Жошы хан кесенесінің келбетін сақтайық
Жошы хан кесенесінің келбетін сақтайық
Жалпы, адамның туа бітті болмысы, туған жердің табиғатына тікелей байланысты ма деп ойлаймын. Өйткені зер салып, қарап отырсаңыз табиғаты көркем, көк орай шалғынды, орманы өскен, таулы, сулы мол, аң, құстары көп өңірлерден қандай тамаша таланттар шықты десеңізші. Көкшетау, Баянауыл, Жетісу, Семейден шыққан Абай, Шәкәрім, Ақан сері, Балуан Шолақ, Біржан салдардың ізбасарлары сол өңірлерден әлі де жалғасып келеді.
Шығыстың, оның ішінде, табиғатына көз тоймайтын Үржар өңірінің тумасы, менің қайын атам Тәңірберген сұңғыла, зерек, тірі шежіре, білімді әрі ұқыпты адам болатын. Ертеректе қызылдардың қыспағынан қашып, Шығыс Түркістанды паналап, сонда ірі қызмет істеп жүргенде қолына түскен Ахмет Байтұрсыновтың суретін, өміріне төнген қауіпке қарамай Қытайдан 1953 жылы паспортпен бері өткеннен кейін, этнограф ғалым Жағда Бабалықовтың қолына тапсырған еді. А.Байтұрсыновтың қазіргі жеке суреті – сол сурет.
Сол қайын атам жиендеріне қонақ болып қайтайын әрі жер аралайын, тарихи ескерткіштер мол, соларды көрейін деп Жезқазған өңіріне, Сарыарқаға алғаш келе жатып, пойыз терезесінен ұшы-қиыры жоқ сары даланы көріп: «Япыр-ау, сарғайып, күйіп кеткен, шетсіз, шексіз шөпсіз, елсіз далада қалай өмір сүресіңдер? Мал қайда жайылады? Шөбі жоқ, суы жоқ, мынау, Қазақстандағы Африка шөлі шығар» – деп, жеткенше таңғалумен болған екен. Үйге келген соң да, сол әсерінен айыға алмай, ыңғайы келгенде, сөз арасында қосып қойып отырды. «Қызым, қай далаға келгенсің?», – дегісі келді ме кім білсін....
Бірер күн демалған соң, «күйіп кеткен» Сарыарқаны аралатуға алып шықтым. Біраз жерді араладық. Ұлытауға барар жолдағы, асыл азамат М.Төрегелдин жинаған Жездідегі аспан астындағы тарихи музей (ол кезде жаңа басталған) Үш Қамыр қалашығындағы Бас қамыр, Орта Қамыр, Аяқ Қамырдың қазба жұмыстары жүргізілген орындарынан бастап, Ұлытау, ондағы Едіге, Тоқтамыс сияқты тұлғалардың басында болдық. Ерден, Дүзен, Алаша хан, Жошы хан кесенелерінің архитектуралық ерекшеліктері бәрімізді таңғалдырмай қоймады. Теректі Әулие, Домбауыл тағы да басқа Ата Бабадан қалған ескерткіштер, ғасырлар бұрын бұл жерлерде талай тарихи оқиғалар болғандығын тілсіз-ақ баяндап тұрғандай. Әсіресе, Жошы, Алаша хан кесенелерінің кірпіш қалау ерекшеліктері, екеуінің ұқсастығының өзі бас шайқатпай қоймайды. Ашық аспан аясында, қар мен жаңбыр, қайнаған ыстық аптапқа ғасырлар бойы төтеп беріп осы күнге дейін (Жошы хан кесенесіне 730 шамасы) жетуі сол кезде құрылыс материалдары технологиясының өте жоғары деңгейде болғанын білдіртсе керек.
Қасиетті Ұлытаудың көрікті жерлерін көріп, кесенелердің архитектуралық шешіміне таңдай қаққан менің «турист» қайын атам риза болып қайтты.
Содан бері қырық жылдан артық уақыт өтсе де, туған жеріміздегі осы ерекше құнды ғимараттарға қанша барсам да, бірінші рет барғандай, таңғалумен келемін.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын, Túrkistan газетінің бетінде Жезқазған, Балхаш, Ұлытау өңірінің өндірістік, әлеуметтік мәселелері туралы мақаламызда Ұлытау өңірінде ұлттық қорық құру туралы мәселелерге де тоқталған едік. Үкімет құлақ асты ма, белгісіз, бірақ содан бері Ұлытауға ерекше көңіл бөлініп, биыл Жошы хан кесенесін туристік бағытқа қосу үшін, қомақты қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып та кетті деген қуанышты хабардың әсерімен, жақсыны көрмекке деген ниетпен, өзіме белгілі бағыт бойынша ашық аспан астындағы Жезді өлкетану (қазір ондай музей Қазақстанда жоқ) музейінен бастап, Ұлытау астық. Ұлытауға осы жылдар арасында көп өзгерістер келіп, құлпыра түсіпті. Көшелерге асфальт төселіп, ағаштар отырғызылыпты. Тау етегінде Асанқайғы атамызға орнатылған үлкен ескерткіш Ұлытауды ұлғайта түскендей әсер береді.
