» музыкалық пьесасын, «Балбұлақ» опереттасын жазды. 115 жылдық мерейтойы атап өті­летін қазақтың тағы бір мақ­та­ны­шы – ақын, Қазақстанның халық жазу­шысы Мәриям Хәкімжанова. Қа­ламгер 1906 жылы 16 қарашада Қос­танай облысы Қостанай ауданы Қо­быланды ауылында туған. Алғаш­қы өлеңдері 1929 жылы «Әйелдер тең­дігі» журналында жарық көрді. «Жеңе­шем өлеңдері»  деген алғашқы жи­нағы 1935 жылы басылып шық­ты. Кеңес Одағының батыры Мән­шүк Мәметов жайлы жазған «Мән­шүк» поэмасы 1945 жылы қазақ ті­лінде, 1947 жылы орыс тілінде жа­рық көрді. Ақын 1995 жылы Ал­маты қаласында дүниеден өтті. Қазақ поэзиясының аса көр­нек­ті өкілі, халқымыздың дауылпаз ақы­ны, көркем әдебиеттің дамуына өл­шеусіз үлес қосқан біртуар дарын Қа­сым Аманжоловтың  110 жылдық мерейтойына арналған шаралар да әдебиет өкілдерінен, жырсүйер қауым­­­нан зор жауапкершілік талап ете­ді. «Өзге емес, өзім айтам өз жайым­­да» деп жырлаған ақын өмір­ден ерте кеткенмен, болашақ ұрпақ­қа мол мұра қалдырды. Бейбіт өмір­ді, қан майданды, туған жер мен ата-ананы, достық пен ма­хаб­бат­ты, табиғатты биік парасат­ты­лықпен, шынайы сезіммен, зор тебіреніспен жырлады. Ақынның шы­ғармашылық мұрасын 7-8 поэ­масы мен алуан тақырыптағы ли­ри­калары құрайды. Қаламгердің шын­шыл да терең сырлы, дауылды поэ­зиясы әр буын оқырмандарының ықы­ласын жаулап, қай кезеңде де өзек­тілігімен, өміршеңдігімен тамсандырып келеді. Қасым Аманжолов – көркем ау­дар­ма өнерінің де шебері. Ол орыс, Батыс және Шығыс поэ­зия­сы­ның классикалық туындыларын – лирикалық өлеңдер мен поэма-дас­тандарын қазақ тіліне зор ша­быт­пен аударды. Тағылымға толы ғасырлық тойлар Сиыр жылы ғасырлық мерей­той­лар легімен есте қалғалы тұр. Осы­дан дәл 100 жыл бұрын Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген өнер қай­рат­кері, композитор Қапан Мусин дүниеге келген. Қапан Әубәкірұлы 1943-1953 жылдар аралығында Құр­­ман­ғазы атындағы қазақ ұлт­тық аспаптар оркестрінің дирижері бол­ды. 1960 жылдарға дейін Алматы кон­серватиясында ұстаздық қызмет ат­қарған. Композитор халық аспап­тары оркестріне поэмалар, сим­фо­ния­лық оркестрге арналған үш сим­фония және атақты «Жайлауда»  ат­ты симфониялық поэмасын, «Ха­лық бақыты үшін», «Мереке» поэ­ма­ларын жазды. Өнер қайраткері 1970 жылғы 21 сәуір­де Алматы қаласында қайтыс бол­ды. Биыл қоғам қайраткері, белгілі заң­гер, ғалым Салық Зимановтың ту­ғанына 100 жыл. Ол 1990-1995 жыл­дары Қазақстан Республикасы Жо­ғарғы кеңесіне халық депутаты болып сайланған. Жоғарғы кеңес тө­ралқасының, сыртқы қарым-қа­тынастар мен парламентаралық бай­ланыстар комитетінің мүшесі, ар­дагерлер мен мүгедектер жө­нін­дегі комитет төрағасы болды. Заңгер ре­тінде тәуелсіздік алған Қазақ­стан­ның халықаралық қарым-қаты­насын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, пре­зиденттік басқару институтын ен­гізу, құқықтық-демократиялық ре­формаларды жүргізу ісіне ара­ласқан. Сонымен қатар  биыл «Ақиқат» журналының шыққанына 100 жыл тол­мақ.  Ұлттық қоғамдық-саяси жур­­нал ең алғаш 1921 жылы 15 қыр­күйекте «Қызыл Қазақстан» деген атаумен Орынборда жарық көр­ген еді. 1925 жылы шілдеден бас­тап 1929 жылдың соңына дейін «Қы­зыл Қазақстан – Красный Ка­захстан», 1930-31 жылдары Алма­ты­да «Қазақстан большевигі – Бо­ль­шевик Казахстана», 1932-38 жыл­дары «Ауыл коммунисі», 1938-41 жыл­дары «Коммунист», 1952-57 жыл­дары «Қазақстан коммунисі – Ком­мунист Казахстана», 1958-91 жыл­дары «Қазақстан коммунисі» де­ген атпен шығып отырды. 1991 жылдан бастап басылым «Ақиқат» журналы деген атауға ие. «Жас Алаш» газетінің алғашқы са­ны да осыдан 100 жыл бұрын жа­рық көрген болатын. 1921 жылы 22 наурызда Ташкентте шыққан ба­сы­лымның ұйымдастырушысы әрі бас редакторы Ғани Мұратбаев болды. Ал газеттің жауапты хатшысы Ілияс Жан­сүгіров болған. Газет әр жыл­дары түрлі атпен шығып тұрды, оған сол кездегі қаржы тапшылығы се­беп. Басылым 1927 жылғы 22 қыр­күйектен «Лениншіл жас» деген ат­пен шыға бастады. Газетте Ахмет Байтұрсынұлы, Бейім­бет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов және Жүсіпбек Ай­мауытов, Смағұл Сәдуақасов секілді белді қалам­гер­лер­дің мақалалары жарияланып тұр­ды. Қазақстан өз алдына тәуелсіз мем­­ле­кет болғаннан кейін басы­лым­ға «Жас Алаш» атауы қайтарылды. Қысқа қайырсақ, сиыр жылы – ел­дің ертеңі үшін мән-маңызы зор ша­раларға, тарихымыз ұлықталып, ру­хани байлығымыз түгенделер тағылымды мерейтойларға толы жыл. Өткенге құрметіміз, болашаққа де­ген жауапкершілігіміз сыналар уа­қытты даңғаза мен даурықпаға емес, даму мен тануға жұмсасақ игі.

Серіктес жаңалықтары