392
«Тажал қаруын» қысқарту – адамзаттың міндеті
«Тажал қаруын» қысқарту – адамзаттың міндеті
Астанада «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясы өтті
Апта басында Астанада Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция өтті. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, форумда сөз сөйледі. Форум БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес, жыл сайын атап өтілетін Ядролық сынақтарға қарсы шаралардың халықаралық күніне орай ұйымдастырылды.
Бұл басқосуға әлемнің 50 елінен 200-ге жуық халықаралық ұйымдардың басшылары, беделді саясаткерлер, парламенттік қоғамдастықтың мүшелері мен сарапшылар қатысуда. Форум жұмысында қарусыздану және ядролық қаруды таратпау сияқты өзекті мәселелер ортаға салынды.
Астана конференциясына БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары, БҰҰ Женева бөлімінің Бас директоры, Қарусыздандыру жөніндегі конференцияның Бас хатшысы Майкл Мёллер, Ядролық сынаққа жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымы Даярлау комиссиясының Атқарушы хатшысы Лассина Зербо, Парламентаралық одақтың Президенті және PNND тең төрағасы Сабер Чаудхури, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының негізін салушы, ақын Олжас Сүлейменов, басқа да халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың көрнекті өкілдері, жалпы алғанда, елуден астам елдердің белгілі діни қайраткерлері қатысуда.
29 тамыз – барша адамзат тарихындағы айтулы күн. 25 жыл бұрын, дәл осы күні менің Жарлығыммен жер бетіндегі ең үлкен ядролық сынақ алаңдарының бірі – Семей полигоны жабылды. 40 жыл бойы 500-ге жуық ядролық жарылыс жасалған полигонның үні біржола өшті. Осылайша, халқымыз тәуелсіздік таңы атар сәтте бейбітшілік жолын таңдайтынын барша әлемге паш етті.
– Бұл Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік көшін бастаған теңдессіз қадамдарының бастауы болды. Биыл біздің еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі белесін атап өтуде. Қазақстан ширек ғасырдан бері тұтас жер беті бейбітшілікке бөленуі үшін бар күш-жігерін салып келеді. Біз қуаты жөнінен әлемде төртінші орынға ие ядролық қарудан өз еркімізбен бас тарттық. Әлемдік қауіпсіздікті нығайту жолында көптеген тың бастамалар көтердік. Қазақстанның бұл бағыттағы сан жылдық ерік-жігері мен ұсынған «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде көрініс тапты. Біздің бейбіт бастамаларымыздың бәрі де әлем қауымдастығының жаппай қолдауына ие болуда. Соның нәтижесінде, Қазақстан жаһандық ядролық қарусыз әлем қозғалысының көшбасшысына айналды, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының айтуынша, ядролық сынақ аймақтағы адами фактор мен тірі табиғаттың сәулелік патологияға ұшырауына әкеп соқтырған. Ал мамандардың бағалауы бойынша сәулеленуге ұшыраған адамдардың жалпы саны бес жүз мыңнан асады. Сонымен қатар, қазақстандықтардың әлі де бірнеше ұрпағы денсаулықтарында ажал құштыратын сынақтардың әсері мен салдарын сезінетін болады. Бұл туралы бұған дейін де айтылған, ядролық сынақтардың зардабын тартқан – бейкүнә тұрғындар. «Қазақстан мен қазақстандықтар ядролық сынақтардың әлемдегі ешбір мемлекет пен халықтар бастан кешірмеген зиянын шекті. Сондықтан, Қазақстан мен Жапония ядролық қарудың қасіретін, оның зардаптарын жақсы түсінеді. Екі мемлекеттің ядролық қаруға тыйым салу туралы бастаманы ұдайы көтеріп отыратыны да сондықтан. Біздің Ядролық қарудан азат елді құру туралы талпынысымыз – Мәңгілік Ел жалпыұлттық идеясының маңызды құрамы, – деді Елбасы.
