Кәрі құрлықтың келешегі ортақ әскер құруға тәуелді ме?
Кәрі құрлықтың келешегі ортақ әскер құруға тәуелді ме?
Наурыз айы мереке мен той-думанның ғана емес, геосаясаттағы «қызықтардың» да қызатын шағы. Әлімсақтан солай болған, қазір де халықаралық саясат дәстүрден тана қойған жоқ. Дәлел керек десеңіз, дүние-дүрмектің дүбіріне құлақ түрсеңіз жеткілікті. Көктем шығысымен құрлық біткенді аузына қаратқан Еуропа да әбігерге түседі. Мұнда бұрынғы бұйығы тірлік жоқ, бірі асығыс, бірі алаң. Әлемді жайлаған экономикалық қиындықтардың әсері барлық материкті жанталасқа салғаны рас, еркіне қоя берсе, мүлгіген Антарктиданы да қозғап жібергісі бар. Бірақ кәрі құрлықтағы оқиғалардың өрбу жылдамдығы басқалардан ерек. Әуелі айдың басында Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкердің сыртқы қауіп-қатерге шапшаң жауап беруге қабілетті болу үшін бірыңғай еуропалық әскер жасақтау туралы идеясы көптің талқысына ұсынылды. Ұсыныс ә дегеннен неміс бундестагы депутаттарының кең қолдауына ие болды. Еуроодақтың жеке әскерін құру идеясын Финляндия президенті Саули Ниинисте де жақтады. Көп ұзамай төраға Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могеринимен бірлесіп, Еуропаның қорғаныс саласындағы саясатын нығайту бағытында жаңа бағдарлама әзірлейтінін мәлімдеді. Бұл бағдарлама Еуропалық кеңестің маусымда өтетін саммитінде талқыланбақ. Бірыңғай әскер жасақтау мәселесінің шешімі Еуропа серкелерінің сол отырысында белгілі болады. Болатынды болжауға асықпай, болғанды таразылағанымыз жөн болар. Еуропалық кеңестің өткен аптада өткен саммитінде де бұқаралық ақпарат құралдарына көпке дейін азық болатын қорытындылар жасалды, талай әңгімеге тамызық болар ұсыныстар айтылды. Екі күнге созылған Брюссель саммитінде Еуроодақ көшбасшылары кәрі құрлықтың Ресеймен қарым-қатынасы, Украинадағы дағдарыс пен Ливиядағы исламистерге қарсы күрес әрекеттері сияқты көп спектрлі сыртқы түйткілдермен қоса, ішкі экономикалық және энергетикалық мәселелердің түйінін тарқатуға тырысты. Жабық режимде өткен отырыстың қорытынды құжаты жұма күні кешкісін-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында кең тарап кетті. Журналистер құжаттың бекітілген нұсқасын саммиттен бірер күн бұрын EurActiv порталында жарияланған долбар нұсқасымен салыстырып, Брюссельдегі пікірталастың қызу болғанын болжады.
