902
Біз қай жерде қате жібердік?
Біз қай жерде қате жібердік?
Әлемге жайылған пандемия қалыпты өмір салтымызға біршама өзгеріс әкелді. Үй жағдайында оқшауланған жандардың бәрі берекелі күн кешті дей алмаймыз. Карантин жағдайы айрандай ұйыған талай отбасының шырқын бұзды. Елімізде карантин жағдайына байланысты ажырасқандар санының артуымен қатар кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы суицид те екі есе артқан.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайларына алаңдаушылық білдірген еді. «Балалар мен жасөспірімдер ортасындағы суицид жағдайлары – бәріміз үшін қасірет. «Балалар неге ондай қадамға барады?» деген сұрақ бойынша бәріміз ойлануымыз керек. Өмірлік нақты нұсқамаларды қалыптастыру – айналып келгенде тәрбие беру процесі сапасының түпкі талабы болуға тиіс», – деп атап өткен болатын.
Жақында Мәжіліс депутаты Артур Платонов та жасөспірімдер арасында суицид жасаушылар санының артқанын айтып дабыл қақты. Депутаттың айтуынша, тек қаңтар-сәуір айында 114 бала суицид жасауға әрекеттеніп, 46 оқиғаның соңы қайғылы жағдайға ұласқан. Аталған жағдай бойынша Түркістан, Шығыс Қазақстан, Алматы мен Қостанай облыстары көш бастап тұр. Алайда депутат өзі келтірген деректің шынайылығына күмәнмен қарайды. Өйткені баласы суицид жасаған немесе жасауға талпынған ата-ананың барлығы бірдей бұл туралы полицияға хабар бермейді, білікті мамандардың көмегіне жүгінбейді. Бұдан бөлек, біздің қоғамда өз-өзіне қол салғандар мен соған әрекеттенгендерді айыптау басым.
Әлем бойынша Қазақстан – көп суицид жасалатын елдердің бірі. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы келтірген дерек бойынша, суицид жасаушылар арасында Қазақстан бірнеше жыл қатарынан алғашқы ондықта тұр. 2018 жылы елімізде өлімнің кең тараған жеті себебінің бірі осы суицид болған. Ал жасөспірімдер арасында ұлдарға қарағанда қыздар жиі өзіне қол жұмсайды екен. Суицидтің себептері және алдын алу туралы сарапшы мамандардан сұрап көрген едік.
Санжар КЕРІМБАЙ, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының авторы:
Ата-ана баласын абырой қылып, бетке ұстайтын машинаға айналдырады
– З.Фрейдтің айтуынша, адамның түпcанасы 6 жасқа дейін қалыптасып бітеді. Яғни 6 жасқa дейін баланың санасы қандай ақпаратты қабылдаса, түпсанасы солай қалыптасады. Есейген кезде түпсанадағы осы қоры оны бейсаналы түрде басқарып тұрады деп тұжырым жасаған. Кейін бұл тұжырымға қарсы шыққан ғалымдар да болды. Бірақ Фрейдтің сөзінің жаны бар. Өткен дәуірдің қазағы не үшін төзімді болды? Өйткені ол кезеңде бесіктегі сәбиге әлди айту мызғымас дәстүр болатын. Менің балам осы ма? Басында бақыт құсы ма? Ғайып ерен қырық шілтен Бөбегімнің досы ма? Әлди, әлди, әлди-ай. Лә иләһә иллалла, Иллаллада пайда бар. Мұхаммедтің үмбеті Осындай бала қайда бар? – деп бесігін тербететін. Осылайша әлдидің мазмұны баланың түпсанасына сіңіп қалатын. Одан бөлек ауылға келетін жырау, әнші, күйші, жыршылар да ел-жұрттың құлағына құндылық атаулыны құйып кететін. Бұрынғылардың мықты болуының бір себебі сол. Логотерапия адам болмысын үшке бөледі. 