ХХІ ғасырда әлемді жаһандық ядролық соғыс қатерінен арылтудың парасатты баламасы жоқ. Жер өркениетінің дамуы, ғылыми-техникалық прогрестің жаңа кезеңіне тым тақап келген Төртінші индустриялық революция, ядролық қаруды таратпау және жою міндетін адамзаттың аман қалуы мәселесіне айналдырып отыр. Қазіргі кезде әлемдік ядролық жанжал алдындағы жалпыға ортақ қауіп сезімі ішінара ұйқыға кеткендей. Кейбіреулер алдыңғы онжылдықтарда қалыптасқан халықаралық уағдаластықтар жүйесіне үміт артады. Бірақ шындық мынадай, қабылданған шарттар ядролық клуб державаларының ХХ ғасырдың ең соңында кеңеюіне кедергі келтіре алмады. Халықаралық құқықта, өкінішке қарай, атомды әскери қолдануға тыйым салатын режімді айналып өтуге мүмкіндік беретін көптеген екіұштылықтар бар. «Мен планетаны ядролық өзін өзі жою қатерін шешімді түрде төмендету мүмкіндігін осыдан көремін. Үшіншіден, әскери қуаттардың осындай түрлеріне де-факто ие барлық мемлекеттердің қатысуымен ядролық арсеналды қысқарту үдерісін көпжақты қылу қажет. Оған қазіргі таңда «табалдырықтағы» топқа жататын мемлекеттердің ядролық мәртебелерін толық заңдастыру алғышарт қалауы тиіс. Барлық ядролық державалар Ядролық қару-жарақты қысқарту туралы шарт қалыптастыру бойынша келіссөздерге кірісуі керек. Төртіншіден, ХХІ ғасырда ядролық қауіпсіздіктің халықаралық құқықтық базасы өз негізін нығайтты», – деді сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылдың 7 желтоқсанында, адамзат тарихында алғаш рет, Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Қазірде ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі барлық халықаралық құқықтарды кодификациялаудың маңызы зор. «Ядролық державалардың атом қаруына ие болудан өз еркімен бас тартқан, сондай-ақ, ядросыз мәртебесіне ие мемлекеттерге кепілдіктерінің заңдық тұрғыда міндеттейтін жүйесін дамыту қажет. Ядролық қаруға ие болуға және таратуға қарсы қатаң шаралар қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін қалыптастыру керек. Мұндай көпжақты келісімдерді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларымен бекіткен орынды», – деді Президент.
ҚР Президенті Қазақстанның ғаламшардың ядролық өзін-өзі жою қаупінің толық алдын алуға бағытталған бірегей тәжірибесі әлемдік тарихтағы қайталанбас жалғыз мүмкіншік екендігін баса айтты. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті әлемнің барлық үкіметтерін ядролық қауіпсіздіктің негізін құрайтын халықаралық шарттар мен институттардың одан әрі нығаюы үшін жаңа міндеттемелерді қабылдауға шақырды. Қазақстан аумағындағы Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және ядролық арсеналдың жойылуы жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалысқа үлкен серпін берді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев - осы қозғалыстың бірден-бір көшбасшысы болып табылады
Жиынның жалпы отырысын қорытындылай келе ҚР Президенті Н.Назарбаев мұндай сыйлыққа да қолдау білдіруге болатынын айтты. «Мен конференция барысында көтерілген арнайы сыйлық бекіту туралы бастаманы қолдаймын. Дегенмен, оның атауына қатысты ойлануға тиіспіз. Ал, тұтастай алғанда, бұндай сыйлық тағайындауға қолдау білдіремін. Бұл сыйлық, бәлкім, «Ядролық қарусыз әлем үшін» сыйлығы деп бекітілер, мүмкін оны «Ядролық қарусыздану саласындағы сыйлық» деп атармыз. Біз бейбітшілік үшін берілетін сыйлыққа дәл «ядролық қарусыздану» мәселесін қосуымыз керек. Әйтпесе, әлемде бейбітшілікке қатысты тағы бір-екі халықаралық сыйлықтар тағайындалады. Сондықтан да, біз бұны ойланатын боламыз», – деді Елбасы.
Бұл алқалы жиынға БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун өз құттықау хатын жолдаған болатын. Қазақпарат мәліметіне сүйенсек, Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың қараша айында Астанада Бейбітшілік саммиті өтетінін еске салып, сол алқалы басқосуда аталған сыйлықты тағайындау және оның алғашқы лауреатына сыйлықты табыс ету мәселесі шешіліп қалуы мүмкін екенін жеткізді.