Ағза сату шарасыз жандар жүгінер соңғы амал ма?

Ағза сату шарасыз жандар жүгінер соңғы амал ма?

Ағза сату шарасыз жандар жүгінер соңғы амал ма?
ашық дереккөзі
817
  Азаматтардың дағдарыс пен нарықтық заманды желеу етіп, қолындағының бәрін саудаға салатынына етіміз үйреніп кеткелі қашан. Тіпті, өзінің ағзасын жарнамалап, сатуға дейін барғандар да табылуда. Алланың аманаттап бергенін ақшаға сатудың заңға қайшы әрекет екені ескертілсе де, «ағза саудасының» тоқтайтын түрі байқалмайды. Ал ағзасын саудаға салғандардың бәрі «қаржылық қиындықтан осындай қадамға бардық» деп ақталады. Бұл қаншалықты шындық? «Ағза саудасын» тоқтату құзырлы орындардың қолынан келе ме?

Ақшаға ауру сатып алғыңыз келсе...

Елімізде адам ағзасын саудаға салу қылмыстық іс-әрекетке жатады. Дене мүшелерін жасырын сататын жандар заңмен жазаланады екен. ҚР Қылмыстық кодексінің 113-бабы бойынша, мұндай заңсыз әрекетпен айналысқан азамат 7-ден 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Алайда хабарландыру негізінде және өз еркімен ағза мүшесін сатамын деген азаматтарды полиция қызметкерлері қандай да бір жауапкершілікке тарта алмайды. Ол үшін шағым түсуі тиіс екен. Заңның осы бір осал тұсы қарыздан құтылу үшін ағза мүшесін сатуды ойлағандарға тосқауыл бола алмай отырған тәрізді. Қазіргі уақытта қарызға батқандар жұмыс емес, ағзасын сатып алатын реципиент іздейді. Олардың арасында кәмелеттік жасқа енді ғана жеткендер де бар. Көбіне 28-40 жас аралығындағы бала-шағалы азаматтар. Ал Қылмыстық кодекстің 315-ба­бын­да ауыстырып салу үшін адам мәйітінің ағзаларын не тіндерін заңсыз алу, оны саудаға салу әрекеті үш жылға дейін бас бостандығынан айрылу жазасына ұшырататыны көрсетілген. Осындай әрекеттерді тірі адамға қатысты жасаушы Қылмыстық кодекстің 116-бабында көрсетілгендей бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айрылады. Дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі адамға, кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты, жәбірленушінің материалдық не өзгедей тәуелділігін пайдаланып, жауаптылықты ауырлататын және басқа жағдайларда жасалған осындай әрекеттер үшін бас бостандығынан айыру жазасы бес жылдан он жылға дейін артады. Жәбірленушінің өліміне соқтырған қылмыстық іс-қимыл иелері бостан­ды­ғынан сегіз жылдан он екі жылға дейін­гі мерзімге айрылады. Десек те, қазір өз ағзасын сау­даға салып, заңға қайшы әре­кет­­ке баратындардың қатары әлі де азаймай тұр. Ғаламторда өз ағзасының сатылатындығы тура­лы жарнама беретіндер жиі кез­де­седі. Сатылымға шығарылатын мүше­лердің басым бөлігі – бауыр және бүйрек. Ал бұл ағзалардың белгіленген құны 30 мыңнан 100 мың АҚШ долларына дейін жетеді екен. Дәрігерлердің айтуынша, сұранысқа ие мүшелер де осы бауыр мен бүйрек. Ақша үшін ағзасын сату әрекетін ешкім де ақтай алмайды. Дене мүшесін саудаға салып, қалтасын қампайтпақ болғандардың қатарында алданып, сан соғып қалып жатқандар да кездеседі. Өткен жылдың соңында банктегі несиесінен құтылу үшін 4 миллион теңгеге бір бүйрегін кесіп берген 40 жастағы азамат алданып қалған. Алайда операция біткен соң олар донорға бір тиын да бермей, үйіне ақша сұрап барған азаматты тепкілеп қуып шыққан. Қарызға белшеден батып, ақшадан қатты қысылған соң бір бүйректі сатудан басқа амалы қалмапты. Сөйтіп, Жанатқа көп ұзамай донор болуға ұсыныс түседі. Астанадан жыларман болып хабарласқан әйел қызымды құтқар деп өтініпті. Ақшасын да қолма-қол санап беруге уәде еткен. Бірақ жасөспірім қызын ажалдан құтқарып, бүйрегін бөліп берген жігіт ағасына ерлі-зайыптылар бір тиын да татырмай алдап соққан. Бір бүйрегінен айрылып, ақшасыз далада қалған жігіт ақыры полицейлерге шағымданған. Ал алданған азаматтың өзі дағдарыс орталығынан пана тапты.

