263
Нұрсұлтан Назарбаев: Түркістанды дамыту – халқымыз үшін қасиетті парыз
Нұрсұлтан Назарбаев: Түркістанды дамыту – халқымыз үшін қасиетті парыз
Ұлы Жібек жолында мыңжылдық өркениеттерді тоғыстырған Түркістан – Ұлы даладағы ұлы өзгерістерге негіз болған қасиетті қала. Түркістан – ұлы ғұлама Қожа Ахмет Ясауи мен ұлт тарихына таңба қалдырған хандар мен сұлтандар мәңгі жай тапқан қастерлі мекен. Ежелгі қаланы қайта жаңғырту идеясы қалай дүниеге келді, оның астарында қандай сыр жатыр, Елбасы неліктен бұл жобаға үлкен мән беріп отыр? 2020 жылғы 1 желтоқсанда Qazaqstan Ұлттық телеарнасынан «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы, журналист Ләззат Танысбайдың Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевпен осы жайындағы сауалдарды қамтыған сұхбаты эфирге шықты. «Түркістан: көне мен келешек көпірі» деректі фильмі негізінде жасалған сұхбатты Turkistan халықаралық газеті оқырмандарына ұсынуды жөн санадық.
– Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы, алдымен сұхбат беруге уақыт бөлгеніңіз үшін алғыс білдіремін. Бүгінгі әңгімеміз Түркістан жайлы болмақ. Бұған дейінгі сұхбаттарыңызда Түркістанды қайта жаңғырту мәселесін ертеден ойланып жүргеніңізді айттыңыз.Бұл әрине, тарихи шешім екені сөзсіз. Бұл шешімнің түбінде не жатыр?
– Көне шаһарды жаңғырту, қайта түлету мәселесін ертеден ойлағаным рас. Тәуелсіздікке қол жеткіздік, оның ішінде «Мәңгілік ел» болудың жолын таңдадық. Мәңгілік тәуелсіз ел болғаннан кейін көрнекті тарихи жерлер болуы керек. Біздің мәдени өміріміздегі ең көрнекті қала – Түркістан. Тоғыз жолдың торабында тұрған сауда қаласы болған соң, Жібек жолының үстінде орналасқаннан кейін ертеде қаланы білетін қазақтың бәрі барып-қайтып жүрді. Кеңес Одағы кезінде діни орталық деп көңіл бөлінбей, ескірді. Көшіп келгендер төңірегіне жер там салып, қала келбеті бұзылды.
Қаланың құрылуы тек кесенемен байланысты емес. Бұрынғы аты Шығысқа да, Батысқа да белгілі Ясы қаласы, тарихы IV ғасырдан басталады. Түркістан – ежелден сауда-саттықтың ортасы. Қаланың батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстіктен кіретін төрт қақпасы болды. Сол қамалды қазір қалпына келтіріп жатырмыз. Қала Жоңғар, Қоқан, Хиуа хандығының шабуылдарынан қирады. 1864 жылы қаланы Ресей патшалығы жаулап алды. Атылған зеңбіректер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сыртында әлі күнге дейін көрінеді. Көне шаһардың жаңару тарихы Есім хан Қазақ хандығының орталығы деп бекіткеннен кейін басталды. Содан бері Түркістандағы кесене төңірегінде Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Бөгенбай батыр, Тобықты батыр, Қоңырат батыр, Нияз батыр бар, барлығы 21 хан, 57 батыр жерленген. Осылайша, XVIII ғасырға дейін Түркістан Қазақ хандығының орталығы болып қалды. Ресей патшалығы жаулағаннан кейін орталық дәрежесінен айырылып, күйрей берді. Ел астанасын таңдағанда бұл қала да ойымда болды. Бірақ елдің ортасынан жырақта орналасқаннан кейін, тиісті ғимараттар болмаған соң ой жүзеге асырылған жоқ. Дегенмен өздеріңіз білетіндей, Түркістанның 1500 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтіп, жаңарған қаланы елге тағы бір рет таныстырдық.
– Бір сөзіңізде Түркістанның салынуы астананы есіме салады дедіңіз. Көне шаһарға барып жүрген көпшілік те осы пікірді жиі айтады. Небәрі екі жылда қайта түлеген қаланың бүгіні туралы не айтасыз?
– Ғұмыр-тарихымда ең бірінші қала салуға кіріскенім Теміртау болатын. Теміртау металлургиялық комбинаттың Партия ұйымының басшысы бола жүріп, Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің тапсырысымен қаланы қайта құрып, жылына 80 шаршы метр үй, балабақша, мектеп, ауруханалар салып, қаланы көтердік. Екінші үлкен құрылыс әрине, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласын салу болды. Бұл маңызды әрі батыл шешім болды. Алғашында бұл шешімді барлығы бірдей қолдаған жоқ. Ал қазір дұрыс қадам болғанына көпшіліктің көзі жетті. Қала қандай қиындықтармен тұрғызылғанын халық жақсы біледі. Түркістанды салған кезде де астананың құрылысы көз алдымда тұрды. Қалалардың қазіргі келбетінің өзі ұқсас. Бірі елдің орталығы, бірі тарихи қала. Түркістанның бүгінгі тарихи келбетін сақтап, жергілікті халық пен туристер келетін, тарихымызды паш ететін орталық ретінде қалдыруымыз керек.
