1044
Қанатбек Шағатаев: Құрама дәрігерінің салғырттығы спорттағы жолыма нүкте қойды
Қанатбек Шағатаев: Құрама дәрігерінің салғырттығы спорттағы жолыма нүкте қойды
Сексенінші жылдар соңы мен тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін Қазақстан құрамасында 67-71 келі салмақ дәрежелерінде кентаулық Қанатбек Шағатаев өнер көрсетті. КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы (1991), КСРО кубогының екі дүркін қола жүлдегері (1990, 1991), Азия чемпионы (1994), Әлем Кубогының күміс жүлдегері (1994), Азия Ойындарының чемпионы (1994) атанған Қанатбектің талабы таудай еді. Олимпиаданы ұтсам деген асқақ арманы денсаулығының сыр беріп, орындалмаған күйі қала берді.
– 1991 жылы КСРО спартакиадасын ұтып тұрып, Барселона олимпиадасының іріктеуінен қалайша тыс қалып қойдыңыз?
– 1992 жылы Тамбовта өткен ТМД чемпионаты қарсаңында қатты ауырып қалып, қатыса алмадым. Менің орныма Аркадий Топаев кетті. Сол жолы ол финалда Сергей Сомойловқа есе жіберіп, артынша ТМД кубогында кеткен есесін қайтарды. Жалпы, 1992 жылы ТМД құрамасының оқу-жаттығу жиыны алдында Сергей Сомойлов жол апатына түспегенде Барселонада Топаевтың өнер көрсетуі белгісіздеу еді. Неге десеңіз, сол жолы Ресей бапкерлері Испанияға барғанда Болат Жұмаділов пен Болат Теміровті олардан жеңіліп жүрген орыс боксшыларымен орнын ауыстырып жіберді. Ал Топаевты ауыстыратын ешкім болмаған соң қатыстырды.
– Дегенмен Топаев Барселонадағы алғашқы кездесуінде ұтылып қалды...
– Жалпы, Аркадий Топаев өте мықты боксшы болды. Ол 1992 жылы Барселонада чемпиондықтан үмітті бірден бір спортшы болды. Кубалық қарсыласы Хуан Лемус кездесуде гонг соғылғаннан кейін ұрып, Аркадий жарыстан шығып қалды. Атлантада да сөзсіз ол чемпион болатын еді. Бірақ, 1995 жылы көктемде кенеттен ауырып, боксты қоюына тура келді.
– Кейін Топаевпен рингте кездестіңіз бе?
– Бішкекте 1993 жылы ТМД елдерінің кубогы өтті. Бірақ Ресей, Украина секілді елдердің құрамасы қатыспады. 71 келінің мықтысы - Аркадий Топаев екеуіміз болдық. Жеребе бойынша біздің жолымыз жартылай финалда түйісті. Неге екенін білмеймін, ұтып тұрған жерімнен қосалқы төреші Арыстан Сәрсенбаев ұпайын Топаевқа беріп жіберіп, мен ұтылдым да қалдым.
Сол жолы бас бапкер Серік Әбденәлиев марқұм жарыстан кейін жеке шақырып: Жақсы жекпе-жек өтті. Негізі сен ұтылмадың. Алда оқу-жаттығу жиындары бар. Сол жерде екеуіңді спаррингке қоямын. Жеңімпазды солай анықтаймыз деп сөз берген еді. Алайда ол сөз орындалмады.
Көп ұзамай Финляндияда өтетін әлем чемпионатына кімдердің баратыны белгілі болды. Ол тізімге мен енбедім. Ызам келген соң чемонданымды арқалап, АҚШ-қа аттандым. Себебі, оқу-жаттығу жиындарында сол кездегі аға бапкер Серік Әбденәлиев мені Топаевпен бір салмақта болсақ та спаррингке шығармады. Бішкектегі кубок сынынан кейін спарринг болады деген уәдесін орындамады. Оған қарсылас қылып көбіне 67 келідегі Бекжан Алтынбековпен қояды да, мені Жировтың қарсыласы ретінде бекітіп жүрді. Егер сол кезде құраманың аға бапкері Әбдісалан Нұрмаханов болғанда мені Топаевпен спаррингке шығарып, байқап көрер ме еді. Екі ай бойы құрамада босқа ұстады. Сафиулин сол кезде жеке бапкерім ретінде осыны реттеуге құлықсыз болды. Ол лапаны жақсы ұстайтын. Бірақ маған қырын қарайтындай көрінетін. Себебі, спаррингте талай қарсыласты құлатып жатсам да елемейтін. Тіпті, көрмегендей болушы еді. Соған менің жыным келетін. Тіпті, шыдай алмай айтқан күнде де үнсіз қоя салатын.
– АҚШ-қа барған соң жағдай қалай өрбіді?
