274
Қырғызша сөйлескен екі қырғызға Ресей министрі ескерту жасады
Қырғызша сөйлескен екі қырғызға Ресей министрі ескерту жасады
Бауырлас қырғыз елі қазір егемендігін жариялағаннан бергі 29 жылдың аралығындағы ең күрделі кезеңді бастан кешіруде.
Жақында Қырғыз республикасының жаңадан тағайындалған Cыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев басқарған делегация Мәскеуге барып, Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен жолығып келді. Кездесуде қырғыз-орыс қарым-қатынастарын одан әрі жалғастыру мәселесі қаралды. Сол кездесуде қырғыз теледидарының журналисі өз министріне сұрақты қырғызша қойып, оған министрдің қырғызша жауап қатқаны, С.Лавров тарапынан «үй иесін сыйламайсыздар ма!» деген ескертуі ыңғайсыздық тудырып, әлеуметтік желіде, әсіресе, қырғыз жұртшылығынан сынға ұшырады. Бірақ, бұл жағдай мәмілеге көлеңке түсіре қойған жоқ. Мәліметтерге қарағанда, премьер-министр-президенттің міндетін атқарушы Садыр Жапаров шет елге бірінші сапары Ресейден басталмақшы.
Ал енді Қырғыз Республикасындағы дүрбелеңнен кейін Ресейдің Орталық Азия бойынша белгілі сарапшысы Аркадий Дубнов «Бішкектегі оқиғалар Мәскеудің ақылына сыймай жатыр» деп журналистерге сұхбат берген еді. Қайтсін, оның алдында ғаламторда Ресей мемлекет басшысының да Қырғызстанда бір түнде оқыс оқиға болып кеткендігіне таң қалғаны жөнінде әңгіме тараған. Мұның өзі Бішкектегі осы оқиғаларға олардың килікпегенін байқатады. Оның алдында ғана Сооронбай Жээнбеков президент кезінде, Қырғызстанда парламенттік сайлау басталардан алты күн бұрын Сочи қаласында Президент Владимир Путинмен жолығып, өзара ықпалдастық мәселесін талқылап, Қырғыз Республикасында жағдай тұрақты екенін, сайлау тыныш өтетінін білдірген.
Ғаламторда бір видеода АҚШ-тың «департамент өкілдерінің» түрлерін көрсетпей бірнеше адамға төңкерісті ұйымдастыруға қаражат беріп жатқаны жарияланған. Қырғызстанның арнайы қызметі бұл таспаны тексеріп жатыр. Жалған түсірілім болуы да әбден мүмкін. Бірақ, АҚШ-тың Қырғызстанға ықпал жүргізуге өте ынталы екені қырғыз билігіне де, халыққа да жақсы мәлім. АҚШ тарапы Қырғызстандағы әскери базаның Алмазбек Атамбаев президент кезінде өлкеден шығарылғанына әлі күнге дейін өкінуде.
Сонымен, бүгінгі күнде Қырғызстанның алдында бес күрделі мәселе тұр. Біріншісі, пандемияға қарсы күрес. Өлкеде оның екінші толқыны басталды. Ауырғандардың қатарына күн сайын шамамен 50-дің айналасында жаңа адамдар қосылып, бұрынғыларын қоспағанда, 10 күннің ішінде жаңалары 6000 адамнан асып кетті. Бұл 1 миллионы шетте, 5 миллионы өз елінде отырған халық үшін көп. Екіншісі, республиканың экономикалық жағдайы нашар. Өндірістер жарым-жартылай тоқтап тұр. Бірақ, баға күн сайын қымбаттап бара жатса да, азық-түлік жағы қазірше жеткілікті. Үшіншісі, президенттік сайлаудың 2021 жылғы 10 қаңтарда бекітілді. Нәтижесі қандай болары белгісіз. Аркадий Дубнов айтпақшы, ақылмен болжау қиын. Төртіншісі, өлкенің Орталық Сайлау комиссиясы (ОСК) 24 қазан күні парламент сайлауын 2020 жылғы 20 желтоқсанда өткізу туралы шешім қабылдаған. Комиссия мұны сайлау өткізу бойынша конституциялық заңға сүйеніп шығарды. Бірнеше күннен кейін республиканың ең жоғары заң шығарушы органы – Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңесі (ЖК) конституциялық сайлау заңына толықтырулар енгізіп, оны уақытша президент С.Жапаров жарлықпен бекітіп берді. С.Жапаровтың инстаграм әлеуметтік желісінде жазғанына қарағанда, парламент сайлауы 2021 жылдың бірінші жартысынан кейін өтуі тиіс. Жаңа жылдан бастап депутаттар жалақы алмай жұмыс істейтіні сөз болуда. Енді, ОСК мен ЖК соттасуда. Қайсысы жеңері белгісіз. Садыр Жапаров президент болып сайлануға кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеп үлгерді. Заңға сәйкес, сайлауға бір ай қалғанда отставкаға кетуге өтініш жазатынын білдірді.
Саясатшылардың, сарапшылардың, заңгерлердің бір тобы ОСК мен ЖК-ның арасындағы текетіресті «өлкенің тұйыққа тірелуі» деп баға беріп отыр. Жақын күндерде бұл мәселе біржақты шешілуге тиіс. Президент отставкаға кетсе, елді ЖК-ның төрағасы басқаруға тиіс.
Бесінші мәселе, Қырғызстан Қытайдан алған қарыздарын келісім бойынша 2021 жылдан бастап қайтара бастауы керек. Осы жылдың аяғында өлкенің сыртқы қарызы 5 миллиард долларға жақындайды. Бірінші орында – Қытайға қарыз: $1,7 млрд. Егер қарыздар өз уақытында төленбесе, Қытай қарыздары үшін Тәжікстан мен Шри Ланканың жер ресурстарын өте ұзақ мерзімге (50–100 жыл) пайдалануға алғаны сияқты, қырғыз жерін де алуы, кейін мүлде шықпай қоюы мүмкін екен.
Уақытша президент С.Жапаров жақында өлкеде «экономикалық рақымшылық» жариялады. Оған сәйкес, егемендік жылдарынан бері мемлекеттің қазынасын заңсыз пайдаланғандар, мемлекеттік мүліктерді заңсыз иеленіп алған шенеуніктер, жемқорлар, «ұрылар» алғандарын мемлекетке қайтаруға тиіс. Қайтарылған қаржылар елге жарияланғанымен, еріктілердің құпиялығы тек тиесілі органдарда ғана сақталады. Садыр Жапаров жемқорларға бір ай уақыт беретінін мәлімдеп:«Егер экономикалық рақымшылықты пайдаланбасаңыздар, заң жүзінде қатты шара қолданамыз. Бұл – елдің талабы», – деді. Бүгінгі күнде Қырғызстанның бұрын бажы саласының басшысының орынбасары болған «Райым-миллион» лақап аты бар Райымбек Матраимов алдын ала 2 миллиард сом (теңгемен – 10 миллиард 600 миллион) қазынаға ақша төлеп, бір күндік тергеуден кейін үйіне босатылды (Ол басқа төлқұжат алып шетелге қашпақ кезінде ұсталды). Журналисттердің зерттеулеріне қарағанда, ол сыбайластық тәсілімен 700 мың АҚШ долларын шетелге асырып жіберген деген сөз тараған.
Рақымшылық арқылы мемлекет қазынасына қаражат түсіру, уақытша президент үшін қаржы дағдарысынан шығудың бір жолы болып отырған сияқты.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
túrkistan-ның Қырғыз республикасындағы тілшісі (Бішкек)