1880
Қолбасшы
Қолбасшы
Өткен ғасырдың орта тұсында күндей күркіреп өткен екінші жаһан соғысында, КСРО халықтары тарапынан «Ұлы Отан соғысы» деп аталып кеткен КСРО мен Фашистік Германия арасындағы соғыста қазақ жауынгерлері небір ерліктің үлгісін көрсетті. Солардың бірі де бірегейі, осы сұрапыл соғысты басынан аяғына дейін өткерген, қаны мен терін төккен, от пен оқтың ортасында қан кешкен, батальон командирінен дивизия командиріне дейін көтерілген Бауыржан Момышұлы еді. Ақбоз атымен аты аңызға айналып, әлемге әйгілі болған Баукең қазақ деген ұлттың қандай батыр халық екенін бүкіл жаһанға танытты. Қазақ халқының қаһарман перзентінің туғанына осы жылдың 24 желтоқсанында 110 жыл толады.
Бауыржан Момышұлы – Ұлы Отан соғысының басынан кіріп, аяғынан шыққан, ерлігі елдің есінен кетпейтін талантты да қаһарман қолбасшы. Ол талантты, қатал қолбасшылығының үстіне ойшыл, шешен. Ол жауынгерлерімен бірге соғыста шынықты, соғыста шыңдалды, соғыста өсті. Оны қатардағы сарбаздар әділдігі үшін, әскери өнерге жетіктігі үшін, жауынгердің жанын ұға білетін зерделігі үшін жақсы көрді, сыйлады, оған сенді. Ал командирін шын сыйлаған солдат жаудан жеңілмейді, өлімді де жеңіп шығады. Өйткені оның бойында бұйрықтың күші ғана емес, ар мен ұяттың, командирге, қолбасшыға деген сүйіспеншіліктің күші қоса жүреді. Бұл жеңіс үшін аса қажетті фактор. Батырдың айтуынша: «Жауынгерлерге сену командирдің басындағы бақыты, үлкен ырыс. Жауынгерлер командирге сенсе, одан артық абырой болмайды. Сенім үлкен медет». Қолбасының қоластында қаһарман қазақ аз болған жоқ. Солардың көбі ел тәуелсіздігі үшін қанын төгіп, жанын берді.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.Панфиловтың басшылығымен Алматы облысы Талғар қаласында жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанды. Мәскеу үшін шайқаста аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған батальон жауынгерлері асқан ерлік көрсетті. Жауынгерлер батырлықтың, тәртіптіліктің, ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, өздерінен күші төрт есе басым жаумен бір ай бойы күресіп, дұшпанды ойсырата жеңіліске ұшыратты. Момышұлының әскери-қолбасшылық қызметінде соғыстың ең шешуші, Мәскеу түбіндегі шайқас ерекше орын алады. Алған жолынан, айтқан сөзінен қайтпайтын қайсар командир Бауыржан батальонның соғыс қимылын жаңа тактикаға жанастыра отырып, операцияны орынды да шебер басқара білді.
Мәскеуге ұмтылған неміс әскерінің екпінін баяулатып, қатты шығынға ұшыратты. Бұған қоса жан-жақта қоршауда қалып қалған бөлімшелердің басын біріктіріп, алдыңғы шепке әкеліп қосты. Бауыржанның бұл тапқырлығы «Қоршаудағы ұрыс», «Қоршаудан құтылып шығу» деген тактикалық ілім ретінде соғыс кезінде жаппай тәжірибеге айналды. Момышұлы қанды шайқастарда түрлі айла-тәсілдер ұйымдастыра білетін мықты қолбасшы болды. Мысалы, жаудың қоршауында жүріп, жауынгерлерді аман сақтай отырып соғысу, қоршауды бұзып шығу, тағы да басқа айла-тәсілді меңгерген шебер қолбасшы.
