277
Таулы Қарабақтағы қақтығысқа бір ай болды
Таулы Қарабақтағы қақтығысқа бір ай болды
Әзербайжан Қарулы күштері 30 күн ішінде 30 жыл отар болған жерлерін біртіндеп қайтару арқылы әскери тұрғыда алға жылжыды. Ал Арменияның бұл жағдайда әскери әлеуетінің жайы байқалғандай. Сол себепті Армения әуел бастан қақтығысты ұлғайтқысы келді. Армения үкімет басшысы бұл процеске басқа елдердің, әсіресе Ресейдің қатысқанын қалады. Осылайша олар атысты тоқтату туралы декларация жасауға тырысты. Бұл үшін қақтығыс аумағынан тыс азаматтық нысандарға тоқтаусыз шабуыл жасады. Әрине, қақтығыс аумағында жеңіліс тапқаннан кейін мұндай әрекеттерімен назарды басқа жаққа бұра аламыз деп ойлады.
Ресей неге әрекетсіз көрінді?
Путин Пашинянмен кездесті. Пашинян Кремьлге жақын Роберт Кочарян секілді саясатшыларды қамауға алу арқылы Кремльдің қаһарына ұшыраған болатын. Ал қазір Ресей Пашинянды сынауда. Бәлкім, Ресей Әзербайжанның Армения тарапынан жаулап алынған 5 аймағын (Агдам, Физули, Зенгилан, Холджавенд, Ходжалы) Әзербайжан армиясы қайтарып алғанға дейін күте тұрар. Екінші мүмкіндік – Пашинянның қызметінен босатылуы. Бұл процесте Арменияда саяси төңкеріс болуы да әбден мүмкін. Дәл осы кезде Ресей көзқарасының тез өзгеруін күтуге болады. Көптеген ел, соның ішінде АҚШ пен Ресей атысты тоқтату туралы шешім қабылдағанымен қақтығыс аумағында 5 минут ішінде шешімі бұзылып жатты. Яғни, бұл мәселе атысты тоқтату туралы қарарлармен шешілер болса, 27 жыл бұрын-ақ шешілер еді... 1994 жылдан бері Арменияның оккупациясында болған Таулы Қарабақтың кейбір жерлерінде жарылыстар болғанымен, оның айналасындағы 7 дәлізде (облыстарда) қақтығыстар қарқынды жалғасуда. 1 ай ішінде Әзербайжан Қарулы күштері 4 аймақты (Жабраил, Физули, Губадлы, Зенгилан) алып үлгерді. Соңғы айда екі жақтан да сарбаздар мен бейбіт тұрғын қаза тауып, жүздеген бейбіт тұрғынның жарақат алғаны белгілі болды. Әсіресе, Армения Әзербайжанның Гянджа мен Барда, Тертер аумақтарына шабуылдау арқылы 65 бейбіт тұрғын қаза тауып, 300-ден астамы жараланды. 1994 жылдан бері ара-тұра жүргізіліп келе жатқан келіссөздерде Әзербайжан жағы Армения армиясы орналасқан шамамен 7 мың шаршы шақырымдық 7 аймақтан кетуін талап етіп келді. Армения соңғы сәтте қосып алғысы келген Таулы Қарабақ пен Армения арасындағы Кельбаджар мен Лачин аймақтарынан дәліз ашылуы керек еді. Алайда Ереван әкімшілігі дәлізді уәде еткенімен Кельбаджар мен Лачин аумағынан шығудан бас тартты.Лачин дәлізі не үшін маңызды?
Дәл осы дәліз арқылы мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасы Армениядан көптеген мөлшерде азық-түлік және басқа да жүктерді тасымалдайды. Армения өз кезегінде Таулы Қарабақ Республикасынан электр қуатын алады. Лачин дәлізін Әзербайжан Қарулы күштері кері қайтарып алса, бұл байланыс үзіледі. Ал Баку үкіметі Армения мен Таулы Қарабақты біріктіретін өте маңызды стратегиялық жол – Кубатли және Лачин дәлізін қолға алу мерзіміне өте аз қалды деп хабарлауда.Әзербайжанның музыкалық бесігі – Шуша
Арменияның Шушаға басып кіргеніне 28 жыл өтті, әзербайжандар өз тарихының ажырамас бөлігі болған Шуша оккупациядан азат етілетін күнді күтуде. 28 жылдан бері оккупацияда болған Шуша әзербайжандар үшін неге маңызды? Әзербайжан президенті Әлиев өз сөзінде Шуша жерін оккупациядан құтқарамыз деген хабарлама берген. Сонымен, неге Шуша маңызды? 28 жыл бойы оккупацияда болған Шуша әзербайжандар үшін жай қала емес. Бұл – көптеген интеллигенция өкілдері туып-өскен ежелгі қала және мәдени ғибадатхана. Онда көптеген ақындар, музыканттар және ғалымдар өмірге келген. Солардың бірі – Әзербайжанның ұлттық әнұранының авторы, «Шығыстың алғашқы опера композиторы» Узеир Гаджибеков. Оккупацияланған Шуша «Әзербайжанның музыкалық бесігі», «Кавказ өнер ғибадатханасы» деп аталды. Әзербайжан сәулет өнерінің жүрегі де осында соғып тұр. Ашық аспан астындағы мұражай бола отырып, қала 1977 жылы тарихи-сәулеттік қорғаныс аймағы болып жарияланған.Назгүл Кенжетай,
саяси журналист (Түркия)