Жаңа нұсқа, тағы қаулы – әліпби әлі даулы

Жаңа нұсқа, тағы қаулы – әліпби әлі даулы

Жаңа нұсқа, тағы қаулы – әліпби әлі даулы
ашық дереккөзі
Жазу – жай ғана әріптердің жиынтығы деп түсіну жаңсақтық болар еді. Ұлт болып ұйысып, ел болып ерекшелену үшін тілдің маңызы қандай болса, әліпбидің де маңызы соншалық. Қазақпен бірге қазақ жазуының да талай тезге түсіп, теперіш көргені, саяси құралға айналғаны да сол себепті болатын. Тәуелсіздік алғалы қанша жылдан бері өз табиғатымызға сай, латын графикасына негізделген төл жазуымызды жасап шығару мәселесі көтеріліп келді. Елбасы 2012 жылы тапсырма беріп, арнаулы жұмыс тобы да құрылған. Соңғы жылдары бұл мәселе нақты жолға қойылып, 2018 жылғы 19 ақпанда Елбасының №637 Жарлығымен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі бекітілді. Содан кейін қаншама уақыт өтті, бекітілген әліпбидің орнын басқа әліпби алмастырды. Сол әліпбиге көшетінімізге сенімді болдық. Өзгеріске бейім екеніміз соншалық – арнайы қаулыны күтпей-ақ жаңа әліпбиге өзіміз-ақ ауыса бастадық. Бірақ жақында ғана Мемлекет басшысына әліпбидің тағы бір жаңа үлгісі таныстырылды. Алғашында бір дыбыс – бірнеше таңба принципі бойынша жасалған диграфты әліпби бекітілді, ол бірден қоғамдық резонанс тудырды. Бұл әліпбидің біздің табиғатымызға мүлде жат екені ғалымдар тұрмақ, қарапайым адамдарға түсінікті еді. Кейіннен латын әліпбиінде жоқ төл дыбыс-тарымызды таңбалауға акутты қолданып тағы бір әліпбиді бекіттік. Халықтың басым көпшілігінің нақты осы әліпбиге көшеміз деген ойы болды. Себебі көптеген дәрістер, курстар, семинарлар өтті, жоғары оқу орнында осы әліпби негізінде пәндер өткізілді, жалпыхалықтық диктант ұйымдастырылды. Дүкен, жеке меншік нысан атауларынан бас­тап, көше, елді мекен, тіпті қала аттары да осы әліпбимен жазыла бастады. Алайда жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен латын графикасына көшу мәселесі бойынша кеңес өтті. 9 қараша күні өткен кеңесте Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова басқа, жетілдірілген әліпби жобасын ұсынды. – Жаңа әліпби бастамасы – бұл күр­делі әрі  шетін мәселе екенін ұмыт­­паған жөн. Жаңа графиканы ен­­гізу бір күнде я болмаса, тіпті, бір жыл­да іске аса қоятын жұмыс емес. Әйт­песе, асығыстық бүкіл мәде­ние­тімізге және тарихи болмысымызға зиян келтіруі мүмкін. Мәселе – ки­рил­лицадан латын әліпбиіне аударуда емес, бұл қазақ тілінің ауқымды ре­формасы деген сөз. Қаржы мәсе­ле­сін де ескеруіміз керек. Латын әліп­биін енгізу жұмысы  біртіндеп жүзеге асуы керек. Негізінде, бұл графика  жас ұрпаққа арналған деп айтуға бо­лады. Оның игілігін, ең алдымен, со­лар көруі керек. Сондықтан, бұл үр­діс жоспарлы түрде, біртіндеп іске асы­рылуы қажет, – деді Мемлекет бас­шысы. Сонымен қатар таныс­ты­рылған нұсқаны Үкімет жанындағы Қа­зақ тілі әліпбиін латын графикасы­на көшіру жөніндегі Ұлттық ко­мис­сияның кезекті отырысының қа­рауы­на енгізуді тапсырды.

Ғалымдар не дейді?