1. Соматика (кірпіш тәні) 2. Психофизика (көңіл күй, мінез-құлқы) 3. Ноологика немесе нооэтика (рухани әлемі). Нооэтика бөлімі адамды ғайыптағы тәңірлік әлеммен иләһи символдар арқылы байланыстырып тұрады. Иләһи символдарды ескінің адамдары «Қисса-сул әнбия», «Сияр Шәріп», «Мың сұрақ» сияқты тағы басқа толып жатқан діни қиссалардан алатын. Модерн ата-аналар мұндай діни мазмұндағы қиссаларды қолданудан барынша қашады. Көбіне тек рационалды ғылымды молынан үйретуге барын салып жатыр. Қазіргі балалар тегінің, психологиясының яки тәрбиесінің әлсіздігінен өзіне қол жұмсап жатқан жоқ. Оларды ғайыппен байланыстырып тұратын иләһи символдар кеуделерінде жоқ. Көкірегі қуыс күйінде өмірге араласып жатыр. Оны логотерапияда «экзистенция вакуумы» деп атайды. Қазіргі балаға ата-анасы аңыз-қиссалар айтып бермейді. Ал, математика, физика, биология, геометрия сияқты рационалды ғылымдар баланы осы дүниеге қамап тастайды. Осы кезде адамның трансценденциялық қабілеті тұншығады. Оны «жабық жүйеге қамалу» дейді. Яғни адам бітеу жұмыртқаның ішіне түсіп кеткен сияқты өз сорпасында өзі қайнай бастайды. Міне, осындай қамауда қалып, экзистенция вакуумінен азап шегіп жатқан адам тағдырдың онша-мұнша соққысына төтеп бере алмай тез сынып кетеді. Экзистенциалистер мынадай шындықты өткір айтады: «адам өзінің біреудің қолындағы қолданбалы затына айналып бара жатқанын сезгенде өзіне қол салуға дайындала бастайды». Біреудің затына айналғаны қалай? Кей ата-ана балаға өзінің не әулеттің абыройын көтеретін қолданбалы зат сияқты қарайды. «Мені жерге қаратпа», «грамота алып кел», «біздің әулеттің атына кір келтірме», «ҰБТ-дан 90-нан кем алсаң, ел бізге күледі» деген сияқты надандыққа ұрынады. Яғни баласын абырой қылып бетке ұстайтын машинаға айналдырады. Көп ата-ана баласының өз қалауымен мамандық не жар таңдауына мүмкіндік бермейді. Ал бала «Мен» деп аталатын болмысын өз қалауымен жарыққа шығара алмай қиналады. Өйткені ата-ана баласының қандай оқу оқып, қай мекемеге жұмысқа тұрып, карьерасын кімдер арқылы қалай жасайтынына дейін сызып, дайын карта сияқты бекітіп береді. Көп бала осы дайын картамен өмірін сүріп өте шығады. Бірақ олар тіршілік деп аталатын таңғажайып нығметтің нағыз дәмін, өмірдің шынайы құнын сол күйі сезбей қалады. Бар бәленің бастауына себеп болған «Қуыскеуделік» немесе «экзистенция вакуумінің» алдын алу үшін біздің «Отбасы хрестоматиясы» қоры 2013 жылдан бері үздіксіз құндылыққа толы кітаптар шығарып келеді. Олар – «Әлдиден эпосқа дейін», «Салт-дәстүр сөйлейді», «Сияр Шәріп», «Мың сұрақ». Осының бәрі баланың көңіліндегі бостықты хикметпен толтырады. Кітаптардың аудио, видеонұсқаларына дейін әлеуметтік желілерге салып қойдық. Оқимын, көремін, білемін, қолданамын деген ақылды кісіге бәрі дайын тұр. Жас баланың қаңыраған түпсанасы немесе босап қалған көкірегі осындай хикмет, мән, мағына, өнегелі сөзбен барынша толуы тиіс. Сонда ғана бозбала иррационалды қалауларын бейсаналы түрде оп-оңай орындап жүре береді. Яғни, иләһи символдар оның түпсанасын тылсыммен жалғап тұрады. Тіпті, КСРО кезінде туып-өскен буынның өзі мықты саналады. Неліктен? Өйткені олар 1975-1985 жылдар арасында «Қыз Жібек», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батырды» сияқты түрлі лиро-эпостық жырларды пластинкадан жаттап алғанша тыңдай берген. Кейін олар үлкен өмірге араласқан кезде көкірегінде сол құндылықтар сайрап тұрды. Көкірекке құйылған осындай құндылықтар өмірдің соққысын болмыстың өзегіне өткізбейтін. Сондықтан да олар психологиялық тұрғыда мығым болатын. Қазіргі оқушылардың «Ахиллес өкшесі» – қуыс кеуде. Ешкім де олардың кеуделеріне мәдени саламен келіп құйылатын рухани құндылықтарды беріп