ШЕГЕРІЛМЕЙТІН ШЕКТЕУ
Саммит барысында Еуроодақ көшбасшылары Ресейге қарсы секторлық санкцияларды соза түсудің жөн-жобасын қарастырып бақты. Ақыры өткен жылдың 31 шілдесінде қабылданып, 8 қарашада кеңейтілген шектеу шараларының болашағын Минск келісімінің орындалуына теліп қойды. Яғни Минск келісімінде көрсетілген шаралар шешімін таппайынша Кремльге қарсы санкциялар күшінде қала бермек. Минск кездесуіндегі уағдаластықты орындауға 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін уақыт берілгенін ескерсек, Ресейге бағытталған шектеу шаралары биылғы жылдың соңына дейін созылуы ықтимал. «Нақты шешім маусым саммитіне дейін шығарылады» делінген ресми мәлімдемеде. Мәлімдеме – наурыз саммиттінің қорытынды сөзі емес, онда тек Еуроодақ елдеріне ортақ ұстаным көрініс тапқан. Айтпақшы, саммит қарсаңында Bloomberg агенттігі Еуропа көшбасшыларының кездесуінде Ресейге қарсы санкциялық режимді жұмсартуды қолдайтын елдер коалициясы құрылуы мүмкін екенін жазған еді. Құрылымның құрамына Австрия, Испания, Италия, Грекия, Кипр, Венгрия мен Словакия кіруі тиіс-тін. Бірақ Bloomberg-тің болжамы расталған жоқ. Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск, Германия канцлері Ангела Меркель және Франция президенті Франсуа Олланд ұсынған шешім кеңес мүшелерінің тарапынан жаппай қолдау тауып, бір құрылымды екіге жарылудан аман алып қалды. Саммитте талқыланған тағы бір маңызды мәселе – ресейліктер жүргізіп отырған ақпараттандыру мен үгіт-насихат саясатына еуропалықтардың берер жауабы. Брюссель отырысынан бірер апта бұрын «Россия 1» телеарнасы Ресей президенті Владимир Путиннің комментарийі кіріктірілген «Крым. Путь на Родину» атты фильмді көрермен назарына ұсынған болатын. Ресейлік арнаның бұл әрекетін ұнатпаған еуропалықтар маусым саммитіне «стратегиялық коммуникация жоспарын» әзірлемек. Кремльдің үгіт-насихат науқанына жауап беретін іс-қимыл жоспарын қысқа мерзімде дайындау Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі комиссары Федерика Могериниге тапсырылды.
ЭКСТРЕМИЗММЕН КҮРЕС
Саммитке дейін баспасөзде тараған құжатта Еуроодақтың исламдық экстермизмге қарсы күрес әрекеттері сараң баяндалған еді. Долбар нұсқада саммит кезінде «Ислам мемлекетінің» майдан алаңына айналған Ливиядағы жағдай талқыланатыны ғана айтылған. Брюссель отырысынан дәл бір күн бұрын, 18 наурызда Тунисте болған лаңкестік оқиға Еуроодақтың жоспарларын түбегейлі өзгертті. Саммиттен кейін жарияланған мәлімдемеде Брюсселльдің ұстанымы екі қысқа абзацтан көрініс тапты: «Еуропалық Кеңес Тунис музейіндегі туристерге шабуыл жасаған лаңкестерді жазғырады және қаза тапқан адамдардың отбасыларына қайғырып көңіл айтады. Еуроодақ Тунистегі болашағынан үлкен үміт күттіретін жас демократияны қолдау мақсатында бұл мемлекетке лаңкестікпен күресте көмек көрсетіп, ынтымақтасып жұмыс істеуге дайын» делінген. Өткен сәрсенбіде Бардо музейінде туристер мінген автобусқа жасалған шабуыл Тунис мемлекетінің ғана емес, тұтас Африканың шаңырағын шайқады. Қара киімге оранған екі лаңкес автобустағы 21 адамды өлтіріп, тағы екеуін кепілдікке алған. Қаза тапқандардың үшеуі Тунис азаматы болса, 18-і – Италия, Испания, Польша, Германия мен Ресейден келген туристер. Қайғылы оқиғадан тағы 44 адам түрлі жарақат алды. Тунис қарулы күштерінің жедел шараларының арқасында екі лаңкес қолға түсіп, кепілге алынған адамдар босатылды. Осы оқиғаның ертеңіне «Ислам мемлекеті» арнайы мәлімдеме жасап, шабуылды ұйымдастыруға қатысқанын мойындады. Ұйымның бұл мәлімдемесінен кейін орын алған оқиғаны исламистердің Ливияға шоғырлануымен