Көреалмаушылықтың көрігін басу кімге керек?

Көреалмаушылықтың көрігін басу кімге керек?

Көреалмаушылықтың көрігін басу кімге керек?
ашық дереккөзі
1137
Қай қоғамда болса да жиі айтылатын, жиі талқыға түсетін нәрсенің бірі − көреалмаушылық, яғни қызғаныш. Содан болар, өмірінде қызғаныштың құрбаны болғанын, көреалмаушылықтың кесірінен көп нәрсе жоғалтқанын айтатын адамдар көп. Жалпы, қызғаныш ұғымы ақкөңілділікке қарама-қарсы мәндегі нәрсе ғой. Ол тіпті, дінде де үлкен мәселе ретінде көрінеді. Сондықтан діни аңыздардың өзінде қызғаныштың Құдай алдында ең алғашқы жасалған күнә екені, яғни Ібіліс Адам (а.с.) пайғамбардың мәртебесі мен дәрежесіне іштарлық еткені үшін Алланың қаһарына ұшырағаны және жер бетіндегі ең әуелі жасалған қылмыс пен күнә көреалмаушылықтың салдарынан болғаны (Адам (а.с.) ұлдары бірін-бірі іштарлық кесірінен өлтірген) айтылады. Демек, бұл сезім саналы адам жаратылғалы бері бар деген сөз. Қызғанышты жою мүмкін бе? Ғұламалардың айтуы бойынша, доңыздан басқа тірі жәндіктің бәрінде қызғаныш сезімі болады екен. Демек, қанда бар қызғанышты жою мүмкін емес, тек оны тежеуге болады. Мәніне қарағанда, қызғаныштың да көлемі әртүрлі болатын сияқты. Мәселен, ұлттық деңгейдегі қызғаныш болу мүмкін. Ол бір ұлттың өкілдері екінші бір ұлттың артықшылығын көре алмай, жетістігін қызғануы мүмкін. Ондай да бар. Мысалы, Қытай Халық Республикасының бұрынғы төрағасы Ху Цзиньтао арнайы сапармен елімізге келгенде елордада өткен ресми кездесудің бірінде «Қазақстан... Қандай кең! Бізде халық көп, жер жетпей жетісе бермейді. Сіздерде халық аз, жер көп. Құдай қандай әділетсіз?» деп, әзілге орап бір сөз айтып еді. Қалжың десек те, әр сөзінің астарында мүддесі жататын көрші елдің мемлекет басшысының сөзін қалай қабылдау керек? Оны бір сәтте лап еткен қызғаныш сезімі деуге де, аз халыққа кеңістікті қимай тұрған іштарлық деуге де болады. Әрине, қазақтың ұлан-байтақ даласы мен сол даланың байлығы оның көкейін тесіп тұрғаны анық. Қызғаныш деген жаман нәрсе ғой, кейде сенің ұлт, ел екеніңе күмән келтіріп, сол арқылы кемсіткісі келетін пиғылдар да байқалмай қалмайды және оның мемлекеттік деңгейде де көрініс табатынын қайтерсің? Ресей президенті бір сөзінде «Қазақтарда ешқашан мемлекет болмаған, өйткені олардың шекарасы жақында ғана белгіленді» дегендей бір сөз айтып қалды. Ол аса ауыр айыптау еді. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бүгінгі қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған Керей мен Жәнібек хандардың тарихи еңбегі ресми түрде бағаланып, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтілді. Бұл көрші елдің басшысының сөзін теріске шығаратын нақты іс-әрекет еді. Мұндай мысалдар көп және оны білгеніңмен кімнің қай қызғанышына тоқтау салып, ауыздықтай аласың? Тек қызғаныштың барлық кезде болатынын, соған ісіңмен лайықты жауап беруге ұлт болып, мемлекет болып дайын жүру керек. Кейде Жириновский секілділердің сандырағын елемей, «Борат» секілді арандатушылық жобаларға мән бермеу де өзгенің қызғанышын жеңудің бір жолы. Қазақ арасында бұрын да, қазір де іштарлықтың кесірінен талай нәрсе болып жатыр. Біреудің ісіне кедергі келтіру, жеттім деп тұрғанда аяқтан шалып омақастырудың мысалдары көп. Бірақ соның көбі дәйекті түрде дерекпен дәлелденіп, күншілдің айыбы мойнына қойылмағасын жай сөз болып қала береді. Ең жаманы, ел тағдыры таразыға түскенде жасалған іштарлық. Қазақстан билігіне 1925 жылдың күзінде келіп, 1933 жылға дейін осындағы халыққа істемегені жоқ Ф.