285
Ұлан-Батырда «Ұлы даланың – ұлы Абайы» атты ашық сабақ өткізілді
Ұлан-Батырда «Ұлы даланың – ұлы Абайы» атты ашық сабақ өткізілді
Бүгін Моңғолияның астанасы Ұлан-Батыр қаласындағы «Elite» халықаралық мектебінде қазақтың көрнекті ақын-ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Ұлы даланың – ұлы Абайы» деген тақырыпта ашық сабақ өтті.
Іс-шараға Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Жалғас Әділбаев және Абайдың «Қара сөздерін» моңғол тіліндегі аударған белгілі жазушы Сұлтан Тәукейұлы, сондай-ақ «Elite» халықаралық мектебінің 2-9 сынып оқушылары қатысты.
Бұл іс-шараның мақсаты – қазақ халқының ұлы перзентінің шығармашылығын кеңінен насихаттау, балаларды Абайдың тағылымды өлеңдерімен таныстыру және көркем әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыру.
Шара басында Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық жолы туралы қысқа бейнефильм көрсетілді. Сондай-ақ, мектеп оқушылары Абайдың өлеңдерін оқып, музыкалық шығармаларын орындады.
Сонымен қатар, Абайдың «Қара сөздері» аудармасының авторы С.Тәукейұлы мектеп оқушыларымен әңгіме барысында Абайдың қазақ халқының мәдениетінде ерекше орын алатын тұлға екенін баса айтты. Ұлы ағартушының кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасының құндылығын жеткізді.
Өз кезегінде, Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Ж.Әділбаев Абайдың шығармашылығы мен дүниетанымын кеңінен насихаттау мақсатында осындай бірлескен іс-шаралар өткізу қажеттілігін атап өтті.
Шара соңында «Elite» халықаралық мектебінің кітапхана қорына Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігінің атынан моңғол тіліндегі Абайдың «Қара сөздері» кітаптары сыйға тартылды.