Алматы облысында бесінші баласын босанған әйелдің өліміне кінәлі үш дәрігер сотталды

Алматы облысында бесінші баласын босанған әйелдің өліміне кінәлі үш дәрігер сотталды

Алматы облысында бесінші баласын босанған әйелдің өліміне кінәлі үш дәрігер сотталды
ашық дереккөзі
Алматы облысында босанған әйелдің өліміне жол берген үш дәрігер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы 7-su.kz сайты хабарлады. 2018 жылғы қазан айында Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылындағы орталық аурухананың перзентханасында 35 жастағы әйел босанғаннан кейін қайтыс болған. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігі бойынша (медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін орындамауы) қылмыстық іс қозғалды. Сот үкіміне сәйкес, 63 жастағы дәрігер-хирург 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған көмек көрсеткен 33 жастағы акушер-гинекологқа үкімнің орындалуын 5 жылға кейінге қалдыра отырып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал 31 жастағы екінші акушер-гинекологқа жазасын өтеу мерзіміне пробациялық бақылау белгілене отырып, шартты түрде 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар барлық үш дәрігер 1 жыл мерзімге дәрігерлік жұмыспен айналысу құқығынан айырылды. Сондай-ақ жәбірленушінің туған-туыстары олардан 5 000 000 теңге көлемінде моральдық залал өндірілді.
–Мен қиылған өмірді қайта жалғау мүмкін емес екенін білемін. Жан жолдасыңның орны толмайды. Ол бесінші перзентін өмірге әкелу үшін перзентханаға келді және дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды. Мен қатты уайымдадым, кінәлілер өз жазасын алғанша балалардың көзіне қарай алмадым. Іс бойынша әділ сот шешімін мен ғана емес, аудан тұрғындары да күтті. Бұл жерде үлкен жұмыс атқарған, өзінің білімі мен жоғары кәсібилігін көрсеткен тергеушінің еңбегі. Сондықтан Фархат Ілиясовқа өз атымнан және барлық туыстарымның атынан алғысымды білдіремін. Денсаулық және жауапты әрі ауыр еңбекте табыс тілеймін, – деді жәбірленуші, қайтыс болған әйелдің жолдасы Радулин Самиев.