Ерден ҚАЖЫБЕК, филология ғылымдарының докторы:  width=

Орыс-қазақ әліпбиін жасауға ұрына береміз

– Біресе бір нұсқа, сосын екінші нұс­қа, одан соң үшінші нұсқа шықты, мұндайды түсіну өте қиын, ақылға қон­байтын нәрсе. Халық ғалымдар қайда қарайды, тіл мамандары қайда қарайды деп, қойыртпақтың бәрін тілшілер жасап жатыр деп ойлайды. Естеріңізде болса, 2017 жылы Елбасының шешімімен, Президент Әкімшілігінің қаулысымен әліпбиді жа­сайтын топ құрылды. Мен сол кезде Тіл білімі институтының ди­рек­торы болдым әрі сол топты бас­қар­дым. Топқа 20-30 мүйізі қара­ғай­дай ғалымдар кірді. Сосын бұл топ­тың жанынан сарапшылар тобы жа­сақталды. Сөйтіп біз 5-6 ай жұмыс іс­теп Президент әкімшілігіне тамыз айының соңында ғалымдардың нұс­қасын ұсындық. Бұл нұсқаны айтып жүргенімізге, негізі 20-30 жылдан асып кетті. Біз тәуелсіздік алмай тұ­рып, тек қана қазақ тілінің мамандары емес, зерттеуші ғалымдар, бұдан өзге қырғыз, татар, башқұрт 20-30 түр­кі елінің ғалымдары жиналып 3 күн жиын жасап әліпбиді талқыла­дық. Себебі түркі тілдерінің барлығы туыстас тілдер саналады. Мысалы ағылшын, неміс тіліндегі диалекттер бір-бірінен өте алшақ. Ал түркі тілдері бір-біріне өте жақын. Сондықтан біз бір-біріміздің жазғанымызды оқи алатындай ортақ, мүмкіндігінше ұқсас таңбалармен таңбалайық деп бү­кіл түркі тілдеріндегі дыбыстардың тізі­мін жасап, 34 дыбыс әр дыбысқа бір-бір латын таңбасын белгілеп қой­ғанбыз. Содан кейін 1993,1995,1996 жылдары бірнеше жиын болды, ғалымдардың барлығы қолдап, осы нұсқаға дауыс берді. Ең соңғы жиын 2018 жылы жылдың аяғында өтті. Біз айтып жүрген басты мәселе – осы. Кезінде Кеңес Одағы бір ғана кирилл әліпбиі негізінде бір-біріне ұқ­самайтын 20-30 әліпби жасады. Мұ­ны әдейі істеген деп ойлаймын. Мысалы, қарашай-балқармен қазақ сөйлессе, айырмашылық білінбейді, бір-бірін қиындықсыз түсінеді. Бірақ бір-біріміздің жазғанымызды оқи алмаймыз. Латынға ауысқан кезде осы олқылықты жөндейік, ортақ ды­быстарды әр басқа қылып таң­балай бермейік деген өте қарапайым принципті ұстандық. Қазақ тілінде 28 дыбыс бар, қазіргідей бір таңба бірнеше дыбыстың комбинациясын емес, тек бір дыбысты бергені дұрыс. Мысалы, орыс тілінде и әрпі тек бір дыбысты беретін болса, қазақ тілінде ол әрі дауысты дыбысты, әрі дауыссыз дыбысты әрі дифтонгтарды береді. У әрпі де сондай. Жаңа әліпбиде мұндай болмауы керек. Біз осы жобаны 2017 жылы ұсынғанбыз. Бірақ жо­ғары жақ талап басқа деп оны керек етпеді. Парламентте қабыл­дан­ған нұсқаның тілші ғалымдарға еш­қандай қатысы жоқ, қай жақтан түскен жоба екенін білмеймін. Сол кезде Парламентте латын әліпбиін жасайтын топ жетекшісі ретінде мен қабылданған нұсқа