байланыстырғандар көп болды. Өткен жылдың жазында мемлекеттегі азаматтық соғыс жағдайында белең алған берекесіздікті пайдаланып, лаңкестер Дерна қаласын басып алған еді. Ақпан айында 21 адамды кепілге алған «Ислам мемлекетінің» «ливиялық филиалы» өзін көпшілікке ресми түрде таныстырды. Сол күні-ақ Италия Ливиядағы елшілігінің есігін тарс жауып, БҰҰ-ның бейбітшілік миссиясын ілгерілетуге белсенді түрде кірісті. Еуроодақ әзірге Ливияға халықаралық контингентті жөнелтуге асығар емес. Саммит қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Дональд Туск Еуропаның негізгі мақсаты Ливиядағы атыстарды тоқтатып, мемлекетте халық билігіне негізделген коалициялық үкімет құру екенін атап өтті. Брюссель Ливиямен арадағы келіссөздерді сол үкімет арқылы жүргізбек. «Оқ атуды тоқтатпайынша мемлекеттегі жағдайды тұрақтандырам деу – бос әурешілік. Ливия түйткілінің шұғыл шешімі жоқ, болуы да мүмкін емес», – деп Еуропалық кеңестің төрағасы қадап айтты. Наурыз айының соңында Федерика Могеринидің Италия, Мальта мен Туниске сапары жоспарланып қойған, бұл турнеге Дональд Туск та қосылуға ниет білдіріп отыр. Жұмадағы жүздесуде Могерини «Ислам мемлекетінің» содырларына қарсы әскери операциялардың жүргізілуі мүмкін екенін жоққа шығарған жоқ. Бірақ бұл қадам да Ливиядағы азаматтық соғысты тоқтатып, коалициялық үкімет құруға бағытталатыны анық. «Еуропа қазір Ливияға қолдау көрсетудің барлық жолын қарастыру үстінде, тіпті қауіпсіздік пен коалициялық үкімет құру мәселелеріне де болыспақ», – деді Федерика ханым. Қауіпсіздік тақырыбының астарында шекара маңында әскери операциялар жүргізу, Ливияның полиция және сот жүйесінің жұмысына араласу ниеті жатқанын да жасырмады.
ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ОДАҚ
Еуропаның өз ішінде де түйіні тарқамаған түйткіл жетерлік. Саммиттің күн тәртібіне қойылған өзекті мәселелердің бірі – энергетика. Ақпан айының соңында Еурокомиссия Еуропалық көмір және болат бірлестігіне балама болатын жаңа одақ құру жобасын ұсынған болатын. Еуропалық кеңестің саммиті бұл стратегияны қолдап, мемлекет және үкімет басшыларын энергетикалық одақтың құрылуына белсенді араласуға міндеттеді. Олардың ең басты міндеті – ұлттық энергетикалық нарықтар арасындағы интеграцияны жеделдету. Еуроодақтың газ тасымалдау жүйесінің қысқы мерзімде газдың қосымша мөлшерін өткізу мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан Еуропа елдері құбырлар мен сұйылтылған табиғи газ терминалдарының және жаңа хабтардың құрылысын жеделдетуге айрықша ден қойған. Еуропа елдері өздеріне қажетті энергия көлемінің жартысына жуығын сатып алуға мәжбүр. Газ импорты жыл сайын 400 млрд. еуроға жуық қаржыны шекара асырады. Еуроодақ нарығындағы газдың 39 пайызы, мұнайдың 37 пайызы Ресейге тиесілі. Сондықтан саммитке қатысушылар энергетикалық одақтың негізгі мақсаты энергия тасымалдаушыларға тәуелділіктен арылу екенін ашық айтты. Еуропарламент төрағасы Мартин Шульц те «энергия көздерін саяси мақсатқа пайдаланғысы келетін» импортерлерді нарықтан аластату қажеттігін алға тартты. Жоба Еуроодақ елдерінің энергия желілерін біріктіруді көздейді. Екінші мақсат – сұранысты біріктірудің ерікті механизмдерін құру. Жалпақ тілмен айтсақ, Еуропа мемлекеттері жекелеген жеткізушілермен, мәселен, «Газпроммен» келіссөз жүргізу арқылы бағаны төмендетуге мүдделі. Еуроодақ осы шаралардың нәтижесінде 2030 жылға дейін 40 млрд. еуро үнемдеуге болады деп есептейді. Экономикалық қиындықтардың қыспағындағы еуропалықтар үшін дәл қазір кәрі құрлықтың қоржынында қалатын әр бақыр қадірлі.