Қандастар солтүстікке көшсе...

Қандастар солтүстікке көшсе...

Қандастар солтүстікке көшсе...
ашық дереккөзі
986
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішіндегі миграциялық үдерістерді реттеу ісінің тиімділігін арттыру және атажұртқа оралған қандастар мәселесі туралы да сөз қозғаған еді. Онда «Қандастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапқан жоқ. Олардың тек бір жылға берілетін қандас мәртесебінің мерзімі біткенше ғана үй алуға мүмкіндігі бар. Ал азаматтыққа ие болған соң, бұл мәртебесі жойылады, сонымен бірге үй алу құқығынан да бірден айырылады. Осыған орай азаматтық алған қандастарымыз солтүстік өңірге көшсе, Үкімет олардың үй кезегінің сақтауын қамтамасыз етуі керек. Көптеген қандасымыз атажұртқа оралып жатыр. Оларға алғашқы кезде мемлекет жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Оған орай, қандастар солтүстік өңірге көшсе, олардың баспаналы болу және жұмыспен қамтылу мәселесі шешіле ме? Жалпы, солтүстік өңірдің әлеуеті қандай және бұл мәселенің тұтымды жағы қайсы деген сауалнама жүргізіп көрген едік.  width= Құмар АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

Солтүстік өңірге қоныс аударушыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында  2 142 үй салу жоспарланған

– Нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды жә­не жаппай кәсіп­керлікті дамыту­дың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасының үшінші ба­ғыты бойынша шетелден және басқа өңір­лерден ерікті түрде қоныс аударуға қатысу­шы­ларға отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (97 230 теңге) көлемінде көшуге, тұрғын үйді жалдау (жалға алу) бойынша шығыс­тарды өтеуге 15-30 АЕК (41 670 – 83 340 теңге) көлемінде субсидия төлеу арқылы мем­лекеттік қолдау көрсетіледі. Отбасы құра­мына және қоныстандыру орнына бай­ланысты, ай сайын 12 ай ішінде. Сонымен бір­ге, бюджет қаражаты есебінен жаңа ма­мандықтар алғысы келетін адамдарға бағ­дарлама бойынша даярлау және қайта даяр­лау курстарынан өту мүмкіндігі бе­ріледі. Кәсіппен айналысқысы келетіндер үшін мүмкіндік бар. Мәселен, бау-бақша өсірумен ай­налысқысы келетіндер үшін жер телім­дерін бөлу және қайтарымсыз гранттарды рәсімдеу, сондай-ақ кәсіпкерлік негізінде оқыту сияқты қажетті жағдайлар жасалады. Бизнес-идеяларды іске асыру үшін 200 АЕК (555 600 теңге) көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беріледі. Бағдарламаны іске асыру Еңбек ре­сурс­тарын толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте, облысқа еңбек нарығында сұра­нысқа ие дәрігерлер, мұғалімдер, трак­торшылар, механизаторлар, зоотехниктер, ветеринариялық дәрігерлер келеді. Солтүстікке қоныс аударушыларды тұр­ғын үймен қамтамасыз ету мақсатында – 2 142 үй салу (2019 жылы – 428 үй, 2020 жы­лы – 714 үй, 2021 жылы – 714 үй, 2022 жы­лы – 286 үй) көзделген. Тұрғын үй салу жә­не сатып алу үшін тиісті инфрақұрылымы бар даму әлеуеті жоғары және орташа ел­діме­кендер де айқындалады. Жалпы, қабылданып жатқан шаралар кө­ші-қон үдерістерін жақсартуға, еңбек на­рығындағы жағдайды тұрақтандыруға, кадр тапшылығын төмендетуге және ауыл­дағы білім беру мектептерінің желісін сақ­тауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бастап бағдарлама шең­берінде облыс еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударушылардың 562 отбасы (1 720 адам) және қандастардан 50 отбасы (120 адам) қабылданды.  width= Қайрат БОДАУХАН,С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ профессоры, э.ғ.к. Республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