туралы бір ауыз сөз айтқан жоқпын. «Тіл-қазына» орта­лығы сол әліпбиді түсіндірді. Сол кезде Парламенттің өзін­де дау басталды, халық та қол­даған жоқ. Сосын екінші нұсқа пайда бол­ды. Ол акутты әліпбидің де тілші ға­лым­дарға ешқандай қатысы жоқ. Содан кейін осы әліпбиге қатысты Үкімет жанындағы Ұлттық комис­сия­ның отырысы болды. Сол комис­сияның мүшесі болғандықтан оты­рысқа қа­тыстым. Оған дейін де бұл нұсқаны қолдамайтынымды айт­қан­мын, бұл ойымды жиында біраз ға­лым қолда­ды, халық та әліпбиді ұнат­пады. Ал негізінен ұсынылған әліпби­лер біздің нұсқаға бірте-бірте жа­қын­дап келеді. Бірінші әліпби 100 пайыз ұқсаған жоқ, екінші әліпби 80 пайыз сәйкес келмеген еді. Ал қазіргі таныстырылған нұсқа, керісінше 80 пайыз ғалымдар нұсқасына ұқсайды. Тек 2-3 таңбаны жөндеу керек. Өйт­кені орыс тілінің, орыс жазуы­ның ұстанымдарынан әлі толық арыла алмай жатырмыз. Орфографиялық ко­миссия, «Тіл-қазына», тағы да бас­қа комиссиялар жаңашылдыққа ұмты­ламыз деп әйтеуір бірдеңелерді қосып жібереді. Орыс-қазақ әліпбиін жасауға ұрына береміз, ұрына береміз. Біз, Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы ұлттық университеті, Абай атындағы университет профессорлары және тағы да басқа ға­лымдардың қолдайтын нұсқасы біреу-ақ. Отыз жыл ішінде ол өзгер­ген жоқ, өзгеруі де мүмкін емес. Қазіргі дау-дамайдың барлығы кір­ме сөздердің төңірегінен туындап отыр. Кірме сөздерді қалай жазамыз деген проблема тұр. Неліктен? Себебі біз күні бүгінге дейін қазақ тілінің заң­дылығын өрескел бұзып, орыс ті­лінің ығына жығылып келдік. Жат ай­тылымдар, бөтен сөздер  тілімізде өріп жүр. Ең қиыны – жұрт тілін бұ­зып, сындырып қате сөйлеуге үйре­ніп қалды. Орысша таза сөйлеген адам сауатты да, қазақ тілінің заң­дылығымен сөйлеген адам сауатсыз, оқымаған, қараңғы адам деп есептеледі. Ойлау жүйеміздің қаншалықты өзгергенін осыдан-ақ бағамдай бе­ріңіз. Біз мейлі қай тілдің сөзі болсын қазақша айтуымыз керек. Кезінде пуховойды бөкебай, кровать – кереует деген сияқты. Ахмет Байтұр­сынұлы­­ның керемет бір сөзі бар: қазақ ешқашан тілін сындырып «ко­миссар» деп айтпайды, «көмисөр» дейді деген.  Кірме сөздерді алмайық деген сөз емес, тек оларды өз тілімізге икемдеп, қазақтың шапанын кигізіп алуымыз керек. Латын тіліне көшу, рухани жаңғырудың басты мақсаты да – осы. Өзіміздің төл бол­мысымызға, төл тілімізге, төл та­биғатымызға біртіндеп оралу, тілі­міздің әуезділігін қайтару. Батпандап кірген мысқалдап шығады ғой. Бірден бәрін өзгерте алмаймыз. Гүлфар МАМЫРБЕК, Ш.Шаяхметов атындағы  «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының  жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты:  width=