Мысалы, генерал-майор И.Панфилов дивизия бөлімдерінің жаңа шепке жылжып орналасуы үшін Б.Момышұлына өз батальонымен жаудың шабуылын 4 күн тежеп, ұстап тұруға тапсырма береді. Батальон өзінен он есе көп жау тобына қарсы шайқасты, оған ілгері жылжуға мүмкіндік бермеді. Бұл тапсырманы ойдағыдай орындап, немістердің мыңдаған адамын жойып, 5-ші күні орман ішімен жүріп өз дивизиясына қосылу әрекетін жасайды. Ол оңайға түспейді. Айнала қоршаған жау әскері. Осындай жағдайда Б.Момышұлы түнде жүріп және мынадай амал-қулық жасайды. Жолмен жүріп бара жатқан жау колоннасының арасына байқатпай кіріп, батальонына немісше бұйрық беріп, бір қолайлы қалқа жерге келгеннен кейін жолдан шығып кетеді. Сөйтіп, аман-есен өз дивизиясына келіп қосылады. Жау қоршауын қайта-қайта бұзып өтіп, дивизияға әкеліп қосу үлгісі тек Бауыржанның ғана қолынан келетін тәсіл болатын.
Кейіннен генерал-полковник, Кеңес Одағының батыры, 8-гвардиялық дивизияның қолбасшысы болған И.Чистяков «Дружба народов» журналында жариялаған естелігінде былай деп жазды: «1073-атқыштар полкының командирі майор Момышұлын мен соғыстан бұрын білетінмін. Біз Қиыр шығыста бірге қызмет еткенбіз. Ол қазақ ұлтынан шыққан, алған бетінен қайтпайтын, қатал мінезді, сымбатты келген жас командир болатын. Оны ерекше ерлігі мен тапқырлығы үшін Панфиловтың өзгеше жақсы көргенін де білетінмін. Мәскеу түбінде оның батальоны полктан хабар-ошарсыз күйде, бірнеше күн қоршауда қалып, қалың жаумен қиян-кескі ұрыс жүргізген. Екі тәулікке созылған қырғын соғыста гвардияшылар төрт жүзден астам фашистердің көзін жойып, олардың Волоколам тасжолы арқылы жасаған шабуылын тырп еткізбей бөгеп тастаған. Содан кейін орман ішінде маневр жасай отырып, өздерін қоршаған жау шеңберін тас-талқан етіп бұзып шығып, полкке келіп қосылған болатын. Осы ұрыстан кейін Панфилов Момышұлының батальонын өзінің резерві етіп ұстап, оны ең қиын-қыстау жерлердегі ұрыстарға жіберіп отырды. Соның бәрінде де батальон үздіксіз жеңіске ие болды».
А.Бектің «Арпалыс» атты еңбегінде Бауыржан Момышұлы – кейіпкердің аузымен былайша сипатталады: «Батальон төрткүл қиықша тәрізденіп бір қатардан сапқа тізіледі. Мұндай жауынгерлік тізіліс тәртібін әскери тілде «ромб» деп атайды. Осы қиықшаның, былайша ромбының ортасына арбалар мен зеңбіректер орналасады. «Менің әмірім бойынша жүріп бара жатып, залпымен оқ ату керек! Атқанда, әуеге емес, жерге де емес, жауды көздеп ату керек!» Осы қалпымен бір мезгілде жеті жүз винтовкадан дүркіндете үздіксіз оқ жаудырған батальон немістердің бас көтеруіне мұрша берместен жайпап өтіп, қоршаудан шығып кетеді. Бұл арада Бауыржан Момышұлының әскери қолбасшыға тән негізгі мұраты: «…жаяу әскерді оқпен, маневрмен сақтау керек, оның жолын оқпен аршып, оқпен өткел салу керек».