Депопуляциялық көрсеткіш тұрақтар еді

– Еліміздің демографиялық ахуалы төмен болып есептелетін 5 өңір – Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан  облыстарындағы сыртқы және ішкі көші-қон деректерін алып қарастырсақ аталмыш өңірлердегі бүгінгі жағдай алаңдатады. Соңғы 5 жылда аталмыш өңірлердегі сыртқы көші-қон сальдосы – минус 87 633 адамды, ал ішкі көші-қон сальдосы – минус 86 098 адамды құрап отыр. Мұндай факторлер – халық санының азаюына, елдімекендердің депопуляциялық үрдісінің белең алуына, еңбек ресурстарының жетіспеушілігіне, ел экономикасының өсу қарқынының төмендеуіне, халықаралық аренада мем­лекеттің беделін төмендетуге  және елдің инвестициялық тартымдылығының азаюына әкеледі. Қазақстанға этникалық көші-қонды ынталандырудың ең басым мәселесі – тұрғын үй проблемасы. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті да­мытудың  2017-2021 жылдарға арналған «Ең­бек» мемлекеттік бағдарламасына сәй­кес, бір отбасына тұрғын үйді жалға алуға немесе сатып алуға жұмсалатын шығын 15-тен 30 АЕК-ке дейін, яғни 500 мыңнан (не­месе 180 АЕК) 1 млн теңге дейін (360 АЕК) болады. Ал қазіргі нарықтық баға бойын­ша Қазақстанның солтүстік өңір­лерінде бір отбасына шаққандағы тұрғын үй құны орта есеппен 2,6-дан 5 млн теңгеге дейін.  Бұл шаралар тұрғын үй сатып алу проблемасын шешпейді. Мемлекет арқылы тұрғын үй сатып алуға көзделген шығындар осы өңірлердегі тұрғын үйдің ең төменгі құнынан екі есе аз. Үкіметтен квота белгіленген 7 облыстан 113 243 адам немесе эмигранттардың жал­пы санының 60 пайызы  кеткен. Сыртқы кө­ші-қон сальдосының теріс қарқынын ес­­кере отырып, ал бұл жыл сайын Қазақ­станнан кететін орташа есеппен 9 пайыз немесе 38 мың адам, елді мекендердің депопуляциялық проблемасы барған сайын маңызды бола түсуде және келшекте де өткір мәселе болып қала бермек. Сонымен қатар, сыртқы көші-қон еңбекке қабілетті экономикалық белсенді халықтың кетуімен сипатталатынын түсіну керек. Мысалы, СҚО Тайынша ауданының «Жаңа дәуір», М.Жұмабаев ауданының «Сартомар»,  Есіл ауданы Петровка ауылдық округ сияқты бірнеше елді мекендерде үй-жайлар, мал бағуға жайлымдық жерлер бола тұра босап қалған. Тұрғындар мүлдем азайып, орта мектептер жабылып, тек бастауыш сы­ныптар ғана жұмыс істеп тұр. Осын­дай­лардың қатарында Аққайың, Қызылжар, Мамлют, Жамбыл, Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Айыртау аудандарын атауға болады. Ал осы елдімекендерге қандастарды тартудың жүйелі жолын неге шешуге болмайды? Солтүстік өңірлердегі этникалық ре­патрианттарға қатысты ұзақмерзімді тұрақты көші-қонның мемлекеттік саясатын жандандырудың елеулі әлеуетіне жергілікті атқарушы органдар да ие. Осыған байланысты ЖАО-ның репатриация саласындағы құзыретіне тоқталайын. Ха­лықтың көші-қоны туралы заңына сәйкес олар репатрияциялау мәселелерін өз бетінше шешуге өкілетті. Бұдан бөлек, жер­гілікті атқарушы органдар Қазақстанға қан­дастарды қабылдаудың өңірлік квота­сынан тыс қоныс аударған оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне тұрақты тұрғылықты жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын өтеуді қамтитын біржолғы жәрдемақылар белгілеуі мүмкін. Алайда «...біржолғы жәрдемақылар белгілеуі мүмкін» деген әлсіз тұжырым оны орындау міндет емес деген пікір қалыптастырады. Сондықтан, бұл тұжырымды нақтылап, яғни «...біржолғы жәрдемақылар белгілеуі міндет» деген сөзбен күшейтіп, заңға өзгеріс енгізу керек деп есептеймін. 2017-2021 жылдарға арналған тұ­жырым­дамада этникалық қазақтарды ре­патриациялау бөлігінде көші-қон сая­саты­ның бәсекелестік қағидатына көшу ұсы­нылады. Әйтпесе, Ресей Федерациясы еліміздің солтүстік өңір тұрғындарын шаң­сорғыш секілді тартып кетіп жатыр. Репатриацияны қолдау бойынша белгіленген шаралар іске асырса мыдай нә­тижелер береді:  елдегі демографиялық ахуал­дың айтарлықтай тұрақтануы, көші-қон сальдосының траекториясының тү­зелуі, адами даму индексі бойынша тар­тым­ды ел ретінде Қазақстанның имиджін жақ­саруы, еліміздің депопуляциялық көр­сеткіштері бар өңірлердің демографиялық және экономикалық өсуі, елдегі кәсіп­кер­лік­ті шағын және орта бизнесті дамыту жө­ніндегі түрлі мемлекеттік бағдар­ла­ма­ларға белсенді қатысу мақсатында репат­риан­ттар үшін жағдай жасалуы, елдің жұ­мыс күші тапшы өңірлерінің еңбек ре­сурс­тарымен қамтамасыз етілуі, ішкі еңбек на­рықтарындағы бәсекелестіктің арттуы, бос жатқан жерлердің игерілуі, экономиканың аг­рарлық және мал шаруашылығы сала­лары­ның сапалы дамыуы, елдің азық-түлік секторындағы тауарлы-нарықтық ай­налымының жандануы, ішкі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін еңсерілуі, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымының экспорттық мүмкіндіктерін күшейуі және елдің қоғамдық-саяси дискурсындағы ұлттық-патриоттық контентінде нара­зылықтың төмендеуіне әкеледі.  width= Жазира КӨКБАСҚЫЗЫ, «Отандастар қорының» Солтүстік Қазақстан облысындағы сарапшы операторы:

Теріскейге қоныстану үшін мемлекеттік бағдарламамен келсе, құба-құп

– Мағжан, Сәбит, Ғабит, Сафуан секілді мық­тылар туған мекен бүгінде сұрықсыз болып барады. Олай деуге өзіндік себеп те бар. Атап айтсақ, сол мықтылар туған алтын бесік ауылдардың құлазып бос жатқаны кім­ді де болса алаңдатпай қоймайды. Екін­ші мәселе, ауылдық жерлердегі мектептердің есігіне қара құлыптың ілінуі немесе жылдар бойы жас ұрпақты білім нәрімен суарған алтын ұяның қаңырап бос қалғаны қын­жылтады. Алыстан атамекеніне келген қандас­тары­мызды осындай ауылдарға қоныс­тандырумен мәселе шешілмейтін секілді. Өйткені онда барғанымен, мектеп, ауруха­на, балабақша, орталыққа қатынайтын жол тағы басқа жетіспейтін мәселелер бар. Мәселен, Қытай елінен келген қандасы­мыз Сламхан Қайрат Аққайың ауданы, Шағалалы ауылына көшіп келген 10 жасар қы­зы Айдананы Аққайың ауданының ор­талығындағы мектеп-интернатта оқытады. Өзі тұрған ауылында мектеп жоқ. Айта бер­сек, мұндай мысалдар көп. Солтүстік Қазақстан облысында қазір ар­найы Оңтүстіктен Солтүстікке мемле­кет­тік бағдарламамен көшіп келетін ағайын­дарға жаңа үй салынып, олардың тұрақты тұрыуына жағдай жасалған. Ішкі миграция­да аса бір қиындық жоқ. Тек алғашқы жыл­дар­да ауа райына үйренісе алмау секілді жағ­дай болады. Сондықтан сырттан көшіп ке­летін көші-қонға көбірек мән беру қажет. Есіл, Мағжан, Мамлют, Айыртау, Ақ­қайың, Тайынша аудандарының барлы­ғын­да соңғы жылдары Қытай елінен көшіп ке­ліп жатқан қандастарымыз бар. Көп қан­дасымыз мектебі, ауруханасы жоқ қи­рауға жақын  20-30 түтіні бар жұртты тол­тыру үшін қоныстанған. Дұрыс, бос жатқан жер­ді толтыруымыз қажет, бірақ онда инфрақұрлым тартылмай болмайды. Облыс орталығы түгіл, ауданға жетуі қиямет. Қытай елінен келген ағайындардың төте жазумен хат танып келгендіктен олар­дың құжат мәселесінде көп кедергі көреді. Оларға жергілікті жердің құжаттандырумен айналысатын органдар селқостық танытып, көмек беруге ұмтылмайды. Мемлекет басшысы мұндай игі баста­маны қолға алған сәтте бәріміз атсалсуымыз қажет. Бірақ «жауырды жаба тоқып» болмас. Сондықтан кейбір нәрселерге қоныс аударушылар шынайы қарау керек. Мәселен, солтүстікте тіл мәселі күрделі. Қай мекеме­нің есігін қақсаңызда қаракөздер қазақ тілін шығармай, орысша жауап береді. Ол үшін қандастор орысша үйреніп келу керек болмаса құзырлы орындарға қазақ тілінің басымдық берілуі қажет. Теріскейге қоныстану үшін мемлекеттік ар­найы бағдарламаның аясында, нақты елді мекенді, ауданды, қаланы көздеп келіп қо­ныстанса, әрине құба-құп.

Серіктес жаңалықтары