237
Сіз кімсіз, Джо мырза?
Сіз кімсіз, Джо мырза?
Өткен апта әлем назары жаппай АҚШ-қа ауды. Жай күндері де Америкаға қарап елеңдеп отыратын жаһан елдері сайлау кезінде америкалық БАҚ-қа телміруді тіпті жиілетті. Онысы түсінікті. Алдағы 4 жылда АҚШ-тың тізгінін ұстайтын адам – әлемнің тамырын да ұстаушы, жаһанның болашағына тікелей де, жанама да ықпал етуші. Сондықтан жеңіс Байденге бұйыра ма, әлде Трамп тағында қала ма деген сауалдың көпті мазалағаны заңдылық. Жауабы өткен сенбіде белгілі болды. Байденді қолдаушылардың Вашингтон көшелерін шулатып, Трамп жақтастарына мұрын шүйіре қарайтыны да сол күн.
Пенсильвания сыйлаған жеңіс
78 жасында Ақ үй төріне жайғасатын Джо Байден АҚШ тарихына ең егде президент ретінде енді. Сондай-ақ ол – соңғы 28 жылда мемлекет басшысын тағынан тайдырған алғашқы кандидат. 1992 жылғы сайлауда Билл Клинтон елді басқарып отырған үлкен Джоржд Бушты жеңгелі бері президенттер екі мерзім билік құрып, бастаған істерін соңына дейін жеткізетін. Клинтон да, кіші Буш пен Обама да сөйтті. Ал әлемге пайдасынан гөрі кесірі көп тиген, жаһандық сауда соғысының бастамашысы болған Трампқа АҚШ халқы екінші мүмкіндік бергісі келмеді. Десе де, оны қолдағандар қатары аз деуге келмес. Сенбіге дейін екі үміткердің дауыс санында үлкен айырмашылық болған жоқ. Әр штаттың нәтижесі жарияланған сайын біресе Байден, біресе Трамп басым түсіп, республикашылдар күйрей жеңіледі деген болжам расталмады. Тек 7 қарашада Пенсильвания штатында дауыс санау аяқталғанда сайлаушылар алқасының шешуші 20 дауысын иеленген Джо Байден қарсыласынан бұрын межелі 270 дауысты жинап, жеңіске жеткенін сүйіншіледі. Сайлау қорытындысы бұрмаланды деп бұлқан-талқан болған Дональд Трамп демократтардың жеңісін мойындамаса да, әлем елдері сол күні-ақ АҚШ-тың 46-шы президенті – Джо Байденді су жаңа қызметімен жарыса құттықтап жатты. Құрама штаттардың президенті жалпыхалықтық дауыс беру арқылы емес, сайлау алқасының электоралды дауысымен сайланады. Үміткер сайлау алқасындағы 538 дауыстың кемінде 270-ін жинауы тиіс. Бір штаттың электоралды дауыс саны сол штат халқының көлеміне байланысты анықталған конгрестегі өкіл санына тең. Мысалы, халық тығыз қоныстанған Техас штатының конгресте 38 өкілі бар. Бұл Техас штаты 38 электоралды дауысқа ие дегенді білдіреді. Ал халқы аз Оңтүстік және Солтүстік Дакота штаттарының конгресте үш-үштен өкілі бар. Тиісінше бұл штаттар 3 электоралды дауысқа ғана ие. 48 штатта сайлаушылардың жартысынан көбінің дауысына ие болған үміткер штаттың барлық электоралды дауысын иеленеді. Мәселен, Калифорния штатында сайлаушылар дауысының 50 пайызынан артық жинаған кандидат 55 дауыс алады. АҚШ-та дауыс берудің екі әдісі бар: сайлау күні сайлау учаскесіне келу арқылы немесе пошта бюллетенін пайдалану арқылы таңдау жасауға болады. Алайда әр штаттың ережесі әртүрлі. Барлық штат пошта арқылы дауыс беруге рұқсат бергенімен, көп бөлігінде сайлау күні неліктен учаскеге келіп дауыс бере алмау себебін көрсету талап етіледі. Кей штаттар кесірлі кеселдің таралуына байланысты пошта бюллетеньдерін қолдануды жөн көрген.Дауыс санау неліктен ұзаққа созылды?