– Ол жақта грек-рим күресінің балуаны Бисолт Дециев бізге қамқор болып, Америкада өзі бастап алып жүрді. Ол елмен бізде күн мен түн арасы қарама қарсы. Бір күні түнгі сағат екі кезінде Қазақстаннан Әбдісалан Нұрмаханов пен Нұрғали Сафиулин телефон соқты. Бұл 1993 жылдың күзі болатын. «Сен елге келуің керек. Топаев 75 келіге ауысты. 71 келідегі орын бос. №1 боксшы боласың. Алда Азия чемпионаты, әлем кубогы бар. Соған қатысасың» деді. Шыны керек, АҚШ-та келісім жасамақ болған промоутер азды-көпті үйренісіп, көптеген боксшылармен мачтық кездесу өткізіп жүргеннен кейін қайтқым келмеді. Бір жағынан «Егемен ел болдық. Сен елді танытуың керек» деген сынайдағы әңгімелерден соң бармау мүмкін емес еді. Қазақстаннан Аманша Ақбаев деген кісі Бисольт Дециевпен ұзақ сөйлесті. Сосын Бисольт: Сенің елге барып кел. Алда Азия мен әлем чемпионаты, Атланта олимпиадасын ұтып келсең, рейтингің де жоғары болады» деді. Содан кейін қайтып келемін деген оймен елге аттандым.
– АҚШ-та маңызды жекпе-жек өткізіп үлгердіңіз бе?
– АҚШ-та көптеген спаррингтер өткіздік. Менімен келісімге келмек болған промоутерге боксым ұнады. Ол жақта 67 келіден жоғары салмақтағы кәсіпқой боксты жақсы көреді. Спаррингте көптеген боксшыларды ұттым. «Спаррингте құлағандардың арасында әлем чемпионатының белдігі бар боксшы болғанын білесің бе?» деп еді сүйсінген промоутерім. Түріне қарамай шыға бердік, ол кездегі мақсат басқа еді.
– Қазақстанға келгеннен кейін бәрі ойыңыздағыдай болды ма?
– 1993 жылы қазан айында Қазақстанға келдім. Тегеранда Азия чемпионаты өтуі тиіс болатын. Алайда себептерге байланысты 1994 жылдың қаңтарына ауыстырылды. Бес боксшы Азия чемпионы атандық. Ирандағы қазақтардың жылы ықыласын сезінген турнир болды. Маусым айында Тайландта әлем кубогына аттандық. Финалға дейін 4 кездесу өткіздім. 3 қарсыласым құлап, жекпе-жек мерзімінен ерте аяқталды. Финалдағы румын боксшысы Франчиск Ваштаг еді. Ол 1989, 1993 жылдары әлем чемпионы атанған. Бұдан бөлек, 1991 жылы Сиднейде өткен чемпионатта қола медаль иеленіп, 1993 жылы Еуропа чемпионы атанған. Финал алдында журналистердің сауалы менің көңілімді күпті ете түсті. «Қалай ойлайсың? Екі дүркін әлем чемпионын ұту сен үшін мүмкін емес қой. Ол мықты боксшы» деген сөздер қатты әсер етті. Іштей ұта алам ба деген күмәнді ой жегідей жеп маза бермеді. Финалды жақсы өткіздім. Бұрын Франчискпен рингте кездеспегенбіз. Нәтижесінде 1 ұпай айырмасымен жеңіс румынға берілді.
– Азия Ойындарын қалай өткіздіңіз?
– 1994 жылдың қарашасында Хиросимада Азия Ойындары өтті. Бұл - Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде алғашқы құрлық ойындарына алғаш қатысуы. Нұржан Сманов екеуіміз Жапонияда чемпион атандық.
– Жарыстан кейін Қазақстанда қалай қарсы алды?
– Елге табанымыз тиісімен ыстық ықыластың астында қалдық. Жеңімпаздарға үй берді, көлік мінгізді. Көлікті маған беретін кезде Нұрғали Сафиулиннің араласуымен біраз шырғалаң орын алды.
– КСРО кезінде де осылай ыстық ықыласты сезіндіңіз бе?
– КСРО халықтарының спартакиадасын ұтқан боксшыларға үй мен көлік берілетін. Мен 1991 жылы Минскіде өткен спартакиаданың жеңімпазы болғанда шенеуніктер келіп құттықтап, алда үй мен көлік берілетінін айтқанымен артынша бәрі ұмыт қалды. Кейін бапкерім араласып жүріп, үйді әупірімдеп алып берді. Кімнің уәделі көліктен тыс қалғысы келеді. Мен де спартакиаданың жеңімпазы көлік ретінде алғым келді. Бірақ, жеме-жемге келгенде көлікті бермей қойды.