Біз кирилл санадағы халық пен латын санадағы ұрпақтың арасында отырмыз

– Алғашында әліпбидің акутты нұс­қасы тұңғыш Президенттің Жар­лығымен ресми түрде бекітілді. Бұйрық шыққаннан кейін, әрине жоғарыдағы Үкіметтің тапсырмасы бойынша әліпбиді қоғамға насихаттау, түсіндіру, таныстыру жұмыстары жүрді, бекітілген әліпбидің жазудағы қиындықтары бар ма, артықшылық­тары қандай – жалпы қазақ әліпбиі­нің принциптеріне сай ма, жоқ па, осы бағытта дәрістер өтті. Сол кезде бекітілген әліпбидің қазақ жазуын таңбалаудағы бірқатар кемшіліктері айқындалды және «Тіл-Қазына» ғы­лыми-практикалық орталығына ресми түрде ұсыныстар келіп түсе бас­тады. Мына таңба неге бұлай, мына таңба мынаған жарамайды деген сияқты.  Бұл – бір. Екіншіден, акутты әліпби бекі­тілгеннен кейін көзі ашық, әліпбимен та­нысқан қоғам белсенділері болсын, дәріске қатыспаған басқа да сырт көз тарапынан болсын қа­теліктер сараланды, әлеуметтік же­лілерде де жүрді. Ашығын айту ке­рек, акутты әліпби – тілші ғалымдардың араласуынсыз жасалған әліпби болатын. Сондықтан оның кемшіліктері өте көп болды. Осыны түсінген Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев әліп­бидегі кемшіліктерді жөндеуге тапсырма берді. Ол, шатаспасам, 2019 жылдың қазаны болатын. Тапсырма қалай берілді, солай жекелеген адам­дар тарапынан әліпби ұсыну қарқын алды. Қоғам бекітілген әліпбиді же­тілдіру жұмысы емес, өздерінің әліп­билерін ұсынумен айналысып кетті. Латын графикасына көшуге байланысты арнайы төрт топ құрылды. Оның біреуі терминология жағын, екін­шісі – орфографияны, үшіншісі – әдістемелік, төртіншісі – техника­лық сүйемелдеу тұрғысынан, перне­тақ­та, т.с.с қарайтын топтар. Ал бе­кі­тіл­ген әліпбиді жөндеу, түзету, жұмыстарын осы төрт топтың ішінде тек орфографиялық жұмыс тобы ғана жүзеге асырады. Және бір жыл бойы орфографиялық жұмыс тобы қалған үш топтың мамандарымен ақылдасып, халықаралық семинарлар ұйымдастырып, жан-жақты зерделеп, бекітілген әліпбиді жетілдірді, жөндеді. Қиындық тудырып тұрған таңбаларға өзгеріс енгізді. Президентке таныстырылған әліпби  ешқандай да Тіл білімі инст­итуты­ның немесе «Тіл-қазына» ор­талы­ғы­ның әліпбиі емес, орфог­рафиялық жұ­мыс тобының әліпбиі. Ор­фог­ра­фия­лық жұмыс тобында Тіл білімі институтының ғалымдары отыр, бас­қа да еліміздің жетекші жо­ғары оқу орындарының ғалымдары бар. Ол жердегі ғалымдардың басым бө­лігі жазу тарихы, жазу теориясымен, орфография, орфоэпиялық нор­ма­лармен айналысқан ғалымдар. Ұлттық әліпби жасаудың бірнеше принциптері болады. Бір дыбысқа бір таңба, бір әріп бірнеше дыбысты бермеуі керек, бір дыбысты бірнеше әріптің қосындысымен беруге болмайды деген сияқты. Бастысы – сол әліп­бидегі әріптер ұлттық дыбыстың ерек­шеліктеріне сай болуы керек. Соң­ғы әліпби жобасы осының бар­лығы ескеріле отырып жасалды. Жалпы, Тіл саясаты комитетіне же­келеген адамдардан ресми түрде 40-тан аса жоба келіп түсті. Оның ішін­де математиктер де ұсынып жа­тыр, инженер де ұсынып жатыр, мүлде басқа саланың адамдары да ұсынып жатыр. Әрине,  олардікі – дұрыс. Өйткені тілдің жағдайына, әліпби дегенде кез келген жаны ашитын азамат көңіл бөледі ғой. Сол әліпбилердің 8-ін орфографиялық топ ресми түрде талқылаудан өткізді. Ке­ліп түскен әліпбидің барлығын талқылаудан өткізіп отыруға, біріншіден, уақыт жоқ, екіншіден, ұсы­нылып жатқан әліпбилердің кейбіреуі тіпті қазақ жазуының шарттарына мүлдем сәйкес келмейді. Сон­дықтан сол сияқты жобаларды ор­фог­рафиялық топтың жекелеген ға­лымдары пікір білдіріп, кері қай­та­рып отырды. Бұл әліпбиді орфографиялық топ мүшелерінің 95 пайызы қолдап ұсы­нып отыр. Өздеріңіз хабардарсыздар, Президент оны Ұлттық комиссияның қарауына ұсынды. Ұлттық комиссия қарағаннан кейін қандай да бір ес­керту немесе ұсыныс айтылуы мүм­кін ғой. Президентке көрсеткен әліп­би соңғы, бітті, енді өзгермейді деп айтуға хақым жоқ. Өйткені ол та­ғы бір комиссиядан өтеді. Жалпы, қоғамға 100 пайыз ұнай­тын әліпби ешқашан болмайды. Шы­ны керек, болуы да шарт емес. Себебі ол – табиғи заңдылық. Осы жер­де орфографиямен, орфограммамен айналысып жүрген ғалымдардың шешіміне бағынуымыз керек. Және ол ресми жарлық түрінде енсе, қоғам соған бағынуы керек. Әлем тілдерінің барлығында солай. Қазір біз 42 таңбадан тұратын ки­рилл жазуын қолданып отырмыз. Кірме сөздердің көбі орыс тілінде қалай жазылса, тілімізге тура сол күйі келді. Ал латын әліпбиіне көш­кенде басы артық 10-11 таңбаны әліп­би құрамынан шығарып тастады ға­лымдар. Енді латынға көшкенде сол дыбыстармен жазылатын сөз­дердің де емлесі өзгереді, қазақ ті­лінің дыбыстық заңдылығына икемдеп жазатын боламыз. Бұл жерде үл­кен дау-дамай тудырып  отырған мы­нандай күрделі проблема бар. Мы­салы, «полиция» деген сөзді ор­фог­рафиялық топ ғалымдары «polisia» деп берді. Енді келесі бір топ оны жоқ, ол дұрыс емес, «пәлетсе» деп беруіміз керек дейді. Кірме сөздерді таңбалағанда әрпі жоқ болып тұрған сөздерді икемдейік, ал университет ол – университет болып қала беруі керек, институт – ол институт болып қала беруі керек. Біз қазір кирилл санадағы халық пен латын санадағы ұрпақтың арасында отырмыз. 70 жыл бойы кирилл таңбасымен жазғандарды да ысырып тастай алмаймыз ғой. Сондықтан қазір латын әліпбиінде жоқ 10-11 таңбамен жа­зы­латын сөздерді жақсылап меңге­ріп, игеріп алсақ, қалғаны болашақта өзі-ақ жүре түзелетін шаруа.