– Қазіргі күрделі кезеңге қарамастан, мемлекет Түркістанға барынша қолдау көрсетіп жатыр. Жергілікті халық осы ауқымды шаралар мен жобалардың оңтайлы нәтижелерін қашан көреді?
– Бұл сауал жиі көтеріліп келеді. Елорданы тұрғызған кезде де салынған қаражат қайда кетіп жатыр деген сауалдар үнемі туындап отырды. Бірақ астананың құрылысына бөлінген қаржы еселеніп қайтып жатыр. Елорда қазір республикалық бюджетке қаржы құятын донор қалаға айналды. Түркістанды дамытудың бірінші кезеңіне 350 миллиард теңге қаржы жұмсалады. Оның тең жартысы қонақүйлер, сауда орындары, туризм орталықтары сияқты жеке бизнестен келген. Сондықтан оның бюджетке ауыртпашылығы жоқ деп санаймын. Үлкен қала болғаннан кейін оның дамуына атсалысатындар да көп болады. Түркістанның тұрған жері – қаймағы бұзылмаған қалың жұрттың ортасы. Жоспарланған 160 нысанның қазір тең жартысы салынып бітті, оның ішінде әкімдіктің, қазақ драма театрының, «Конгресс-холл», қонақтарды қабылдайтын аллея, 10 мың орындық стадион және жастар сарайы бар. Бұрыннан айтып келе жатқанымдай, әлем жұрты болашақта қалаға қарай тартылатын болады. Әрине, қазақтың кіндігі ауылда, даланы ойлап тұрады. Қазір Қазақстандағы халықтың 40 пайызы ауыл тұрғындары, бірақ көпшілігі қалаға келіп жұмыс істейді. Сондықтан, біз ауылдарда техниканы дамытып, технологияны көтеруіміз керек. Ауылдарды көтерсек, баратындар да көбейеді. Менің айтып отырғаным, миллион тұрғыны бар қалалар саны көп болса, мәдениет те, білім де, ғылым да көтеріледі. Оңтүстікте осындай орталықтың дамуы біріншіден халыққа жұмыс береді. Осы екі жылда қаладағы бизнестің саны 11 есеге өсті. Екіншіден, қазіргі кезде шаһарда Туризм университеті салынып жатыр. Бұл – еліміздегі осы саланы оқытатын тұңғыш жоғары оқу орны. Туризмді өркендетеміз десек, алдымен маман даярлаудан бастауымыз керек. Ақтауда «Қазақстан жағалауы» деген атпен үлкен қонақүйлер салынып жатыр. Алдағы уақытта тағы 3-4 қонақүй салынады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, барлық елдерде табыстың жартысынан астамы осы қызмет көрсету саласынан түседі.
– Бүгінгі Түркістан заманауи, жаңа қалаға айналып келе жатыр. Көне шаһарға жаңа бейне береміз деп, тарихи келбетін, бұрыннан қалыптасқан ерекше атмосферасын жоғалтып алмаймыз ба?
– Иә, өте дұрыс сұрақ. Бұл мәселе ЮНЕСКО-ның назарында. Қазір қалада бой көтеріп жатқан нысандардың биіктігі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен биік болмауы керек. Қазір сол кесене маңындағы алаңдардың барлығы жөндеуден өтті. Түркістанды қайта жаңғырту идеясы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларымен үндесіп жатыр. Рухани жаңғыру дегеніміз – жаңа өмірге ену. Бұрын коммунистік идеямен жүрсек, қазіргі заман тіпті бөлек. Жаңа заман келді, экономика да, түсінік те өзгерді. Рухани жаңғыру – тек заманға бейімделу емес, сол арқылы өсіп-өркендеу. Бұл бағдарламалар бойынша тұнып жатқан тарихымызды таныту үшін алда талай жобалар жүзеге асырылады.
– Соңғы кездері әлеуметтік желіде ел астанасы Түркістанға көшуі мүмкін деген қауесет жиі таралып жүр. Осындай әңгіменің негізі бар ма?