Голощекиннің елімізді басқаруына өзіміздің қазақтардың қатысы бар деген сөз бар. Ашық айтыла бермегенімен сол кездегі қазақ зиялыларының (саясатта жүрген тұлғалардың) ел басшылығына бірін-бірі қимай, бір-бірінің үстінен Мәскеуге арыз жазып, соның себебінен өзге ұлт Қазақстанды билеген көрінеді. Мұның қаншалықты рас-өтірік екенін білмеймін, тіпті олай болмауы да мүмкін, егер болашақта солай болғаны дәлелденсе, ол өте ащы тарих сабағы болуы тиіс. Тек сондай болып шықпаса екен дейсің... КСРО кезінде оның құрамындағы одақтас республикалар бір-бірімен бәсекеде болғаны анық. Міне, осы бәсекеде қазақтар іштарлықтың кесірінен талай рет есе жібергені бар. Мәселен, көрнекті қаламгер, қазақтың алғашқы кәсіби киносценаристерінің бірегейі Жұмабай Тәшеновтің сценарийімен түсірілген «Ана туралы аңыз» атты, 1963 жылы Қазақфильм студиясы шығарған толық метрлі көркем фильм кезінде күллі одаққа танылып, ізінше сол кездегі КСРО-ның ең жоғарғы марапаты − Ленин атындағы сыйлыққа ұсынылған. Режиссер А.Карпов түсіріп, басты рөлді − Ана образын даңқты актрисамыз Әмина Өмірзақова ойнаған бұл кино сыйлық иелерін анықтайтын комиссияның барлық сынынан өтіп, жүлде алғалы тұрғанда елімізден барған бір арыздың кесірінен бағы жанбай қалды. Ол арызды кім жазғаны әлі белгісіз. Өзіміздің қазақтар болмаса екен дейміз... Айта берсек, мұндай жағдай көп, тек оның қазақтың ғана басында бар кесел деп санамаймыз. Бірақ қазақтың аяғынан қазақтың шалуы тоқтамаса, өзгеге жем бола беретініміз қаперімізден шықпау керек! Ұлы Абайдың мынадай өлеңі бар ғой: Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден. Күндестігін қоздырып, Азапқа қалма езбеден. Түсінгенге, қазақ баласы үшін ең керек сөздің бірі осы. Іштарлықтың неден туындайтыны, қызғанышты оятатын не, көреалмаушылыққа қалай соқтығасың − бәрін осы бір шумақ өлең ғана түсіндіре алады, ұқтырады, саналының миына құяды! Қызғанышты оятатын, әрине, сенің артықшылығың. Бірақ оны жұртқа көз қылып астамсымасаң, Құдай берген артықшылығыңды міндет қылып жұртқа шекеден қарамасаң өзгенің сенде несі бар? «Ұлық болсаң − кішік бол» дейтіні сол емес пе қазақтың? «Өзіңде бармен көзге ұра берсең» жұрт сенің талантыңнан жеріп, істегеніңнен мін терер ме еді? Демек, өзгенің қызғанышын қоздататын пәленің бір ұшы сенің ішіңде жатыр деген сөз. Абай ақын осыны қандай керемет айтқан?! Ұлысы көп, үлгілі сөзді көп айтқан қазақ халқының ең басты кемшілігі, Абай айтқандай, «Шымылдық боп шынның жүзін көрсетпейтін сүйексіз тілі мен жиексіз еріні-ау» деймін. Қазақ «аяр» деп жек көретін екіжүзді «шыншылдардан» көресіні аз көрген жоқ. Әлі көріп келе жатыр. Бәріне себепші, баяғы  атың  өшкір қызғаныш... Өзге құбылыстар сияқты қызғанудың да себебі, заңдылығы бар. Өзіңе тиесілі нәрсені өзге біреу көпе-көрнеу иемденіп бара жатса сұмдығы асқан, қулығы өткен бәсекелесіңнің қараулықпен аузыңдағыны жырып әкетуі дау тудырмай қайтеді? Қалайша есеңді жіберіп отырасың? Бізде мұның ең танымал түрі − әр екі жыл сайын әдебиет пен өнерге берілетін Қазақстан мемлекеттік сыйлығы берілетін кезде болатын дау-дамай. Расында, кейінгі жылдарда одан лайықтылар сүрініп, тұлғасын жұрт сыйлыққа хош көрмейтіндер жиі алатын жағдайлар көбейіп кетті. Сыйлық беруде әділет болмағасын ел арасында сыйлықты, сыйлық тағайындаушыларды, тіпті сыйлық иеленушілерді де күстаналаушылар көп. Бір сөзбен айтқанда, қадірі кетті... Демек, ел билігі сеніп тапсырған істі әділ атқармайтындардың кесірінен жұрттың наразылығының өршуіне, дәлірек айтсақ, қызғанышының қозуына жүлдегерлерді анықтаушы мемкомиссия айыпты. Қызғанышты