                               Латын бізге таңсық емес      

Латын әліпбиі біз алғаш рет көріп тұрған таңсық әліпби емес. Кезінде Кирилл әліпбиі енгізілгенге дейін, 1920-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі жазу таңбамыз ретінде қолданылды. Ол кезде де әліпби, емле және оны реформалауға байланысты қазақ оқымыстыларының ара­сында пікірталас туындаған. Зия­лылар латыншылдар және арабшылдар немесе қазақшылдар деген екі топқа бөлінді. Пікірталастар «Дала уәлаяты», «Ай­қап», «Қазақ» газеттері беттерінен кө­рініс тапса, 1920 жылдан бастап «Ең­бекші қазақ», «Жаршы», «Жаңа мек­теп» газеттерінде де жарияланып отырған. Айталық, Н.Төреқұлов «Бізге қандай әліппе керек», Ә.Байдил­дин­нің «Жаңа әліппе тарихынан», Б.Байтоғайұлы, Қ.Басымов, М.Дулатов, Т.Шонанұлының «Бізге жаңа әліп­пе не үшін керек?», О.Жандосұлы, М.Жолдыбаев, Қ.Жұбанов, Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, Н.Қаймекеұлы, Ж.Ай­мауытовтың, М.Мұхтарұлы «Дыбыс белгілерін негізінен өзгерту керек» сияқты мақалалары соның дәлелі. Түркия, Әзербайжан, Түрк­мен­стан, Өзбекстан сияқты түркітілдес елдер латын әліпбиіне негізделген өз жазуына көшкен. Әсіресе, Мұстафа Кемаль Ататүріктің елін латынға қа­лай көшіргені туралы көп айтылады. 1928 жылғы 1 қарашада түрік пар­ламенті бірауыздан әліпби туралы заңды қолдаған. Осыдан кейін Дол­мабахче сарайы министрлер мен жоғары лауазымды шенеуніктер жаңа әліпби үйрететін бастауыш мек­тепке айналды, мұғалім прези­дент­тің өзі болды. Оқушыларға рух беру үшін ол тіпті арнайы музыка – «ал­фавит маршын» жазды. Банктер, пошта бөлімшелері және полиция бөлімшелері сынып тақталарымен жабдықталды. «Түркия бір үлкен сы­ныпқа айналды», – деп жазды National Geographic. Көрші өзбек ағайындар да әліпби реформасын бастан кешірді. Тек, асы­ғыс түбі – өкініш дегендей, оларда әлі күнге дейін оқтын-оқтын әліп­би реформалары болып тұрады. Статистика мәліметтері бойынша бүгінде әлемнің 70 пайыз елі латын жазуы арқылы білім игеріп, ғылымын дамытып отыр. Ғылым-білім, өркениет көшін айтпағанда, түптеп келгенде, ұлттық әліпби – егемендіктің ең негізгі белгілерінің бірі. Әйтпегенде ол саяси-идеология құралына айналмас та еді. Жазу таңбаларын ұлттық ерекшеліктерімізге сай етіп қайта жасақтау – шын мәніндегі рухани жаңғыруға жетелейтін төте жол десек, оған асықпаудың да, асығудың да керек екені анық. Қалай десек те, төл әліпбиіміздің сана түпкірінде көмескілене бұғып жатқан ұлттық қасиеттердің қайта жаңғыруына сеп болатынына сеніміміз кәміл. Тек дер кезінде дұрыс нұсқаны қабылдасақ игі.