– Бұл әңгіменің негізі жоқ. Бірақ мұндай сөздің таралуына себеп бар екенін айту керек. Түркістанның бүгінгі даму деңгейін бағамдай алатын, жағдайын білетін қала тұрғындары солай деп ойлауы мүмкін. Бірақ біз болашақта астананы одан әрі ұлғайтамыз. Кезінде 200 мың тұрғыны болған Ақмола 1 млн 200 мың халқы бар үлкен шаһарға айналды. Нұр-Сұлтан деген атау алды. Оны мен ұсынған жоқпын, бірақ қарсылық та білдірмедім. Себебі астананың әрбір тасы менің нұсқауыммен қаланып, әрбір ғимараты менің қатысыммен салынды. Қаланы одан әрі дамыту жоспарлары жүзеге асырыла береді. Келесі жылы «Абу-Даби Плазаның» ең биік мұнарасын «Қазақстан» мұнарасы деп атаймын. Әлемде мұндай биік ғимарат жоқ. Кең даламызда алыстан көрініп тұратын болады. Діни және туристік мақсатта әлемдегі ең үлкен мешіт салынып жатыр. Ел астанасын одан әрі көркейту үшін талай ойлар, жоспарлар бар. Көп болып қолға алсақ, атқарылмайтын іс жоқ. Мұның барлығы Қазақстанның әлем алдындағы әлеуетін көрсетеді.
Қазір біз қиын-қыстау кезеңде тұрмыз. Әлемдік пандемия бізге де қиыншылығын тигізіп жатыр. Көп мекеме жұмысын тоқтатты. Мұның артынан дағдарысқа қарсы шаралар қолдануымыз керек.
Қазірдің өзінде тарихи шаһарға жылына 200 мыңға жуық адам барады. Түркістанға күздегі сапарымда дүниежүзілік стандартпен салынған, сыйымдылығы 3 миллион болатын халықаралық әуежайды іске қостым. Екіншіден, Түркістан – Ташкент теміржолы іске қосылады. Самарқанд, Бұқара, Ташкент, Шымкент, Түркістан арасында туристік жол ашылады. Біздің санағымыз бойынша, 2025-2030 жылға қарай Түркістанға 3,5 млн адам келеді деп жоспарланған. Қазір бесжұлдызды екі қонақүй салынды. Алдағы көктемде «Керуен-сарай» туристік кешені іске қосылады. Мұның бәрі тұрғындардың өмір сапасын жақсартады және келетін туристерге қолайлы жағдай туғызады.
Түркістанды дамыту – халқымыз үшін қасиетті парыз. Бұл – тарихы тереңде жатқан көне қаламыздың бірі. Мысалы, Ресейдің Мәскеуден басқа Санкт-Петербургы бар, Түркияның Анкарадан басқа, Стамбұлы бар, сол сияқты бізде де Алматымыз, енді барып келетін Түркістанымыз бар. Осылай, жер өркендейді, ел өркендейді. Екіншіден, Абылай ханның арманын орындап жатырмыз. Абылай хан қала сала алмадым, қазақты жерге жұмыс істете алмадым, басын қоса алмадым деген үш арманмен өткен. Қала салу да Тәуелсіздік алу сияқты ата-бабаларымыздың арманын орындаумен бірдей.
– Қазір дүниежүзін жаулаған әлемдік пандемияға медицинасы мен ғылымы, технологиясы өркендеген алпауыт мемлекеттердің өзі тойтарыс бере алмай отыр. Осындай қиын сәттен қандай ой түйдіңіз және өсіп келе жатқан жастарға не айтар едіңіз?
– Ғалымдар, сарапшылар барлығын білеміз, түгелін игереміз деп ойлайды. Бірақ дәл осындай вирус келеді деп ешкім болжаған жоқ. Алда әлі де мұндай қиыншылықтар болуы мүмкін.
Мен бүкіл өмірімді Қазақстанның Тәуелсіздігіне сарп етіп келе жатырмын. Кеңес Одағы кезінде 5 жыл Қазақстан Үкіметін басқардым. 30 жыл Президент болдым. 35 жыл тынбай, күндіз-түні осы жұмысты атқарып келе жатырмын. Ата-бабамыздың арманы болған Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Онсыз тіліміз де, дініміз де болмас еді. Тәуелсіздігімізді, бірлігімізді сақтау жастардың үнемі жадында болуы керек. Бұл насихат үшін айтылған сөз емес, ел үшін жаныммен айтып отырған сөзім.
Өзгелермен салыстырғанда, қазақ деген ат төбеліндей аз халықпыз. Қолымнан келгенше шекараны шегендеп, төңірекпен достық қарым-қатынаста болдым. Қазір Қазақстанның жауы жоқ. Бірақ заман өзгереді. Тәуелсіздігімізге көз тігушілер де бар. Себебі біз экономика, реформа жағынан озық тұрмыз. Екіншіден, әрбір он, жиырма жылда заман өзгеріп жатыр. Бұл өзгерістер әсіресе, ғылым, технология саласына қатысты. Қазіргі алған біліміміз он жылдан кейін қажетке жарамай қалуы мүмкін. Өзгерістерге бейім болуымыз керек, ол үшін жастар білімді болуы керек. Қиыншылықтар да бар, бірақ жас ұрпаққа жаңа, ғажайып өмір келе жатыр. Жастар үшін шетелдерде оқу мүмкіндігін жасадық, Назарбаев университеттері мен мектептерін аштық. Елді алға бастайтын талантты, білімді ұл-қыз көп болса, келешегіміз баянды болады.