Болмасақ болды

Болмасақ болды

Болмасақ болды
ашық дереккөзі
Қазақ тіліне калькаланып келген дүниелердің бірі – келер шақ формасына «бол» етістігін тіркеп қолдану. Ол орыс тіліндегі «будем, будете, буду, будешь» дегеннің салдары. Мысалы: «Балалар, бүгін диктант жазатын боламыз» (Сегодня будем писать диктант). Ал қазақ тілінде жай ғана «диктант жазамыз» екенін ұмытып барамыз.

Оның себебі неде?

Себебі орыс тіліндегі «настоящее время» мен «будущее время»-ның қазақ тіліндегі осы шақ пен келер шаққа тигізген кесірінде. Қазақ тілінде ауыспалы осы шақ пен ауыспалы келер шаққа ортақ форма бар: -а, - е –й жұр­нақты көсемшенің жіктеліп келуі. Ауыспалы келер шақтың ауыс­палы осы шақтан айырмашылығы – сөйлемде мезгіл мәнді басқа сөздерден байқалып отырады. Мысалы, «өзін-өзі күндейді, жақынын жалған міндейді» (Абай) – ауыспалы осы шақ. «Осыдан Бүркітбайға бармадың ғой, ақ сүтімді көкке сауамын»  (Ә.Нұршайықов) – ауыспалы келер шақ.  (Қазақ грамматикасы. Фонетика. Сөзжасам. Морфология. Синтаксис. – Астана, 2002). Ал қазіргі тіл қолданысында осы форманы тек осы шақта, тіпті ауыспалы осы шақ пен нақ осы шаққа ортақ қолданып қателесіп жүрміз. Мысалы, «Мен мектепте жұмыс істеймін» дегенді «мектепте жұмыс істеп жүрмін» дегеннің орнына қолдана береміз. Өйткені орыс тілінде «работаю». Ал бұл тек осы шақта қолда­нылатын нәрсе болса, онда келер шақ қалай болады, орысша «буду работать в школе» дегенді қалай айтамыз деп, «сан ойланып», «мектепте жұмыс істейтін боламыз» дегенді жасап алғанбыз. Ал қазақ тілінде келер шақтың үш түрі бар екенін, «буду» дегенді ауыспалы келер шақ және мақсатты келер шақ түрінде де айтуға болатынын ескермедік: «Келер жылы мектепте жұмыс істемекпін». Бірақ біз бұл форманы қолданбаймыз, өйткені оны орысшаға аударса «хочу, собираюсь» деген мағынаны беруі мүмкін. Орыс тілінде «будь» етістігі тіркелмей келер шақ жасалмайды, ал қазақ тілінің грамматикасында –атын/-етін, -йтін/-йтын есімше жұрнағы мен «бол» етістігінің тіркесуінен жасалатын тіркес тек «баратын болдық», «істейтін болдық», «келетін болдың ба?»  және «осыдан мынау істелетін болсын», «ертең сабақтан қалушы болма» деген сынды мағынада қолданылады. Ал «бол» етістігінің өзі - а көсемше жұрнағының жіктелуінен жасалатын ауыспалы келер шақ  (тек келер шақ) формасында тек есім сөздермен не үстеулермен тіркеседі. Мысалы: «Ертең сабақ болады», «Енді екеуміз дос боламыз», «Әлі-ақ бәрі жақсы болады», «ұят болады», «обал болады», «сауап болады». Бұл – қате қолданыс, әсіресе жаңалықтар қызметінде, радиода жиі айтылады. Егер біз қалаған нәтижеге қол жеткізбейтін болсақ, онда бұрынғыдай, қажетті нәрсені жасайтын боламыз. Қазір бір әншінің орындауында әндер тыңдайтын боласыздар.

Назгүл ҚОЖАБЕК