жатқан жоқ. Франклдың «адам сыртқы соққыдан өлмейді, ішкі бостықтан өледі» дейтіні осыған орай айтылған. Көкірегі қуыс пенде тағдырмен ұстасуға дәрменсіз болады. Өмірде болмай қоймайтын түрлі сәтсіздіктер мен қайғы-қасірет бас салғанда, олар ұстаса кетудің орнына керісінше өмір алаңын тастап өлім аймағына өтіп кеткісі кеп тұрады. Бірақ бұл – ең нашар шешім! Суицидтің алдын аламын, көкіректегі үңірейген вакуумды құндылықпен толтырамын деген ата-анаға бүкіл жағдайды жасап қойдық. Баласына қисса-жырларды үйретсе, жаттатса, санасына сіңірсе, ешкім де өмірін қор қылмайды. Керісінше, өмірге құштарлығы артып, бұл дүниенің шеңберіне сыймайтын ірі мұраттар қоя бастайды. Көкірегі қазына адам суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын болып қалыптасады. Қазақ болып, мұсылман болып туғанымыз өмірді мағыналы сүруге молырақ мүмкіндік береді. Сондықтан қолда бар қисса құндылығынан бас тартпауымыз керек. Алмагүл АЛДАБЕРГЕНОВА, Балаларды оңалту ұлттық орталығының психологы:Бала қолдан жасап алатын пластилин емес
– Балалар мен жасөспірімдердің суицид жасауының бірінші себебі – ата-анасының вербалды, эмоциялық қарым-қатынасының жетіспеуі. Ата-ана баланы таңнан кешке дейін көрмесе де, оған уақытын бөлмесе де материалдық жағынан қамтамасыз етсем жеткілікті деп ойлайды. Өздері балаларым қатарынан қалмасын, таршылық көрмесін, мен көрмегенді көріп, мен жемегенді жесін деп үй бетін көрмей жұмыс істеуге дайын. Балам жақсы киінсе, мықты мектепте үздік оқушы болса, қымбат киінсе, қолында соңғы үлгідегі смартфоны болса, барлық қажеттілігін қамтамасыз еткенім деу қате. Баланың ішкі жан дүниесіндегі орны үңірейген эмоциялық бос қуысты ата-ананың махаббаты, түсіністігі, көңіл аударуы ғана толтыра алады. Балаға «Мен сенімен біргемін», «Балам, қандай әрекет жасасаң да сені түсінемін, менің бар екенімді ұмытпа» деген сөздер жетіспейді. Мұндай сөзді естімеген бала мені түсінетін адам жоқ деп түйін жасайды да суицидке барады. Жасөспірімдерден «Ненің өзгергенін қалайсың?» деп сұрасаң, «Мені ешкім түсінбейді. Сырымды анама айтқым келеді, бірақ бәрібір түсінбейтінін білемін» дейді. «Балам ашуланшақ болып кетті» деп шағымданатын ата-аналар баласын сол мінезбен өмір бойы қалып кететіндей қабылдайды. Барлығымыз өтпелі кезеңнен өттік. Балаға да бұл кезеңде мінезінің өзгергені өзіне ұнамайды, өзін түсіне алмайды. Осыны сабырмен айтып жеткізсеңіз, бала өзін түсінетін адам бар екенін білсе, тіл табысу да жеңілдейді. Баланың қалауының бәрін орындаудың екінші жағы бар. Бала қалағаны тез орындалса, оның армандау процесі қысқамерзімді болады. Өзі қалаған нәрсе тез орындалса, сол нәрсенің қадірін сезбейді, материалдық қажеттіліктің астарында ата-ананың қажырлы еңбегі мен уақыты жатқанын білмейді. Егер түсінетін болса, баланың жүйке жүйесі бірқалыпты дамиды. Осы ретте баланың психикасына кері әсер етуде гаджеттер мен смартфондардың рөлі зор екенін айта кеткеніміз жөн. Смартфон пайда болғалы балалардың да қызығушылығы өзгерді. Гаджеттердің пайдасы жоқ демеймін, бірақ баланың жүйкесінің тезірек тозуына, жұқаруына бірден-бір себепкер. Бүгінгі ата-ана баланы тұрмыстық жағдайда еңбекке баулуды да ұмыт қалдырып жатыр. Балаңызға 2-3 жасынан бастап дүкеннен азық-түлік алып келгенде «Маған көмектесіп жіберші» деп пакетіңіздің бір бұрышын ұстата қойыңыз. Үй жинап жүрсеңіз, баланың қолына шүберек ұстата қойыңыз, тамақ жасап жатсаңыз бір затты алып келуге жұмсай салыңыз. Баланы 6-7 жасында өзгертпейсіз, оны еңбекке баулу кішкентайынан басталады. Осы арқылы бір оқпен бірнеше қоянды атуға болады. Ең бірінші баланы еңбекке баулисыз, сізге көмектесу арқылы өзін қорған, қамқоршы, қажет сезінеді, жәрдемдесу арқылы оның еңбекке деген қызығушылығы одан ары артады. Баланы қандай да бір үйірмелерге тықпалай бергеннен жан-жақты дамытып, еңбекке баулып, ақыл-ойына, қабілеті мен қабылдауына әсер еткен жөн. Баламен дұрыс қарым-қатынасты әр отбасы әрқалай түсінеді. Бастысы, ата-анасы, ата-әжесі баланың жеке тұлға екенін ұмытпаса, сонда мәселе де азаяды. Балаға кішкентайынан олай жасама, бұлай істеме, төкпе, шашпа, онымен дос болма, сабақты жақсы оқы, екілік алма деп тыйым салмаңыз. Үлкендер баланы өзіне қалай ыңғайлы, солай жасап алғысы келеді. Бала қолдан жасап алатын пластилин емес. Балаңыздың мінезін, темпераментін қалай бар солай қабылдасаңыз, ата-анаға да, балаға да өмір сүру жеңілдейді. Әр баланың жеке аймағы болса, оны жеке тұлға екенін ұмытпасаңыз, пікірімен санассаңыз, дұрыс қарым-қатынас орнайды. Мәншүк АХМЕТОВА, Únsіz qalma медиа жобасының авторы:Буллингке мән бермесек, соңы суицидке апарады
– Қазіргі кезде балалар мен жасөспірімдер, тіпті ересек адамдар арасында буллинг, яғни кемсіту, шеттету, қорлау жағдайлары жиі кездеседі. Жасөспірімдердің бір-екеу болып немесе топтасып бір балаға эмоциялық, психикалық террор жасауы, ұру, нұқып қалу, мазақтау, ұлтына, жынысына, сабағына, түріне, психикалық дамуына байланысты ауыр сөз айтуын буллинг дейміз. Өкінішке қарай, бұл мәселеге қоғамның көзқарасы біржақты болып отыр. Қазақша сөйлейтін орта «буллинг» түсінігіне мән бермейді. Ата-аналар мен ұстаздардың көпшілігі буллингті қалыпты ахуал санап, оқушының психологиялық, физикалық саулығын назардан тыс қалдырып жатады. Бүгінгі балаларда агрессия басым екенін байқаймыз. Жасөспірім үшін қатарластарының пікірі маңызды кезеңде олардан ауыр сөз есту оның психикасына әсер етеді, тіпті суицидке апаруы мүмкін. Бұл проблеманың алдын алу үшін қоғамның барлық мүшесі үнсіз қалмауы қажет. Осыны ұғынып, аталған мәселенің бар екенін қоғамдық санаға сіңірген кезде ғана балалардың болашағы кемел болмақ. Елемесе елеулі мәселе туындататын буллинг қазақ қоғамына соңғы он жылда кең тарала бастады. Сондықтан қазірден бастап осы проблема жөнінде дұрыс ақпарат берудің маңызы зор. Алайда бұқаралық ақпарат құралдарында, әсіресе интернет кеңістігінде қазақша контент өте сирек. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Internews Kazakhstan «Media CAMP – Орталық Азия» бағдарламасы аясында құрылған Únsіz qalma медиажобасы мектеп оқушылары арасындағы бетпе-бет кездесу барысында пайда болатын буллингтің алдын алу, болдырмау мәселелерімен айналысып жатыр. Осы арқылы біз «бәріміз төбелесіп өстік қой», «балалар бүгін төбелесіп, ертең бірге ойнап кетеді», «қойшы, ештеңе етпейді» деген түсініктегі қазақ қоғамына ой салғымыз келеді. Осыны оқушылар жіті ұғынуға тиіс. Ол үшін алдымен мектепте мейірімді орта қалыптасуы қажет. Бүгінде оқушылар арасында жиі кездесетін шеттету, өз қатарластарын мазақтау, топқа қоспау, мүйіздеу, сыныптастарын сыйламау сияқты проблемаларға дер кезінде назар аудармасақ, соңы қылмысқа апарып, тіпті қайғылы жағдайларға ұласуы мүмкін.Дайындаған
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