244
Елімізде «музыкалық жол» пайда болды
Елімізде «музыкалық жол» пайда болды
«Нұр-Сұлтан—Шортанды» автомобиль жолында музыкалық шу тудыратын жолақтар орнатылды. Мұндай технология Қазақстанда алғаш рет қолданылып отыр, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жасаған пилоттық жоба жол жүру қауіпсіздігі саласына жаңа технологияларды енгізу аясында іске қосылған. Оны жүзеге асыру барысында Германия, Корея, АҚШ пен Жапония елдерінің тәжірибесі ескерілді.
«Музыкалық жолдар» жүргізушілерге төтенше қауіпті участкелерде жылдамдықты азайтуға көмектеседі. Әуен автокөліктің дөңгелектері мен суық пластиктен жасалған шу белгісі жанасқанда шығады. Көлік шу жолағынан 90 км/сағ жылдамдығымен жүрген жағдайда, әуен дыбысты өзгертеді. Осылайша жүргізушінің назарын аударып, жүру жылдамдығын азайтуға әсер етеді. Эксперименттің нәтижесі бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ келер жылы өзге де республикалық жолдарға музыкалық жолақтар орнатпақ.
Шу жолақтары – бедерлі сызықтар түріндегі арнайы жол белгісі. Мұндай жолақтар жылдамдықты асыру, шаршау мен рөлде ұйықтап қалу себебінен болатын жол-көлік оқиғасын болдырмау мақсатында салынады. Олардың үстімен өткенде діріл пайда болып, жүргізушілердің жинақталуына көмектеседі.