– 1994 жылғы Азия Ойындарынан кейін 71 келіде Атлантада сіздің бақ сынайтыныңыз белгілі еді... Былғары қолғапты шегеге ілу керектігін дәрігер қай кезде айтты?
– Денеме жиі сыздауық шыға берген соң оны емдеген дәрігер кәріс әйел «өкпең дұрыс емес, сен көп темекі тартасың ғой деймін» деп өз тұспалын айтты. Оның түсірген рентген қағазын құрама дәрігені Сагид Мусаевқа көрсетсем «Бәрі дұрыс» дейді де қоя салады. Ауруым асқынғанын елемей жүріп, жарыстарда жиі шаршайтынды шығардым.
1995 жылы Германияның Галле қаласында өткен турнирде шаршап қала бердім. Сол үшін финалда кездесуге шығармады. Екі аптадан соң Түркиядағы турнирде 75 келіде бокстасып, екі кездесуден соң жарысты тоқтатуға тура келді. Бәрі сол кездегі құраманың дәрігері Сагид Мусаевтың кесірі. Дәрігердің «енді спортқа жарамайсың» дегені маған өте ауыр соққы болып тиді. Берлинде өткен әлем чемпионатына менің салмағымда ешкім бармады. Аркадий Топаев та сол кезде ауырып қалды. Жалпы, біздің ауырып қалуымыз Ермаханның жолын ашты.
– Ермаханның олимпиада чемпионы болатынын шамамен сездіңіздер ме?
– Жоқ. Ермаханмен оқу-жаттығу жиындарында талай бірге болдық. Құрамадағы еңбекқор, қарымды боксшылардың бірі ғой. Аталантада қола медаль алғанда ғана алда ірі табысқа жетеріне күмәнсіз сендік. Көпшілік одан гөрі Аркадий Топаевты чемпион болады деп күтті. Василий Жиров жақсы боксшы еді. Оның олимпиада чемпионы болатынын көбіміздің ішіміз сезетін. Себебі, бапкері, марқұм Александр Апачинский талабы қатты маман еді. Жарыс өтетін қалаға ерте келіп, сол жақтағы боксшылармен Васяны спаррингке шығарып, климатқа бейімдейтін. 1993 жылы Топаев 75 келіге ауысқанда ол ойланбастан 81 келі салмақ дәрежесіндегі жоғарылады. Сол кездері құрамада Жировты құлататын тек Топаев екеуіміз ғана едік.
– Боксты қойғаннан кейін не істедіңіз?
– Көптеген өкініштер пайда болды...
– Қандай өкініш?
– 1993 жылы АҚШ-та қала беруім керек еді. Тағы бірі, біз 1990 жылы «Сеул Кубогы» турниріне қатыстық қой. Қазақстан құрамасының аға бапкері болған Юрий Цхай бізді бастап Оңтүстік Кореяға барды. Финалда жергілікті боксшының ұтып жаттым. Екінші раундтың соңына таман оның соққысы ернімді жыртып, үстінгі екі тісімді сындырып жіберді. Шешім бойынша жекпе-жек тоқтатылып, ұпай санымен ұтып жатқан маған жеңіс берілді. Сол жерден бірден марапаттауға дейін ернімді, қызыл иегімді дәрігерлер тігіп берді. Кәрістің медицинасы сол кезде дамып кеткен ғой. Кейін жазылған соң бірде бір шырам қалмады.
Сол жерде кәрістер маған киім арасына ақша салып, сол елде қалуымды сұрады. Цхайға шықты. Ол білмеймін дегендей, қашқақтай берді. Не істесем екен деп Цхайға қараймын. Ол «өзің шеш, мені араластырма» деп кетіп қалды. Кәрістердің «Оқуға түсіреміз, біздің елдің құрамасына енесің, азаматтық береміз» деп айтқандары есімде. Жөнін білмейтін болған соң қалмадым... Кейін денсаулығым сыр беріп, құраманың дәрігерінің салғырттығынан денемнен 4,5 литр сары су алған кезде неге қалмадым екен деп өкіндім...
– Жаттығу барысында сырқаттың сызы сезілмеді ме?
– Денеме жиі сыздауық шығып жүрді. Қуық жағым ісініп кетті. Кентауға оралып, дәрігерге қаралдым. Сол кезде денемнен 4,5 литр сары су алды. Кейін тағы Алматыда емделіп, ұзақ уақыт ауруханада жаттым. Мені қараған дәрігерлер «мынадай қалыпта жүре бергенін үшін құраманың дәрігерін соттап жіберуге болады» дейтін. Құраманың дәрігері Сагид Мусаев зәресі ұшты ма, қалымды сұрап, емханаға жиі келгіштеп, бұрынғы рентгеннің қағазын сұрай беретін...
