Сүт бұлағын ағызған оңтүстік

Сүт бұлағын ағызған оңтүстік

Сүт бұлағын ағызған оңтүстік
ашық дереккөзі
482
Оңтүстік өңiрде ауыл шаруа­шы­лығы өнiмдерiн қайта өңдеумен 198 кәсiпорын айналысады. Оның 27-сi iрi, 171-i орта және шағын кәсiпорын санатында. 2015 жылы өндiрiлген еттiң – 18, сүттiң – 26,8, көкөнiс пен жемiс-жидектердiң 14,2 пайызы өңделген. Қазiргi таңда жұмыс iстеп тұрған көкөнiс өңдейтiн 36 кәсiпорын жылына 107600 тонна өнiмдi өңдеуге қауқарлы. Былтыр 135,5 мың тонна жемiс-жидек пен көкөнiс өңдеуден өткен. 2015 жылы облыс бойынша жемiс-жидек және көкөнiс өңдеу кәсiпорындарына 10 миллион теңге инвестициялық субсидия төленді. Әр ауданның басым бағыттары айқындалғанда таулы елдi мекендерде бау шаруашылығын дамыту тиiмдiлiк беретiнi ескерiлдi. Сондықтан биыл Қазығұрт ауданында 1800 гектарға жаңғақ, 300 гектарға алма ағаштары отырғызылды. Түлкiбас және Төлеби аудандарында 1200 гектарға алма бауы егiлдi. Түлкiбаста жемiс-жидек өңдейтiн 2 цех iске қосылған. Индустриалды аймаққа қосымша 4 жоба орналастырылмақ. Жалпы, осы аудандарда бау және қайта өңдеу кластерi құрылмақ. Облыста сүт өндiру және өңдеу саласы жылдан-жылға дамып келедi. Мәселен, Төлеби ауданындағы «ФудМастер» зауытының қосымша 20 мың тонна сүт қабылдауға қуаттылығы жетедi. Түлкiбастықтар да сүт өңдеуге талаптанып жатыр. Ал, Қазығұртта сүт ұнтақтарын өндiруге арналған жоба мақұлданған. Олар жаңа технологиямен жабдықталған зауытты iске қоспақ. Сайрам ауданы да – сүт бұлағы. Олар да бұл саланы дамытуды көздеп отыр. «ФудМастер-Шымкент» зауыты 1998 жылы Төлеби ауданы, Көксәйек ауылында осы аттас компанияның бiр бөлiмшесi ретiнде ашылған едi. «ФудМастер» компаниясының басқа кәсiпорындары сияқты бұл өндiрiс орны да сапа стандарттарына толық жауап беретiн, балғын және табиғи сүт өнiмдерiнiң мол сұрыпталымын шығаратын жоғары технологиялық сүт зауыты саналады. Мұнда шамамен 1800 адам жұмыс iстейдi. Кәсiпорын өз қызметкерлерiнiң кәсiби шеберлiгiн шыңдауға ұдайы көңiл бөлiп отырады. Зауыт жергiлiктi 16 шаруа қожалығымен және облыс тұрғындарынан күнделiктi сүт жинау­мен айналысатын 30 жеткiзушiмен келiсiмшартқа тұрып, жүйелi жұмыс iстеуде. «ФудМастер-Шымкент» зауыты – тек аудан ғана емес, өңiрдің экономикасының дамуына тұрақты түрде қаржы құйып отырған облыстағы iрi әрi бiрегей салық төлеушi. Соңғы бес жылда аталмыш кәсiпорынның қазына қоржынына төлеген салығы 600 миллион теңгеден асты. «ФудМастер-Шымкент» зауы­ты­ның директоры Әбдіғали Сұлтанның айтуынша, компания отандық өнiмнiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға өз үлесiн қосуы қажет. «Сондықтан өзi орналасқан өңiрдiң әлеуметтiк және экономикалық дамуына ықпалын тигiзiп, тұрақты әрi үлгiлi орта қалыптастыруда мемлекеттiк билiк пен қоғамдық ұйымдардың сенiмдi серiктесi болып табылады. Өткен жылы 18 қарашада облыс әкiмi Бейбiт Атамқұлов бiздiң кәсiпорынға арнайы ат басын бұрып, компанияның инвестициялық бағдарламасымен жете танысты. Инвестициялардың жалпы жиынтық көлемi 9 млрд теңгенi құрайды. Тек соңғы 3 жылда 5 млрд теңге