Қайтар жолымызда соққан Ерден, Дүзен, Алашахан кесенелері, өздерінің өзгермес, асқақ бейнесімен сәлемімізді алып, «Аман-есен болыңдар, ұрпағымыз, келіп тұрыңдар. Көріскенше күн жақсы, жолдарың болсын» деп, рақметін айтып, жақсылық тілегендей алыстаған сайын сағыммен көтеріліп, мұнарлана түсті. Біз де көрген, білгенімізді жарыса еске алып, марқайған көңілімізбен Жошы хан кесенесіне тарттық.
Жошы ханға апаратын жол асфальттаныпты. Алған жақсы әсерімізден бе, айналадағы сай, сала құлпырып, төбелер биіктей түскендей көрінді. Ыңғайы келгенде жол азабына, күннің ыстық, суығына қарамайтын қызығушыларға мына жол рақат болды-ау, бұрын өзіміздің турисіміз ғана келуші еді, енді шет елден де келетін болды деген сияқты әңгімемен, әне-міне дегенше, Жошыға да келіп кірдік. Қызу құрылыс жұмыстары жүріп жатыр екен: Қонақ үй бой көтеріліп қалыпты, айнала абаттандыру элементтері, тағысын тағылар....
Жошы кесенесіне көзім түскенде көңілім бірден секем алып қалды, кіреберіс есіктің жоғарғы жағын киіз үйдің киіз есігі сияқты есіктің еніндей жолақпен күмбезге дейін ақ бояумен бояп тастапты. Бұрышы болмаса есігі ашық тұрған киіз үйден айырмашылығы шамалы. Есікке таяна бергенде іштен ақ қабырға көріне бастады да одан әрі күнделікті, үйреншікті каладағы бір бөлмеге кіргендей болдық. Қабырғаның бәрін ақ гипспен сылап тастапты. Бұрынғы қалауында мін жоқ қызыл-қоңыр кірпіштер қатары мәңгілікке сылақ астында қалған. Кірпішті арқан ысқандай иіре отырып күмбезді көтеретін қалаулар, таға секілді оралып барып басқа қабырғаларға жалғасатын көз тартар өрнектер бәрі-бәрі көзден таса болған.
Талай рет келсем де ішінен өрілген күмбезді қалай мінсіз өрді екен деген сұрағым күмбезді жапқан қыштың астында алынбайтын жауап болып қала беріпті...
Жеті ғасырдан артық, уақыт езгісіне берілмей, талай ұрпаққа адамзат баласының қолынан келмейтіні жоқ екенінің белгісі болып келген ата-бабадан қалған баға жетпес қайран ескерткіш, бір күнде, бір кешенің қолынан адамзат баласының құндылығы болудан қалыпты да қойыпты...
Не болғанын түсінбей, түсінгіміз келсе де, түсіне алмай, үнсіз бір бірімізге қарадық. Қазақстанның қай жерінен болса да кездесетін, кез келген адам, туған-туысына қоятын жәй ғана мола-ескерткішке айналыпты. Жанымыздағы он жасар баламыз: «Сәтпаевтағы құран оқыған бейттен нашар ғой» деп өз бағасын беріп тастады... Не айтасың оған?.. бала ғой. Ал мынандай бассыздыққа барған адамдарды да бала ғой демекпіз бе? Осыны ойлап сылатқандар, келетін туристер Жошы үшін, келеді дер. Рас, қызығатындар Жошы үшін келеді. Дегенмен олай ойлауға Жошы Ленин сияқты әйнектің астында жатқан жоқ қой. Жошыны көрсететін оның кесенесі ғой. Қожа Ахмет Ясауидің кесенесіне қандай да бір өзгеріс енгізсек ол кесене ғұламаның биік тұлғасын, бейнесін бере алар ма еді? Енді бір рет келген турист, бұл жерге қайта айналып соғар ма екен? Кеш болмай тұрғанда қалпына келтіру керек. Сонда ғана салынып жатқан қонақ үй қонаққа толып, аты дүниежүзіне жайылған Жошыны қадірлегенімізді, ескерткіштерімізді сақтай білетінімізді түсінер едік.
...Басымыз салбырап тысқа шықтық. Жаңа ғана көтеріңкі көңіл су сепкендей басылды. Не айтарымызды білмей үнсіз машинаға отырдық. Манағы әңгімешілдік жоқ, әркім өз ойына ерік бергендей болды...
Маған осында қырық жыл бұрын ертіп келген алғашқы «турист» қайын атам қайтып келіп: «Әәәй, балам, бәріне сен, сенің қатарың кінәлі. Қайда қарап жүрдіңдер?» деп ақсақ аяғымен адымдап келіп таяғымен салып жіберердей көрінді.
Иә, сол таяқ сылаққа бұйрық бергендерді осып өтсе екен.
Мәжит Бегежанов,
зейнеткер