Бауыржан Момышұлының әскери қолбасшылық біліктілігіне тән тактикалық-маневрлік әдістерінің бірі – жауды қоршауға ала шабуылдап жою. Мысалы, Мәскеу түбіндегі шайқаста фашистер иеленген Трошково, Баркловица, Трохово, Кашина, Коншина, Бородино атты алты қыстақты өзі басқаратын полкті алты топқа бөле, түн ішінде шабуылдап, түгел басып алады, жауды талқандайды. Енді бір ұрыста оның 120 жауынгері 600 адамдық фашист әскерін талқандайды.
Қаһарман қолбасшының соғыста тағы да бір қолданған амал-әдісі шайқасып жатқан елді мекенді тастап, шегініп кетіп, қайтадан тұтқиылдан шабуылдап, қайтарып алу, жауды қуып шығу болған. Мысалы, осындай қулықты 1941 жылғы Мәскеу түбіндегі Матренино деревнясы үшін болған ұрыста қолданады. Қиян-кескі шайқас кезінде рота командирлеріне қыстақты тастап, шегінуге бұйрық береді. Бұл шешімді бастапқыда олар және батальонның саяси ісі жөніндегі орынбасары
Ф.Толстунов түсінбейді, тек жеңіске жеттік деп, масайрап, үйлерге кіріп, босаңсыған, тіпті күзетте қоймаған жау әскерін батальон үш жақтан шабуыл жасап, адамдарын қырып, қуып шыққанда, бұл тактиканың дұрыстығына көздері жетеді. Осы амал арқылы адам шығыны болмайды және немістердің көптеген қару-жарағы, техникасы, маңызды құжаттар қолға түсіріледі.
Мәскеу түбіндегі ұрыста Бауыржан өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты, 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жалпы, өзінің айтуынша «нацистерге қарсы 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет өлімнің құрсауында қалған, 2 рет өлімші болып жараланған».
Оның даңқы 1941 жылдың қараша-желтоқсанындағы Мәскеу түбіндегі шайқастарда шықты. Сол кездің өзінде-ақ майдан газеттері, КСРО-ның орталық басылымдары, әсіресе, Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары өз батальонымен небір қиын тапсырмаларды орындаған алғы шеп командирінің таланты мен жарасы жабыла жазып жатты. Александр Кривицкийдің айтуынша, бұл кезде Ақ теңіз бен Қара теңіз аралығындағы мыңдаған шақырымға созылған майдан шебінде Бауыржан Момышұлынан даңқы асқан батальон командирі болған жоқ.
Ал, кейіннен жарық көрген Бауыржан Момышұлының «Мәскеу үшін шайқас» кітабы – бұл нағыз ерлік кітабы. Оның ішінде тактика да, тәжірибе де, ұрыс та, ұтыс та бәрі де бар. Бұл – жеңіс кітабы. Әр тарауы әскери ғылым. Осыны ескерсек, Б.Момышұлын әскери ғылымның нағыз білгірі деуге болады.
Ал, оның майданның алғы шебінде жүріп атқарған жұмыстары соғыс батырының шеңберінен шығып кетіп жатты. Аға лейтенант шеніндегі батальон командирінің, кейіннен полк, дивизия басқарған полковник қолбасшының ойлары мен әрекеттері кезекті ұрыстың тактикалық немесе стратегиялық шешімдерінен әлдеқайда ауқымды болды. Сондықтан да оның атақ-даңқы ресми батырлар мен генерал қолбасшылардан асып кетті. Бауыржан 8-гвардиялық дивизияның ар-намысы, оның ең биік шыңы болды.
1941 жылғы 26 қарашада маршал К.Рокосовский Бауыржан Момышұлын полк командирі етіп тағайындады. Ол кезде 30 жаста болатын. Әскери дәрежесі – аға лейтенант. Партия қатарында да болмапты. Полк командирі болу оңай емес. Бауыржан Момышұлы одан бұрын батальон командирі болған. Партия қатарында жоқ аға лейтенантты полк командирі етіп тағайындау – үлкен сенім, сирек кездесетін жағдай.
Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысында осы соғыстың тағдырын шешкен әйгілі қолбасшылармен, атап айтсақ – маршал Г.Жуков, маршал К.Рокосовский, маршал Васильевский, маршал Багряман секілді әскери тұлғалармен таныс-біліс болған, ауызба-ауыз тілдескен. Атақты қолбасшылар, генералдармен қызметтес болған. Бас штабтың кілең марқасқалары бас қосқан бір жиында маршал Баграмянның ұсынысы өтпей, оның орнына Бауыржан Момышұлының ұсынысы өткен. Өйткені, Бауыржан Момышұлының ұсынысын маршал Васильевский мен маршал Жуков қолдаған. Оның әскери күштерді қалай алға жылжытып, қандай маневр жасау керектігі жөніндегі ойлары мен ұсыныстары Жуков пен Васильевскийге өте орынды болып көрініпті.
Әскери қолбасшылығы өз алдына бөлек әнгіме. Генералдарға сабақ берген ұстаздығы да — бөлек әңгіме. «Б.Момышұлының соғыс тактикасы» деген оқу пәні Израиль еліндегі әскери оқу орындарында оқытылады. Кубаның әскери мектептерінде де Бауыржанның соғыстағы әдіс-тәсілдері бойынша дәріс беріледі. Бас қаһарманы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы Кубада испан тіліне аударылып, атыс позициясының басында жауынгерлерге оқпен қоса үлестірілгені, ол кітапты Куба жастары, елдің интеллигенциясы жақсы білетіні, тіпті ол кітап Куба революциясының көсемі Фидель Кастроның оқитын сүйікті кітаптарының бірі екені баспасөз беттерінде жазылды. 1963 жылы қарашада Баукең Кубада болып, осы елдің Бас штабына шақырылады, әскери-саяси училищеде, әскери академияда сөз сөйлейді, әскери адамдардың әскери тақырыпқа қойған сан алуан сұрақтарына жүйелеп жауап береді.
Ол неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыста неше алуан әдістер мен тәсілдерді, амалдарды, құралдарды барынша тиімді пайдалана отырып, соғыс ісін өнер деңгейіне көтерді. Баукең бабаларының соғыс өнерін меңгеріп, соны машиналы соғыс жағдайында жаңаша, шебер пайдалана білген. Оның өзінің айтуынша «Соғысқа кедергі келтіретін ұлттық дәстүрлер жоқ, қайта соғысуға көмектесетін ұлттық дәстүрлер бар...». 1946 жылы қабылданған жаяу-әскерлік, жауынгерлік уставына Момышұлының ұсыныстары енгізілді.
Ол өзінің әскери өнерін 1946 жылы қаңтардан 1948 жылғы ақпан аралығында К.Ворошилов атындағы 1 дәрежелі Суворов орденді Жоғары Әскери Академияның тыңдаушысы болған кезінде одан әрі шыңдай түсті. Ол – Бас штабтың академиясын бітірген бірінші қазақ. Содан соң Тыл және жабдықтау әскери академиясының жалпы тактика мен оперативтік өнер кафедрасында аға оқытушылық, артынан ординарный профессор атағымен дәріс беріп, офицерлерді соғыстағы бай тәжірибесін пайдалана отырып, соғыс ғылымына үйретті. Бұл академияда бес жыл сабақ берді. Осы кезде тактикадан алты, стратегиядан тоғыз еңбек жазады.
Даңқты қолбасшының әскери өнері, ұрыс жүргізу айла-тәсілдері, әскерлерге басшылық ету мен оларды басқару қабілеті жоғары, тактика мен әскери стратегияда жаңашыл, әскери ойлауда артықшылыққа, басымдыққа ие болды. Міне, сондықтан Бауыржан Момышұлының орасан зор соғыс тәжірибесі, жазған еңбектері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қызмет етіп жатқан әскери қызметшілер, офицерлер, командирлер мен сарбаздар үшін күнделікті басшылыққа алатын кітап, оқу құралы.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан
тарихы кафедрасының оқытушысы