Ақтау портының әлеуеті жоғары

Ақтау портының әлеуеті жоғары

Ақтау портының әлеуеті жоғары
ашық дереккөзі
427
  ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Құрық паром кешені құрылысымен танысты. Каспий маңы елдері арасында жүк тасымалдауды қамтамасыз етуге арналған порт жыл соңында қолданысқа беріледі.  Аумағы 24 гектарға созылған порт Каспий маңы елдері тұтынатын тауар импортын ұйымдастыруда маңызы зор болмақ. Ал бүгінде Каспий маңы елдеріне жүк тасымалдау Ақтау порты арқылы жүзеге асырылып келеді. Ақтау теңіз порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында, бірнеше халықаралық көлік дәліздері қиысқан тұста орналасқан. Бұл шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке және кері, Иран, Түркия, Ресей және Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай бағытында жүк тасымалдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бірінші жарты жылдықта теңіз портынан 378 паром мен 648 құрғақ жүк кемесі өткізілген. Паром қатынасымен 9 201 көлік құралы тасымалданған.  Құрық экономикалық маңызды қешенінің жұмысы аяқталып, қолданысқа берілуі бұл көрсеткіштерді еселей түспек. Бұл туралы Кәрім Мәсімов: «Мен Маңғыстау облысына Елбасының тапсырмасы бойынша өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында келдім. Қазіргі таңда елімізде Ұлт Жоспарына сай, Қазақстандағы халықаралық портты іске асыру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Портты жетілдіру бізге Азиядан Еуропаға жүкті кідіріссіз тасымалдауға мүмкіндік береді. Осы мақсатқа жету үшін Ақтау халықаралық теңіз-сауда портының стратегиялық маңызы зор», – деді. Жиында порттың қазіргі жағдайы, түйткілдері мен даму перспективалары, бүгінгі жай-жапсары туралы Маңғыс­тау облысының әкімі Алик Айдарбаев баяндады. Ақтау және Баку порттарының арасында тұрақты паром қатынасы орнаған. Теміржол паромдары 18-20 сағат ішінде 253 теңіз милін еңсере отырып, мұнай өнімдерін, халық тұтынатын тауарларды, астық пен минералдық тыңайтқыштарды тасымалдайды. Паромдарға 54 теміржол вагоны мен 35 ауыр жүк тасымалдайтын автомобиль сияды. Бір ай ішінде бұл жерден 1000-ға дейін ауыр жүк тасымалдайтын техника өтеді. 2015 жылдың қорытындылары бойынша жалпы жүктердің ауыстырылып тиелуі 5 млн 897 мың тоннаны құрады. 2016 жылдың бірінші жарты­жыл­дығы бойынша аталмыш теңіз портынан 2 млн. 681 мың тонна жүк өткізілген. «Ауыр жүк таситын маши­налардың тасымалдау көлемі 14 есеге артты. Сондай-ақ, «Теңіз порты» өткізу бекетіндегі мемлекеттік қызметтердің жұмыс үрдістерін оңтай­ландыру, құжаттарды ресім­деуін жеңілдету және жылдамдату, бірыңғай мемлекеттік бақылау жүр­гізу мақсатында «Бір терезе» қағи­даты бойынша жұмыс жасалуда. Нәтижесінде барлық органдар бір жерге орналастырылып, бақы­лау­шы мемлекеттік органдар тәуліктік режімде жұмыс істейтін болды.«Бір терезе» қағидаты бойын­ша кедендік ресімдеуді енгізу арқы­лы құжаттарды өңдеу уақыты 10 сағаттан 2,5 сағатқа дейін қысқарып, жыл басында туындаған кезекке тұру мәселесі шешімін тапты», – деді облыс басшысы. Каспий аймағының елдері 2020 жылдарға қарай порттар қуаттылығын 103 млн тоннадан 150,6 млн тоннаға дейін, яғни 1,5 есе арттыруды жоспар­лап отыр­. Бұл өз кезе­гін­де Ақ­тау теңіз портының Каспий маңы елдерінің жүк айналы­мын­­дағы үлесін 26 пайыздан 34 пайызға дейін арттыратындығын атап өтті «ҚТЖ» ҰК» АҚ прези­денті Асқар Мамин. Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев Ақтау әуежай­ына, Құрық және Баутино порттарына, Құрық кеме құрастыру зауытына қатысты мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, Премьер-министр К.Мәсімов кеңес қорытындысында инвести­циялар және даму министрі Ж.Қа­сымбектің басшылығымен жұмыс тобын құрып, талқыланған мәсе­лелер бойынша ұсыныстарды қорытындылап, Үкімет қарауына енгізу туралы тапсырма берді. Үкімет басшысы Ақ­тау қалалық жастар орталығында болып, жұмыссыз жастарды жұ­мысқа орналастыруды көздейтін «Жаңа серпін» бағдарламасының жүзеге асырылу жолдарымен танысты. Бұдан кейін К.Мәсімов бастаған топ Маң­ғыстау облысы әкімдігінде қорытынды кеңес өткізіп, облыс­тың 2016 жылдың бірінші жарты­жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдына қойып отырған міндеттері туралы тыңдады. Сапарды қорытындылай келе, Маңғыстау облысындағы сапалы ауыз су, мұнайшылар мәселесі және басқа да жайттар назарға алынып, түйткілді түйінді шешу жолдары қарастырылатын болды.   Батыс қақпа – Қорғастан Ақтауға   Қазақстан ау­м­а­­ғы­мен транзиттік жүктерді Қытай­­дан бірнеше бағыт бойынша тасымалдайды. Соның бірі – Қорғастан Ақтау портына, әрі қарай Каспий теңізінен Әзір­байжанға, одан Грузия, Түркия және Еуропаға жөнелтілмек. Қазақстанның көліктік-логистикалық жүйесінің батыс қақпасы әрі Еуразия муль­тимодальдық көлік дәлізінің стра­тегиялық торабы ретінде Кас­­пий жағалауындағы Ақтау және Құрық порттарының маңызы ар­тады. Сондықтан да, олардың ин­фрақұрылымын дамытып, қазақ­стандық флотты Каспий теңі­зінің айдынына шығару бойынша зор істер атқарылмақ. Ақтау портында солтүстік ба­ғытта құрғақ жүк тасымалы үшін жүк тиеу қуаттылығын арттыруға байланысты кеңейту жұмыстары аяқталуға жақын. Боржақты – Ерсай теміржолымен байланыса­тын магистральдық желісі Құрық портына жүк тасымақ. Халықаралық Ақтау портын кеңей­ту және Құрық кеме кешенін салудың арқасында Каспийдегі жүк тиеу қуаттылығы 2018 жылға қарай 25 млн тоннаға дейін артатын болады. «Шығыс – Батыс» трансқұрлықтық көлік дәлізінің бөлігі ретінде Каспий теңізі аймақ­тың транзиттік әлеуетін көте­руге зор үлес қосатыны анық. Биыл «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың Каспийде пайдаланып жүрген 2 құрғақ жүк таситын кемесінің қатары тағы жаңа екі су көлігімен толықпақ. Теңізде трансқұрлықтық муль­тимодальдық тасымалға қызмет көрсету үшін 2 кеме жасауға келісімшартқа қол қойылды. 2020 жылға қарай «ҚТЖ» ҰК» АҚ флоты 20 кемені құрайтын болады. Теңіз бағдарларына қарағанда, құрғақ жүкке арналған көлік дәліздері Еуразия құрлығының түрлі елдері аумағынан өтеді. Ұлы Жібек жолының Қазақстандағы тармақтарын түгел қамтылып, Еуропаға жүк тасымалдау жаңа бағыттар бойынша іске асып, еліміздің экономикалық әлеуетін арттыра түспек.   Ақниет ОСПАНБАЙ    

Серіктес жаңалықтары