инвестиция құйылды», – дейдi зауыт директоры. «ФудМастер» компаниясы бес жылда облысқа 800 млн теңге инвестиция салған. Бұдан бөлек, кәсiпорын елiмiздiң оңтүстiк аймағын, Алматы қаласы мен Алматы облысын ғана емес, Солтүстiк, Шығыс және Батыс Қазақстан өңiрлерiн де жоғары сапалы сүт өнiмдерiмен қамтамасыз етуде. Озық технологиялар мен бүкiл құрал-жабдықтарды залалсыздандырып, ши­кiзатты тазартуға арналған автомат­тан­дырылған жүйелердiң арқасында сүт өнiмдерiнiң жарамдылық мер­зi­мiн ұзартып отыр. Бұл өнiмдi Қазақстанның шалғай аймақтарына да жеткiзуге мүмкiндiк ашты. ISAS агенттiгiнiң тәуелсiз зерттеу деректерi бойынша әрбiр бесiншi қазақстандық азамат «ФудМастер» өнiмiн сатып алушы болып табылады екен. Мәселен, 2004 жылдан бастап «ФудМастер» компаниясы әлемдегi жоғары сапалы сүт өнiмдерiнiң өндiрiсi бойынша үздiк деп танылған Лакталис Халықаралық тобына (Франция) кiрдi. Бұл топ әлемнiң түрлi елдерiндегi 200-ден астам кәсiпорынды бiрiктiрiп отыр. Ал, «ФудМастер» компаниясы – Қазақстанның сүт нарығындағы көшбасшысы. Аталмыш компанияның елiмiзде үш өндiрiстiк алаңы, екi жеке тауарлы-сүт фермасы және 16 қалада сауда филиалдарының дамыған желiсi бар. Қазақстан аумағында өндiрiлетiн өнiмнiң саны 100-ден асады, оның 47-сi шетелге шығарылуда. Сол сияқты өңірді сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Майлыкент-Сүт» зауыты тәулігіне 3500 тонна сүт өңдейді екен. Кәсіпорында майсыз сүттен бастап йогурт, айран, ірімшік сияқты 12 түрлі өнім дайындалады. Бұл үшін серіктестік жергілікті 4 шаруа қожалығынан күніне 5 тоннадай сүт жинайды. Өнімнің әр топтамасы арнайы сараптамадан өтіп, жарамдылық көрсеткіші қатаң қадағаланады дейді зауыт мамандары Мұнда шығарылатын табиғи тауардың жарамдылық мерзімі – 7 күнге дейін. Дайындалатын сүт өнімдері негізінен жергілікті әлеуметтік мекемелерге жіберіледі. Отандық тауарлар, сондай-ақ, Шымкент қаласы мен Жамбыл облысындағы сауда орталықтарына сұраныс бойынша тасымалданады. «Майлыкент» АӨК өкілі Ниязбек Сауытбеков: «Зауыттың жұмыс істегеніне екі жыл болды. Алғаш жұмысымызды бастағанда қатты қиналдық. Өйткені сұраныс аз еді. Тіпті, дүкендерге тегін беріп кететінбіз. Ал қазіргі кезде, Құдайға шүкір, жұмысымыз жақсы дамып келеді. Сұраныс та жақсы. Тіпті кейбір клиенттер зауытты арнайы іздеп келіп, тауарымызды қай дүкенде алуға болатынын сұрап жатады» дегенді айтады. Бұл кәсіпорын да «Даму» қорының тарапынан қаржылай көмек алған. Жеңілдетілген несие арқылы мұнда қажетті жабдықтар мен құрылғылар орнатылған. Қарқынды дамып келе жатқан зауыт алдағы уақытта тәулігіне 5 тоннаға дейін сүт өнімдерін өңдеуді жоспарлап отыр. 2016-2020 жылдар аралығында сүт өндiру көлемiн жылына 739 мың тоннадан 832 мың тоннаға дейiн арттыру жоспарланған. Бүгiнде өңiрде жылына 130100 тоннаға дейiн сүт өңдейтiн зауыттар жұмыс iстейдi. Сүт өңдеу кәсiпорындарының қуаттылығы қосымша 8995 тоннаға артып отыр. Әйтсе де, сүттiң 26,8 пайызы ғана (188165 тонна) өңделгенiн ескерсек, бұл бағытта әлi де күрделi мәселелер күтiп тұрғаны белгiлi.  

Серіктес жаңалықтары