– Емханаға жатуыңызбен Атлантаға барамын деген арман біржола өшті ме?
– Бір жыл бойы рингке шықпадым. 1996 жылы Атланта олимпиадасының алдында Тайландта Король кубогы өтті. Бұл олимпиадаға жолдама беретін соңғы жарыс еді. Қазақстан Ұлттық құрамасында 5 салмақта жолдама болмады. 75 келідегі боксшының орны бос тұрды. Іштей «мүмкін осы турнирде жолым болар» деген үмітім болды. Алып-ұшып Алматыға жетіп, Бутаковкадағы спорт базасында жаттығып жатқан құрамаға келгенімде Нұрғали Сафиулин «бәрі бітті, кетіп қалды» деп маңайлатпады. Алматыдан Шымкентке, одан әрі Ташкент арқылы Тайландқа ұшатын құраманы жолға шыққалы тұрған жерінде жолықтырдым. «Билет табылса сені алады ғой, сөйлессейші» деп құрамадағы жігіттер айтып жатты. Басшылармен сөйлесіп едім, сөзге келместен алып кетті. Бір жыл жаттығу көрмеген маған бұл жарыс бір жағынан өте қызық болды. Жарыс сайын көріп тұратын Иран, Оңтүстік Корея бапкерлері мені көріп, құшақтап, мәз болды. «Қайда жүрсің?» деп сұрап жатыр. Тәжік боксшыларымен спаррингке шықтым. Жеребем де сәтті тартылды. Бірінші кездесуді ұтсам, бірден жартылай финалға шығамын. Бірақ... Ұзақ жолдан ұйқым дұрыс болмады ма екен, мазам болмады. Тіпті болмаған соң бапкерге айттым. Бәрі дұрыс болады деп, дұрыс ұйықтайсың деп аздап шампан ішкізді. Ішкенімде ол: «Барып ұйықта. Жақсы боласың» деп шығарып салды. Түнімен ауырып, ертеңінде жарысқа шықтым. Бірінші раундты жақсы өткізгеніммен аяғым қозғалмайды. Соққыларым дәл тиеді. Бірақ рингте қозғалу жағы қиындай түсті. Бірінші раунд қорытындысы бойынша ұпай санымен ұтып тұрсам да бапкерлер орамал лақтырып, жарысты тоқтатты. Мұны көрген индонезиялық қарсыласымның өзі атыздай болып шығып кете жаздады. Ол сол жолы жолдама иеленді. Бұл менің шаршы алаңдағы ең соңғы жарысым болды...
– Бокстан кеткен соң не істедіңіз? Күйзеліс болмады ма?
– Мақсатыма жақындап келе жатып, күтпеген жерден бәріне нүкте қойылғанда бір уақыт өзімді жоғалтып алғандай болдым. Менен таяқ жеп жүрген боксшылар олимпиада чемпионы, қала берді жүлдегері атанған кезде өзімді жегідей жедім. Денсаулығымды дәрігерлердің уақытында түзеп бермегеніне налыдым. Бірақ өмір жалғаса берді. 1997 жылы үйлендім. Оңтүстік Қазақстан облысын Халық Абдулаев басқарған тұста кездестік. Қол ұшын созып, біраз уақыт Әділет басқармасында жұмыс істедім. Кейін Болат Қырықбаев спорт басқармасын басқарған тұста облыстың аға бапкерлігіне тағайындау туралы ұсыныс болып еді. Бәрі қолдап, енді тағайындалайын деп тұрғанда Нұрғали Сафиулин сөз алып, қарсылық танытты. Бір ғана сөз айтып: «Бұл бала әлі дайын емес» деді... Мен де ұсынысқа жармаспадым. Кейін болармын деп қоя салдым.
– Білуімізше, Мәскеуде болып, біраз сол жақта тұрып келіпсіз...
– Мәскеуде тұратын Бекболат Бекенов деген ағамыз шақырып, сол жақта біраз уақыт жеке бапкер болып жұмыс істедім. Ол жақта жақсы айлық еңбекақы төледі. 2005 жылы Қазбек Мырзақұловтың шақыруымен Кентауға келіп бокс мектебінде жұмыс істедім. 2008 жылдан бері директорымын.
– Нәтижелеріңіз қалай болып жатыр?
– Біз балаларды тек 17 жасқа дейін ғана жаттықтырамыз. Ары қарай өзімізде ұстап отыра алмаймыз. Талап бойынша, спорт мектептеріне жіберуіміз керек. Қазір осы жағынан түбегейлі шешімін тауып, соны реттеу жағымен айналысып жатырмыз. Жасөспірімдер арасында жарысқа қатысып, Азия біріншілігінде жүлде алған шәкірттеріміз бар.
Сұхбаттасқан Жангелді ҚАРЖАН