тудыратын пәленің бірі өзімшілдік, яғни затты, атақты, тұлғаларды өзгелерге қимау. Қазақ арасында адамдардың Шыңғысхан мәселесінде қызылшеке болып жататынының да бір себебі сол. Өзімшілдік шамшылдықтан, өзіме ғана болсын деген нақұрыс сезімнен де туады. Соның зардабы кейде ұлт тұлғасы дәрежесіне көтерілгендерге тиіп жататыны бар. Оны бәріміз сеземіз, кейде «аш құлақтан − тыныш құлақ» деп естісек те естімеген, көрсек те көрмеген бола салатынымыз бар. Бірақ бұл соншалық әділдік емес. Қисайып бара жатқан пиғылды, ізіне дау-дамай ертуден басқа пайдасы жоқ әрекеттерді байқап тұрып оған «тәк» демесек адамшылығымыз қайсы?! Несін жасырамыз, жұрттың көбі бір бармағын ішіне бүккен әсірепатриот (рушыл, жершіл, т.б. -шыл мен -шіл) популистердің бірбеткей қаптаған жақтаушыларынан сескенеді. Өйткені тек өзімдікі дұрыс деп бетбақтырмайтындарда ұят-ар, обал-сауап деген адамшылық қасиеттің бола бермейтіні бар. Өйткені кісінің намысына тиетін ғайбат пен адамшылығын қорлайтын жала иелері біздің қоғамда жазасын ала бермейді, олардың арамшөптей қаптап кеткені содан. Өзімшілдік туралы әңгіме қозғап отырып, кейінгі кезде «тұлғаларды приватизациялау» құбылысын айналып өтуге болмас. Неге екенін қайдам, бұрын қандай да бір тұлғаның жұлдызы жанса оны ана жақта туған, руы, жүзі мынадай деп ары тарт та бері тарт қылмай-ақ, бүкіл қазақ болып жақсы көріп, бәріміз бірдей мақтаныш ететін едік. Ал қазір ондайларға деген «махаббатымызда» тайпалық не жершілдік бояуы мың құбылып, көз артып тұратын болды... Неге? Баяғы трайбалистік қоғамға қайтып бара жатырмыз ба әлде «өзімізде бармен көзге ұрып» бір рудың екінші рудан артықшылығын көрсетудің қандай да бір пайдасы бар ма? Немесе сенің жеріңнен туған ұлттық тұлғаны өзгелер жақсы көруі үшін оның шыққан тегін, туған жерін үнемі мадақтап отыруға міндетті ме? Немесе белгілі бір тұлғаның руласы не жерлесі болғаның үшін сені де пір тұтуға тиіс пе? Не бұл?!. Басқаны қойып, өзім білетін жайларды айтайыншы. Мен Қарақалпақстанда дүниеге келген қазақпын. Кеңестік кезеңде ол елдің халқының үштен бірі қазақ ұлтының өкілдерінен тұратын (ресми статистика бойынша). Бүгінгі Қарақалпақстан Республикасы 1920 жылы Қазақ АКСР-і құрылған кезде соның құрамында автономиялық облыс болып құрылған. Кейін Голощекиннің тұсында қарақалпақ елі Ресей құрамына (1930 жылы) беріліп, кейін Өзбекстанның құрамына енгізілген (1936 жылы). Демек, ол жердегі қазақтар атамекеннен зорлықпен бөлініп қалған өз жерінде өмір сүріп жатырмыз деп түсінді. Жасыратын несі бар, жергілікті қазақтың өз газет-журналы, радио-телевидениесі болмады демесек, қазақтардың түгелге жуығы өз ана тілінде орта білім алды. Қазақ ауылдарының бәрінде қазақ мектебі болды, ол жерлерге Қазақстанда шығатын барлық газет-журналдар келетін, кітапханаларда қазақ кітаптары толып тұратын. Қазақ азаматтары республикалық деңгейдегі лауазымдық қызметтер атқарды. Осындай жағдайда бұл жерде қазақ рухы қалай төмен болады?! Еңсесі биік қарақалпақстандық қазақтар ұлттық өнерін жақсы дамытты. Атажұртында арнайы білім алып келген әнші-күйші, журналист, әртістер болды бірталай. Ал жыраулық өнер бұл өлкеде өте күшті дамыды. Шынын айтсақ, атамекеннің өзінде Бесқаладағыдай жыраулар болмады. Сондықтан ол жерде туған қазақтардың арасынан Төлеген Айбергенов секілді ақын, Зұлхарнай Сахиев сияқты аудармашы, Жұмабай Тәшенов секілді прозашы-драматург, Наурызбек Раманқұлов, Қарасай Әбдімұратұлы, Алдаберген Тасқынбайұлы, Хайролла Иманғалиев секілді жыраулар, әйгілі Ғарифолла Құрманғалиевтің Сәтмағамбет Нұрмағамбетов, Тоты Серғазиева, Мінажатдин Өтемұратов секілді дарынды әнші шәкірттері шықты. Басқа салалардан шыққан ғалымдардың өзі бір төбе. Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атағын алған алты қазақ тағы бар (біреу «Даңқ» орденінің толық кавалері). Бұлардың қай-қайсысы да ұлтқа мақтаныш болатын тұлғалар ғой. Бірақ тәуелсіздіктен бергі жерде бұлардың бәріне басқаша көзқарас пайда бола бастады. Оған себеп болған сол Қарақалпақстаннан көшіп келген кейбір қандастарымыз. Әсіресе, Ақтөбеге қоныс басқан ағайын. Әрине, бауырға тартқан ағайынды кім жек көрсін, бірақ кейбіреулердің тұлғаларға жасаған жақсылығының артында тайпашылдық, жершілдік мүдде жататыны жаныңа батады. Тұлғаны ұлықтау үшін оның тегіне қарап бағалаудың не қажеті бар? Ол есі дұрыс, ұлтын тұтас сүйетін миллиондаған адамдардың көкірегіне кірбің түсірмей ме? Ананың ата-бабасы біздің жерде туған немесе аталары осы жақтан кеткен деп иемденіп, парықсыз мақтану − халықтың махаббатына көлеңке түсіруге тырысу емес пе? Оның несі жақсы? Білгіштердің айтуынша, Төлеген Айбергеновтің ата-бабасы Ақтөбенің Байғанин ауданында туыпты, сондықтан ол осы жердің адамы болып саналады-мыс. Атақты жырау Наурызбек Раманқұловтың ата-бабасының мекені де осы жерде. Сондай-ақ Жұмабай Тәшенов Ақтөбеде туған деп шындықты көпе-көрнеу белден басып мақала жазады бір ағамыз. Бұларың не, олардың қай жерде туып-өскені көзінің тірісінде хатқа түсті емес пе десең, ол кезде құжатты кез келген жерден ала берген деп бетбақтырғысы келмейді. Сол сияқты Бесқалада туған Мақаш Балмағамбетов, Плис Нұрпейісов, Іният Наурызбаев, Жұман Қарақұлов, Жұмағали Қалдықараев, Әлімбай Аманбаев секілді ІІ дүниежүзілік соғыстың батырларын Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда жақтың қазақтары осында туған деп «аңыз» жасап жатыр. Әрине, «Жамиғы қазақ бір туған» деп атақты Базар жырау айтпақшы, түгел қазақтың түбі бір, бәрінің де ата-бабасы ұлы далада өсіп-өнгені анық. Бірақ әркімнің қайда туып-өскені жайында мәлімет бұрмаланбауы керек. Себебі адамның тағдырын қалыптастыратын туып-өскен ортасы. Әрі бұлай өзіне икемдей беру − сырттағы қазақтан тұлға шықпаған деген түсінікті қалыптастырып, оларға деген теріс көзқарас тудырады. Мәселен, Қарақалпақстаннан шыққан белгілі тұлғалар туралы танымы терең, тәлімі ерен талай мақала жазып жариялаған талантты қаламгер Бегабат Ұзақовтың еңбегін өзі тапқандай иемденіп, соңынан деректерін бұрмалайтындардың талайын көрдім. Бұл − сырттағы талай қазақты атажұртына таныту жолында тер төккен адамның еңбегіне қиянат екенін осындағы жерлестеріме ескерткім келеді. Мен бұл әңгімені неге айтып отырмын? Өзімшілдік те кесел, ол да қызғанышты тудырады. Оның арты жұрттың көңілін қалдыратын дауға ұласып, ауызбірліктің бұзылуына алып келеді. Бүгінгі сөз еркіндігі дамыған заманда әлеуметтік желілерде қазақты бөлінуге алып келетін рушылдық, жершілдік әңгімелері жиі айтылады. Соларға қой деудің орнына жұрттың қолтығына су сеуіп, жанған отқа май құйып отыратындардың арасында әжептәуір елге танымал адамдардың кездесетінін көргенде не деріңді білмей дал боласың. Талайы қызғанышын жасырмай, іштарлығын ашық білдіріп отырады тіпті. Мынаны білу керек, қызғаныш, іштарлық, көреалмаушылық, өзімшілдік − қазақты бөлуге, қоғамды ыдыратуға ғана себі тиетін теріс қасиет! Оның бәрі хас надандықтан, білімсіздіктен, көргенсіздіктен, сатқындықтан туады. Демек, ел боламыз десек ең әуелі құлқымызды түзеу керек-ау. Ол үшін көреалмаушылықтың көрігін басудан тыйылсақ дұрыс болар.  

Серіктес жаңалықтары