Донор тапшылығы әлі де сезіледі

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімі бойынша, әлемде донор болу үшін екі заң бойынша рұқсат беріледі және ол екі түрлі әдіспен жүзеге асырылады. Оның алғашқысы – келісім презумпциясы болса, екіншісі – келісімсіз презумпция. Келісім презумпциясы донордың өзінің келісімін алу арқылы, ал келесі әдіс қайтыс болған адамның туыстарының келісімінсіз донор ретінде пайдаланады. Алғаш­қы әдісті Испания, Австрия, бель­гия­лық дәрігерлер қолданса, АҚШ, Ұлыбритания, Голландия меди­цинасында екінші әдіс қолданылады. Жуырда ғана Ақтөбе облыстық ауру­ханасында трансплантация жасалды. Баласы бауырының 70 пайызын әкесіне беріп, оны өлімнен арашалап қалған. 2003 жылдан бастап бауыр циррозымен ауыратын науқастың бауырының 20 пайызы ғана жұмыс жасап тұрған. Жағдайының өте қиын болғанына қарамастан, ол балаларының донор болғанын қалаған жоқ. Дегенмен науқастың 26 жастағы ұлы донор болып, әкесінің өмірін кемінде 15 жылға ұзартты. Айта кетейік, бауыр алмастыру трансплантациясын Сеул университетінен келген Кван Вунг Ли мен қазақстандық профессор Жақсылық Досқалиев жасаған. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша бауыр трансплантациясына мұқтаж 500-ден асатын науқас бар. Донор таба алмай жүрген адамдар көп. Бұл Ақтөбеде үшінші рет жасалып тұрған бауыр трансплантациясы. Жыл басынан бері облыста үш рет бауыр, 10 рет бүйрек алмастырылған. Мұндай ағза алмастыру оталарының көп­шілігі азаматтардың донор болу­ға келісім беруі арқылы жүзеге асы­рылады. Мемлекет тарапынан донорлықты да­мыту үшін барлық жағдай жасалғанымен, донор тапшылығы әлі де қолбайлау болуда. Қазір елімізде медицина мамандарын шет мемлекеттерде оқыту, олардың әлем дәрігерлерімен тәжірибе алмасуы басты назарға алынған. Клиникалық орта­лықтарда қажетті құрал-жаб­дық­тар да бар. Бірақ халық донор болу арқылы қаншама жанның өмірін сақтап қалуға болатынын әлі де ұғына алмай келеді. Донордың тапшылығынан айлар, тіпті жылдар бойы ауруханада жасанды аппаратпен өмір сүріп жатқан науқастар да бар. Қазақ қоғамы ағза алмастыруға әлі үйренісе қойған жоқ. Оларды ең алдымен, қайтыс болған адамның ағзасын пайдалануға діннің қалай қарайтындығы ойландырады. Жалпы, қайтыс болған адамның бір мүшесін алып тастап жерлеуге ешқандай дінде келісім бермейді. Исламда да сондай. «Маида» сүресінде «кімде-кім жазықсыз адам өлтірсе, бүкіл адамды өлтіргенмен тең. Ал бір адамды өлімнен құтқарса, бүкіл адамды құтқарғанмен тең» делінген. Сол себепті адамды ажалдан құтқару үшін өз ағзасын науқас жанға беруіне болады. Бірақ өз ағзасы үшін ақы сұрамауы тиіс. Өйткені адамның ағзасы дүкенде сатылатын тауар емес дегенді айтады діндарлар. Алайда қажетті ағзаны өлім аузында жатқан адамнан алуға болмайды. Егер Қазақстанда қайтыс болған адамның ағзасын алу мәселесі дамитын болса, кезекте тұрған науқастар саны 50 пайызға дейін кемитін еді. Сонымен қатар, ағзалардың саудасына да тосқауыл болады. Медицинаның жетістігін пайдаланып, өз мүшесін сатуға болатынын түсінген жандарға тыйым салу қажет. Оның орнына халық арасында мәйіт донорлығы туралы пікір қалыптастырған жөн. Мәйіт донорлығын арттырмасақ, қазір трансплантацияны дамыту мүмкін емес дейді мамандар. Осыған қатысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, халыққа кеңінен түсіндіру керек. Америка Құрама Штаттарында барлық адам ерікті түрде донор бола алады. Ал заң дәрігерлерден донорға трансплантациялық ота туралы толық мағлұмат беруді талап етеді. Реципиенттер саны жыл сайын 4 мыңға дейін жетеді. Мұндай көп науқастың кезекте ұзақ тұруына органдардың жетіспеушілігі әсер етеді. Айта кетейік, донор ретінде қайтыс болған адамдардың ағзасын да пайдалануға болады. Дәрігерлер қауымы көз жұмған адамдардың ағзасын донор ретінде пайдалануға туыстары рұқсат берсе, 6 мыңдай адамның өмірін сақтап қалуға болады дейді. Донор болатындарға да қойылатын белгілі талаптар бар. Мәселен, 60 жастан асқан азаматтар донор бола алмайды. Себебі олардың ағзалары қартайған. Кейде 40 жастан асқанда-ақ ішкі ағзалары жарамсыз болып қалатындар да кездеседі екен. Донор болатын адамның салмағы, қан тобы секілді медициналық көрсеткіштерінің барлығы да реципиентке сәйкес болуы қажет.

