244
Қазақстан Қытай елшілігіне нота жолдайды
Қазақстан Қытай елшілігіне нота жолдайды
Халықаралық Túrkistan газеті көтерген қандастар мәселесіне байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Қытай елшілігіне нота жолдайтынын мәлімдеген болатын.
Осыған орай, газетімізге Сыртқы істер министрлігінен келіп түскен хаттан кейін қандасымыз Қарақат Әбдештің өзімен хабарласып, хал-жайын сұрадық. Сонымен қатар елімізге белгілі адвокат Абзал Құспаннан бұл істі қалай оңтайлы шешуге болатынын сұрап, кеңесіне жүгіндік.
Қарақат ӘБДЕШ, Қытай елінде қалған жолдасының құқығын талап етуші қандасымыз:
– Қазір Сыртқы істер министрлігіне күнде барып жүрмін. Ешқандай жасаған қылмысы жоқ жолдасым, балаларымның әкесі Қытайдың лагерінде жазықсыз отыр. Өзім жұмыссызбын. Екі баламен үйде отырмын. Қазақстан азаматымын. Сондықтан еліміздің құзырлы орындарынан екі жақта бөлініп қалған отбасымызды қосып беріңіздер деп бармаған жер қалған жоқ. Сыртқы істер министрлігіне қаншама рет хат жаздым. Сіздер де (Túrkistan газеті) жазып жатырсыздар.
Сыртқы істер министрлігінде Болат Сырлыбаев деген қызметкермен кездесіп, сөйлестім. Ол кісінің айтуына қарағанда, Қытай елшілігінен оңды жауап болмай отыр. Бір жөні болып қалар деген үмітпен отырмын.
Өткен жылы қаңтар айында АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі маған хабарласып, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мырзамен де кездесіп, екі жақта бөлініп қалған отбасымыз жайлы сұрады. АҚШ тарапынан әзірге көмек болған жоқ. Бірақ хабарласып, хал-жағдайымды біліп тұрады.
Біздің бөлініп қалған отбасымызды біріктіріп беруге атсалысу барысында барынша ақпараттық және рухани қолдау көрсеткен халықаралық Túrkistan газетінің ұжымына алғысымды айтамын.
Абзал ҚҰСПАН, заңгер:
– Бұл жерде біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы конвенциясының 7,8,9,10-баптарымен қоса осы заңның 18-бабындағы: «1. Қатысушы мемлекеттер ата-анасының екеуінің де баланың тәрбиесі мен дамуы үшін ортақ және бірдей жауапкершілігін тану қағидаттарын қамтамасыз ету үшін барлық мүмкін күш-жігерді қабылдайды. Ата-анасы немесе тиісті жағдайларда заңды қамқоршылары баланың тәрбиесі мен дамуы үшін негізгі жауапкершілікті мойнына алады. Баланың ең қажет мүдделері олардың негізгі қамқорлығының мәні. 2. Осы Конвенцияда баяндалған құқықтарды жүзеге асыруға кепілдік беру және жәрдемдесу мақсатында қатысушы мемлекеттер ата-аналарға және заңды қамқоршыларға балаларды тәрбиелеу жөніндегі олардың өз міндеттерін орындауына тиісті көмек көрсетеді және балалар мекемелерінің желісін дамытуды қамтамасыз етеді. 3. Қатысушы мемлекеттер ата-анасы жұмыс істейтін балалардың оларға күтім жасайтын қызмет орындарын және мекемелерді пайдалану құқығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды» деген нормаларды басшылыққа (негізге) алу қажет. Өйткені бұл заң Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Нью-Йоркте 1994 жылғы 16 ақпанда Бала құқықтары туралы Конвенцияда ратификацияланған. Дәл осы Біріккен Ұлттар Ұйымының Конвенциясына Қытай елі де қол қойып, ратификациялаған. Яғни, бұл заңға екі мемлекет те «қатысушы мемлекеттер» деген статусқа ие. Қатысушы мемлекеттер балалардың өмірі үшін бөлініп қалған отбасыларды бір мемлекетте өмір сүруіне мүмкіндік береді.
Бұл жерде әйел адамның ғана емес, балаларының құқығы бұзылып отыр. Яғни, әйел «менің күйеуімді қайтарыңыздар» деп қана емес, балаларының атынан да арыздануға болады. Қазақстан тарапы өз азаматтарының құқығын қорғау мақсатында – еліміз аумағында тәрбиеленіп жатқан балалардың құқығын қорғау деген мәселемен шығуы қажет.
Өздеріңіз білесіздер, бұл маған өте таныс іс. Сайрагүл Сауытбайдың ісіне адвокат болған кезде ең алғаш осы халықаралық нормаларға жүгіндім. Басқа бірде-бір норма үйлеспейтін болды. Біткен іске сыншы көп қой, осы халықаралық нормаларды тауып, елде қалдырдық. Және осы норманың негізінде басқа да елде қалған және қайтарылған азаматтар болған. Сондықтан сіздер де осы норманы негізге ала отырып, тек қана Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне емес, Біріккен Ұлттар Ұйымының өзіне хат жазып, мәселені батыл көтерсеңіздер. Одан бөлек, Human Rights Watch секілді халықаралық ұйымдарға жазуға болады. Сіздердің тараптарыңыздан барлық жұмыс істеліпті. Мұны Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де барынша қолдап отыр екен. Бірақ енді осы тұрғыдан да көтерсеңіздер қателеспейсіздер.