Бұл сайлауда дауыстарды санау бұрынғыға қарағанда ұзаққа созылуы мүмкін екені алдын ала хабарланды. Бұған мерзімінен бұрын дауыс берушілердің рекордтық көрсеткішке жетуі себеп. Кейбір штаттарда бюллетеньдер салынған конверттерді соңғы дауыс беру күніне дейін ашуға тыйым салынады. Ал кейбірінде конверттер кешігіп жеткізілген. Оларды санауға сайлау комиссияларының уақыты жетпей, дауыс беру нәтижесі кешіктірілді. АҚШ-та әр жылдары демократтарға да, республикашылдарға да қатар қолдау көрсететін «құбылмалы» штаттар бар. Кандидаттардың сайлау штабы бар күшін әдетте осындай штаттарға жұмылдырады. Ал тұрақты түрде бір партияны таңдайтын штаттарға аса көңіл бөлінбейді. 2016 жылғы сайлау нәтижесі бойынша Аризона, Флорида, Айова, Мичиган, Солтүстік Каролина, Огайо, Пенсильвания, Висконсин, Колорадо, Мэн, Миннесота, Невада, Нью-Гемпшир және Вирджиния штаттары «құбылмалы» саналды. Олардың барлығы 171 дауысқа ие. Биылғы сайлауда республикашыл Дональд Трамп Флорида, Огайо, Айова штаттарында жеңсе, демократ Джо Байден Мэн, Нью-Гемпшир, Миннесота, Пенсильвания, Вирджиния, Колорадо, Висконсин, Мичиган сайлаушыларының қолдауына ие болды. Пенсильваниядағы жеңісінен соң америкалықтарға алғысын білдірген Джо Байден Twitter-де: «Америка, ұлы мемлекетіміздің басшысы ретінде таңдағандарыңыз мен үшін мәртебе. Алда қиын жұмыс тұр, бірақ мен маған не басқаға дауыс бергеніне қарамастан барлық америкалықтың президенті болуға уәде беремін. Маған артқан сенімдеріңізді ақтаймын», – деп жазды. АҚШ-тағы сайлаудың қорытындысы жайлы пікір білдірген халықаралық сарапшылар Байденнің жеңісін әлсіз, сенімсіз жеңіс деп бағалады. Олардың пікірінше, Демократиялық партияның кандидаты көпті ұйытып, дауыс берушілерді жаңа идеялар, жарқын бастамалар төңірегінде топтастыра алмады. Тіпті, сайлаушы демократтардың өзі Байденге шын ықыласпен емес, Трампты тақтан көргісі келмегендіктен ғана дауыс бергендерін мойындады. Жаңа президент америкалықтардың бәріне бірдей ұнай қоймағанымен, оның сенімді серігі – жаңа вице-президент Камала Харрисқа іші жылығандар көп. Демократтардың жеңісі жарияланғаннан кейін ел алдына шығып сөз сөйлеген Харрис ханым президент кеңсесіндегі алғашқы әйел болғанымен, соңғысы болмайтынын зор сеніммен айтты. Камала Харрис – вице-президент лауазымындағы алғашқы әйел ғана емес, алғашқы қара нәсілді және Оңтүстік Азия тумасы екенін де айтпай кетуге болмас.Байден байыпты саясат жүргізе ала ма?
Ендігі маңызды сауал – Байден мен Харрис тандемі АҚШ-тың әлеммен қатынасын қалай өзгертеді? Жаһандағы ең қуатты армияның жаңа басшысынан не күтуге болады? Саясаттанушылардың сөзінше, Байден әкімшілігі қос партияның да қаншама онжылдықтар бойы жалаулатып жүрген халықаралық альянстар арасындағы жауапкершілікті әділетті бөлу жөніндегі ұрандарын жалғастырады. Халықаралық саяси сарапшы, «Ашық әлем: XXI ғасыр орденіне байқауда Америка қалай жеңіске жете алады?» атты кітаптың авторларының бірі Ребекка Лиснердің пікіріне сүйенсек, АҚШ дәстүрлі одақтарға мүшелігін жалғастырады және «қырғи қабақ соғыстың қасіретін еске түсіруді қойып, XXI ғасыр қауіпсіздігіне қатер төндіретін факторлардың бәрімен күресуге жол ашатын халықаралық құралдарға айналдыру үшін» оларды модернизациялауға тырысуы мүмкін. 2020 жылдың басында Foreign Affairs журналында жарияланған мақаласында Джо Байден өз президенттігінің алғашқы жылында демократиялық мемлекеттер саммитін өткізу жоспары жайлы айтқан. Лиснердің айтуынша, сыртқы саясатта демократтың дербестігі Трампқа қарағанда айтарлықтай төмен болады және АҚШ-тың сыртқы саясатында өз орнын бекітіп үлгерген «демократиялық одақтастары мен серіктестеріне» иек артады. Демократтардың сайлауалды бағдарламасында климаттық өзгерістерге қатысты нақты шаралар көрсетілген. Осы бағыттағы алғашқы қадам ретінде Байден Париж келісіміне мүмкіндігінше тезірек қайта қосылуға сөз берген. 