Ағзаны сату соңғы мүмкіндік пе?

Ал қоғамда белең алған ішкі ағзасын сату заңға қайшы әрекет. Мұндай қадамға барғандар заңмен қудаланады. Тіпті, ағзаны сатып алуға да заңда тыйым салынған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2010 жылы қабылданған декларациясында «Ағзалар ерікті түрде және өтеусіз берілуі тиіс» деп көрсетілген. Бірақ заңға пысқырып қарамайтын кейбір жандар ағза мүшелерін ашық саудалаудан да қашпайды. Мәселен, ғаламтор желілерінде «бауыр, бүйрек, жүрек сатамын» деген жарнамалардың саны көбейіп келеді. Бұрындары «шаш сатамын» деген жарнамаға таңдана қарайтын жұртшылық қазір ішкі ағзаларын саудаға шығарғандардың әрекетіне де еш таңданбайтын болған. Осындай жайттарды саралап отырсақ, «елімізде шын мәнінде әлеуметтік жағдайдың қиын болғаны ма?» деген ойға қалатынымыз жасырын емес. Қаражат үшін денесіне пышақ тигізіп, ота жасатуға дейін баратындардың әрекеті осыны айғақтай түспей ме?! Қоғамдағы білім, денсаулық пен экономикалық жағдайдың шешілмеуі осындай қадамға итермелеуі мүмкін бе? «Өзегімді сатқаннан өзге амалым жоқ» деп шырылдаған жандарды қаншалықты жазғыра аламыз? Қордаланып қалған қарызынан, банктегі берешегінен құтылу үшін бүйрегінің бірін, бауырының жартысын сатамын деушілер тыныш өмір сүрудің жалғыз жолы ағза мүшесін сату деп есептейді. Бәлкім, олардың бұдан өзге амалы қалмаған болар... Екі қолға бір күрек таба алмай, отбасын асырауға шамасы жетпей жүргендер қаншама?! Бірақ ағзасын саудаға салу – мәселенің шешімі емес. Ағзасын сатуды қарыздан құтылудың жалғыз жолы деу – үлкен қателік. Бір бүйрекпен, жарты бауырмен қалу өмір бойы үлкен күтімді қажет ететіні айтпаса да түсінікті. Ал адамның ағзасы сәл ғана әлсіресе, жалғыз бүйрек пен жарты бауыр сыр беретіні анық. Соның нәтижесінде денсаулық нашарлайды. Осылайша, тек жүрмей ақшаға ағзасын сатып, есесіне ауру сатып алатынын естен шығармау қажет. Ал қайтадан бүйрек сатып алу тіпті де мүмкін емес. Тіпті, ағзаларын саудалауға ниет­ті­лердің қатарында ауруханаға қоңы­рау шалып, өз дене мүшелерін ұсына­тындар да көптеп кездеседі екен. Жалпы, мамандар ағзаларды сату мен сатып алуды ішімдік, есірткі және қару-жарақ сатумен тең деп есептейді. Сондықтан бұған бейжай қарауға болмайды. Ал мұның бәрі елімізде донорлық мәдениеттің қалыптаспағандығынан туындауы мүмкін. Украинада да ішкі органдар саудасына заңмен тыйым салынған. Мұны бүйрек-бауырын сатушылар да біледі. Біле тұра, осындай қадамға баруға мәжбүр. Өйткені қаржыға мұқтаж. Мұнда да көбіне донорлар бүйрегін саудаға салады. Құны – орташа есеппен 50 мың доллар. Бауырдың да бағасы осындай. Ал жүрек үш есе қымбат. 150 мың АҚШ доллары. Ұйқы безі 40 мың дол­лар­дың айналасында болса, өкпені 70 мың АҚШ долларына алуға болады. Демек, он екі мүшесі сау адамның қара нарықтағы құны шамамен 360 мың доллар. Қазір Украинада 1,5 миллион адам жұмыссыз отыр. Ал орташа жалақы Киевтің өзінде біздің валютаға шаққанда 55 мың теңге. Экономикалық дағ­дарыс трансплантология са­ласын да тұралатып тұр. Дене мүшелерінің заңсыз сау­дасын айтпағанда, Украинада транс­план­тологияның бүгінгі ахуалы мүшкіл. Ал бір кездері адам ағзасын ауыстырып салу бойынша әлемдегі тұңғыш операция осы елде жасалған екен. Украиналық сайттардың парақшасында бүйрек саудасы қызып тұр. Құны әрқилы. 7 мың АҚШ долларынан басталып, 50 мың еуроға дейін барады. Украинада шамамен 2 мыңдай адам дене мүшелерінің трансплантациясына мұқтаж. Бірақ бұларға екінің бірі донор бола алмайды. Соның салдарынан осы саладағы операция да саусақпен санарлық. Адам ағзасының саудасы – бұл қоғам үшін қауіпті кесел. Мұндай дерттің елімізде көбейгені алаңдатпай қоймайды. Жарнамалық сайттардағы қаптаған хабарландырулар да елімізде «ағза саудасының» қызып тұрғанын дәлелдей түсетіндей. Шарасыздықтың кесі­рінен қаржыға мұқтаж адамдар тірі тауарға айналуда. Ішкі ағза­ла­рын жоқшылықтың кесірінен саудалайтындардың заңға қайшы әрекетіне тоқтау салудың бір шешімін табу керек. Әйтпесе, қоғамда ақша үшін ағзасын сатып, денсаулығынан айрылатын азаматтардың саны көбейіп кетуі әбден ықтимал.

Серіктес жаңалықтары