Брейк-данс жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енді

Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) кезекті отырысында 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына брейк-данс, серфинг, құзға өрмелеу және скейтбординг секілі спорт түрлерінің ресми түрде енгізілгені мәлім болды. Бұл туралы комитеттің ресми сайтында хабарланады.

Халықаралық Олимпиада комитеті гендерлік теңдік мәселесіне қатысты барлық спорт түрінен ерлер мен әйелдер бірдей болуы керек деген талапты ұстанып, Парижде өтетін басты додаға әр спорт түрінен 50 пайыз ерлер, 50 пайыз әйел спортшылар қатыстыруды көздеуде.

Сонымен қатар комитет мүшелері 2024 жылғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін спортшыларға берілетін квоталар санын 10 500-ге дейін қысқарту туралы шешім қабылдады. Бәрінен бұрын соңғы уақытта допинг дауына ілініп, жүлделері қайтарып алынып жүрген ауыр атлеттерге аз квота берілетін болды. Мұнымен қоса, ХОК-тің Халықаралық әуесқой бокс федерациясының (AIBA) жұмысына көңілі толмауы себебінен боксшыларға да берілетін квоталар саны қысқармақ.

Back to top button