2050 жылға дейін АҚШ-тың ауаға шығаратын көміртек көлемін азайту үшін ол 2 трлн доллар бөлуге дайын екенін айтты. Сарапшылар Ақ үйдің жаңа басшысы сөзінде тұрып, Обаманың қоршаған ортаны қорғау саласындағы оң бастамаларын жалғастырады деген сенімде. Осы орайда Джо Байден Барак Обама тұсында АҚШ вице-президенті болғанын оқырман есіне сала кетейік. АҚШ-тың сауда саясаты жөніндегі сарапшы Эдвард Олденнің пікірінше, Байденнің жеңісі АҚШ пен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынасты өзгерткенімен, сауда соғысының тоқтауы екіталай. Ақ үйдің жаңа басшысына сандық салық салу мәселесін шешуге тура келеді. Өйткені республикашылдарға қарағанда демократтар Google мен Facebook секілді алпауыттарға көбірек тәуелді. «Boeing пен Airbus арасындағы жанжал тоқтамайды. Джо Байденнің сайлауалды бағдарламасына қарасаңыз, ол «АҚШ тауарларын сатып ал» саясатының басқыншылығын арттырмақ. Меніңше, Байден тұсында Құрама штаттар ішкі саясатқа көбірек көңіл бөледі», – дейді Эдвард Олден.Сенатордан президентке дейін
Әдетте АҚШ-та президент сайлауы мен ұлықтау рәсімі арасында шамамен 75 күн өтеді. Орнын босататын президенттің әкімшілігі жаңа басшылыққа барлық құжаттарды тапсырады, халықаралық саясат пен ұлттық қауіпсіздікке қатысты маңызды мәселелер жайлы құлақтандырады. Сондай-ақ өтпелі кезең жаңа сайланған президентке кадрлық шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Байден мен оның командасы атқарушы билікке мемлекеттік хатшылар мен Қорғаныс министрлерін қосқанда шамамен 7 мыңға жуық шенеунікті тағайындауы тиіс. Ұлықтау рәсімі 2021 жылдың 20 қаңтарына белгіленген. Джо Байден мен Камала Харрис ел алдында ант қабылдап, қызметтеріне ресми түрде кіріседі. Жаңа президент оған дейін қол қусырып отырмасы анық. Байден мемлекет басшысы ретінде жаңа шешімдерін жариялап та үлгерді. Олардың ең алғашқысы – бүкіл АҚШ аумағында міндетті маскалық режим енгізу. Сайлауалды бағдарламасында індетпен күресті жиі қаузаған демократтың бұл қадамына ешкім таңғала қойған жоқ. Өйткені ол ел алдына шыққанда америкалықтарға үнемі вирус қаупін ескертіп, індеттен көз жұмғандардың жақындарына көңіл айтуды ұмытпайтын. Бүгінде АҚШ-та коронавирус құрбандарының саны 225 мыңнан ал, кесірлі кеселді жұқтырғандар саны 10 миллионнан асып жығылғанын ескерсек, бұл індет Байденді біраз титықтырар түрі бар. Коронавируспен күресуге енжарлық танытып, өзі ауырғаннан кейін «бұл вирустан қорқудың қажеті жоқ» деп мәлімдеген Трамптың немқұрайлығы алпауыт елді аурудың ошағына айналдырды. Трамп сияқты емес, Байден жақынын жоғалтудың не екенін біледі. Өз отбасындағы трагедияның кесірінен ол саяси мансабын бір емес, екі мәрте аяқтауға бекінгенін біреу білсе, біреу білмес. Алғаш рет 1972 жылы Сиракуз университеті заң факультетінің түлегі – 29 жастағы Байден республикашыл Джеймс Калебпен бақ сынасып, Делавэр штаты атынан сенатор болуға ниеттенеді. Сайлауалды үгіт-насихат бюджетінің тым аздығына қарамастан, ол сайлауда жеңіске жетті. Алайда бірнеше аптадан кейін жас саясаткердің өмірін түбегейлі өзгерткен қайғылы оқиға болды: оның әйелі Нелия мен бір жасар қызы Наоми жол апатынан көз жұмды, ал ұлдары Бо мен Хантер ауыр жарақаттанды. Бастапқыда Байден сенаторлықтан бас тартпақ болады, алайда достарының үгіттеуімен райынан қайтады. Ақырында ол ұлдары емделіп жатқан ауруханада ант қабылдауға мәжбүр болған. Бір айналдырса шыр айналдыратын тағдыр Байденді 2015 жылы тағы сынады. Обама әкімшілігінде вице-президент қызметін атқарып жүрген демократ табысы төмен миллиондаған отбасының медициналық көмекпен қамтамасыз етілуіне кепілдік беретін заң жобасын дайындап жатқан кезі болатын. Дәл сол уақытта Байденнің үлкен ұлы Бо мидың қатерлі ісігінен көз жұмды. 2016 жылы президент сайлауына қатысуға ниеттеніп жүрген Джо Байден осы оқиғадан соң мақсатын кейінге шегерді. Араға төрт жыл салып, президент болуға шын бекінген демократ ақыры арманына жетті. Демократиялық партия жас кандидаттардан гөрі тәжірибелі саясаткерге сенім артқаны таңданыс тудыра қоймады дейді Миссури университетінің профессоры Митчелл МакКинни. Ғалымның пікірінше, Байден – сергек ойлайтын, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін, қоғамға жаны ашитын саясаткер. Қысқа қайырғанда, Трампқа кереғар тұлға. Қарсыласын «Жайбасар Джо» деп мұқатқан Дональд мырза енді қаласа да, қаламаса да, оған өз орнын босатып береді. Әлем танитын Трамп «тосынсыйсыз» кетпесі анық. Саясаттанушылар сайқымазақ саясаткердің спектаклі әлі аяқталмағанына сенімді. Алайда енді оның маңызы бола қоймас.