Шымкентте жер астынан мұражай бой көтерді

Шымкентте жер астынан мұражай бой көтерді

Шымкентте жер астынан мұражай бой көтерді
ашық дереккөзі
875

ОҚО тұрғыны Кендебай Қарабдалов жер астынан этномұражай ашты. Бұл туралы nur.kz хабарлады. Ғибадатханасы бар этномұражай жеті метр тереңдікте орналасқан.

iFa0IBVLZ4ldOJWzZQtvr3NC

Кендебай Қарабдалов халықтың қыш құмыра жасау дәстүрін жаңғырту үшін отыз жылын сарп еткен. Ал жер қазуға тоғыз ай уақытын арнап, бейнетті еңбек етіпті.

Он жеті музыкалық аспапта ойнайтын өнерпаз Шымкентке 1996 жылы Отырар ауданынан көшіп келген. Тиісті құжаттарын дайындап, 8 жыл бұрын этномұражай ашуға бел шеше кірісіпті.

Мұражайдан Кендебай ағаның қолынан шыққан әртүрлі бұйымдарды тамашалауға болады. К.Қарабдалов Отырартөбе қалашығында, басқа да жерлерде археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан кезінде табылған ерекше жәдiгерлерге де төрден орын берген.

uhgrM5Nx6cNDyzxnUfSCgSco“Қағаз жоғалып немесе сарғайып кетеді. Алтын да ерiтiлiп, өзгереді. Ал көзедегi бедерлер өшпейдi. Ешуақытта. Көнеден жеткен осы ерекшелiктi өз жұмысыма пайдаланамын”, – дейді қолөнерші.

Кендебай аға үйiнiң алдына саз илейтiн, одан балшық күйiндегi қалыпта әзiрленген құмыраларды, сырнайды отқа күйдiретiн жерошақ орнатып, кешендi шеберхана ашып қойған.  Яғни мұражайға келген қонақтарға әр бұйымның, сазсырнайдың, құмыраның қалай жасалатынын көрсетіп береді. Қызығушылық танытқандарға үйретуден де қашпайды.

Зер салып қараған адам мұражайдың сырты жауын-шашыннан мүжiлгенін аңғарады. Мұны ескі заманның көрінісін көз алдыңызға алып келу үшін әдейі осылай жасаған екен. Ғаламтор арқылы этномұражай жайлы деректерге қанығып, Америкадан, Франциядан, Жапониядан, т.б. әлемнің әр елінен келіп жатқандар бар көрінеді. Алайда өз елімізден қызығушылық танытушылар некен-саяқ екен. Шымкенттегі бірлі-жарым мектептің оқушылары барып, көріп қайтқаны болмаса, бұл мұражайдың іздеушілер көп емес.

Кендебай Қарабдалов Мәдениет және спорт министрлiгiмен тығыз байланыста. Бұл өңір Ұлы Жiбек жолы бойында орналасқандықтан, 2009 жылы мұражай ЮНЕСКО бекiткен халықаралық бағыттардың бiрнеше бағдарламасына енгізіліпті.Сондай-ақ, “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша “Республика мәртебесi” атты деректi фильм түсiрiліп, бұл хабар бүкiл әлемге үш тiлде таратылған.

“Егер мемлекет тарапынан қаржы бөлінсе, бұл мұражайдың мүмкіндігін, қазақ этнографиясының мүмкіндігін бұдан да жоғары деңгейге көтерер едім. Бірақ өкінішке қарай, бізде этнографияға көп басшылар назар аудара бермейді. Өйткені бәрі жоғарыдан бұйрық күтеді. Ал бұйрық бермесе істемейді. Ағаштың тамыры басында болмайды ғой. Жерде болады, тереңнен бастау алады. Тамыр деген сөз – тарих. Ата бабаның тарихын, дәстүрін, мәдениетін тірілтуге, мемлекет аямай қаржы бөлсе, далаға кетпейді”, – дейді қолөнерші.

Ол барлық жиған-тергендерімен, тәжірибесімен жас ұрпақпен бөлісу үшін кітап шығармақ ниетте. Сондай-ақ ЕХPO-2017 көрмесіне қызу дайындыққа кіріскен.

Серіктес жаңалықтары