253
Қандасымызға операция жасаған дәрігер неге «қашып» кеткен?
Қандасымызға операция жасаған дәрігер неге «қашып» кеткен?
Бас ауырып, балтыр сыздаса жалғыз барар жеріміз – аурухана. Әр науқас дертіне шипа табылар деген зор сеніммен баратыны анық. Ал сол сенімге селкеу түссе не болмақ? «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?» дегенің кебі. Олай деуімізге Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы «Сенім» клиникасына қаралып жүрген қандасымыз Әбдірахман Бабықтың бізге хабарласып, айтқан базынасы себеп болып еді.
Túrkistan газетінің (16.01.2020) №2 санында Иран елінен көшіп келген қандасымыз Әбдірахман Бабықтың отбасындағы әлеуметтік қиыншылығына байланысты «Қазақ есімді ана қазақ елінен жәрдем сұрайды» деген тақырыпта мақала жарияланған еді. Мақалада қандасымыз Әбдірахман Бабықтың екі көзі нашар көретіні және отбасы мүшелері жұмысқа жарамсыз болғандықтан жағдайы төмен екені жазылған. Сонымен қатар Әбдірахман Бабықтың отбасылық табысы дәрі-дәрмегіне жетпейтінін, екінші топтағы мүгедектерге беретін әлеуметтік жәрдемақы алуды сұрағаны айтылған. Осыған орай, газет атынан клиникаға аталған мәселеге байланысты нақты жауап беруін сұрап, арнайы хат (9 ақпанда) жолдаған едік.
Өйткені, қазақта «ауру адам – ұрысқақ, аш адам – тырысқақ» деген сөз бар ғой, сол айтқандай науқас адам эмоцияға беріліп, қаттырақ айтып қойды ма, мәселенің анық-қанығын Гиппократқа ант берген ақ халатты дәрігерлердің өзінен сұрап білейік деген ниет болатын. Хатымыз ауруханаға жетті. Бірақ хаттың жауабы келмеді. Тіптен, телефон шалып та көрдік. Бір жағынан қандасымыздың мекемеден көңі-лі қалған ба, қайта-қайта бізге хабарласып, мәселенің шешілмегенін айтумен болды.
Сонымен Túrkistan газетінің қандастарға арналған ATAJURT жобасы аясында Маңғыстау облысы Ақтау қаласына арнайы барып, Әбдірахман Бабықтың өзімен және жұбайы Қазақ Носратбибімен жолығып сөйлестік.
– Мен «Сенім» клиникасына көзім нашар көретінін айтып, көзілдірік беруді сұрадым. Бірақ олар «сізге көзілдірік жарамайды» деп 2018 жылы көзіме операция жасады. Кәдімгі бір көзімді шығарып алды да, қайта тігіп орнына қойды. Екі айдан кейін көзім бұрынғыдан бетер нашарлады. Сосын ауруханаға барып, «көзіме операция жасаған дәрігер қайда, көру қабілетім нашарлап кетті» деп едім, олар «ол дәрігер қашып кеткен» деді. Мекенжайын сұрап едім, «бізге айтпай кетіп қалды, білмейміз» деп бермеді, – дейді Иран елінен келген қандасымыз Әбдірахман Бабық.
Бұдан кейін оның отбасылық күнкөрісі төмендеген. Өйткені, Әбдірахман Бабық расымен де жұмысқа жарамсыз болып қалған. Ал жұбайы Қазақ Носратбибі көше сыпырып, айына 40 мың теңге алады екен. Әлеуметтік жатақханада тұратын Әбдірахман Бабықтың отбасы сол 40 мың теңгемен емделе ме, әлде күн көре ме?! Осылай тұрмыстың тауқыметі қысқан қандастар ақыры екі көзі нашар көретін Әбдірахман Бабыққа екінші топтағы мүгедектерге беретін әлеуметтік жәрдемақы алу үшін «Сенім» клиникасына жүгінген. Бірақ олар шығарған дәрігердің диагнозы Медициналық әлеуметтік сараптама комиссиясын қанағаттандырмаған көрінеді. Өйткені оған үшінші топтағы мүгедек деген анықтама шыққан.
– Жолдасымның көзіне дұрыс операция жасамай, одан бетер соқыр қылып қойған аурухана әкімшілігі: «Арыз жазба, сотқа берме. Екінші топтағы мүгедектерге беретін әлеуметтік жәрдемақыны алып береміз» деп уәде берді, – дейді жұбайы Қазақ Носратбибі.
– Дәрігерлер «5 келіден асатын зат көтеруге болмайды, жұмысқа жарамайсыз» дейді. Ал Медициналық әлеуметтік сараптама комиссиясы мені жұмыс істеуге жарамды дейді, – деп мұңын шақты Әбдірахман Бабық.
Осылайша қандастардың айтар базынасын өз аузынан тыңдап алған соң, (аудио, видеоға жазып алып) «Сенім» клиникасына бардық. Қазіргі карантинге байланысты барлық гигиеналық тәртіпті сақтай отырып, бас дәрігерге жолықтық. Әуелі тергеп, тексерген бас дәрігер бұл мәселе бойынша жауап беруге жалтарып, бірден ат-тонын ала қашты. Осы кезде біз газет атынан жолданған хатқа неліктен 9 ай бойы жауап бермегенін сұрадық. Ресми хатқа жауап беру міндетті (заңды) екені есіне түссе керек, алдындағы бетқаратпас райынан қайтып, хатпен сұраған сауалымызға ауызша жауап беруге келісті.
– Бұл Әбдірахман Бабық деген кісі 1956 жылы туған. «Сенім» клиникасына тіркелген. 2018 жылы қазан айында көзіне ота жасалған. Диагнозы – глаукома. Өзінің айтуына қарағанда, сол операциядан кейін бұл кісінің көру қабілеті нашарлай түскен. Ондай мүгедектік байқалған соң, 2019 жылы біз бұл кісіні екінші мүгедектік топқа дайындадық. Мүгедектік топты дайындайтын 088-ші форма бар. Облыстық Медициналық әлеуметтік сараптама комиссиясына тиісті құжаттарын дайындап жібердік. Алайда Медициналық әлеуметтік сараптама комиссиясы бұл кісіге үшінші топтағы мүгедектікті берген. Мүгедектік топты анықтайтын біз емес, Медициналық әлеуметтік сараптама комиссиясы, – дейді «Сенім» клиникасының бас дәрігері Ерке Сейітқызы.
Қандасымыз Әбдірахман Бабыққа дәрігерлер екінші топтағы мүгедек екенін анықтайтын диагноз шығарған болса, онда облыстық Медициналық әлеуметтік сараптама комиссиясы неліктен үшінші топтағы мүгедек деп таныған?!
Қысқасы, бұл мәселені әлі де назарда ұстайтынымызды ескертіп, құзырлы мекемелерден осы жағдайға байланысты толымды жауап күтеміз.