ОҚО тұрғындары грант жеңіп алып, кәсібін дамытты

ОҚО тұрғындары грант жеңіп алып, кәсібін дамытты

ОҚО тұрғындары грант жеңіп алып, кәсібін дамытты
ашық дереккөзі
343
Бүгінде еңбек етемін деген адамға жұмыс көп. Бастысы ниет болса болғаны. Мемлекеттің грантын жеңіп алған оңтүстікқазақстандық ұстаның өнерге деген сүйіспеншілігі кәсіпкерлікке ұласқанда сүйсінбеген адам жоқ. Шебер Нұржан Қарсыбаев жас кезінен домбыра мен қобыз ойған. Оның ата кәсіпке негізделген инновациялық жобасы үздік танылып, мемлекеттің грантына ие болды. Бүгінде Нұржан Қарсыбаев қайтарымсыз қаржыға бірнеше ағаш жонатын қондырғы сатып алып, ауыл жастарын да еңбекпен қамтып отыр. Ағаш ұстасы қажетті құралдардың сызбасын өзі жасап шығыпты. Бірі екіншісіне ұқсамайды. Өзі ойып, өзі жонады. Тіпті темір қырқатын алып станокты астау оятын құрылғыға айналдырған. Баламасы жоқ қондырғылар әп-сәтте ағаш діңгегінен көздің жауын алатын ұлттық бұйымдар жасайды. Нұржан жас кезінде әжелеріне ағаштан қасық ойып беріп жүріп қашауды өз бетінше үйренген екен. Кейін Шымкенттегі Әбілхан Қастеев атындағы өнер колледжін тәмамдаған. Қазір шағын шеберханада қымыз құятын кеседен бастап, домбыра мен қобызға дейін жасайды. Түсіп жатқан тапсырыс та көп. Барлығына кәдімгі қара ағашты қолданады. Ұстаның атадан қалған қол­өнер­­­­­­ді ары қарай жалғастырсам де­ге­н ойына мемлекеттік «Биз­нес­­тің жол картасы-2020» бағ­дар­­­­­­ламасы қолдау болыпты.  Са­ры­ағаш аудандық кәсіпкерлер па­ла­­­тасының менеджері Жандос Әзім­байдың айтуынша, басында бұл кәсіпкер несиені кепілсіз бере салатынына сенбеді. «Ынтасын білдіріп құжаттарына, бизнес-жобасына барлық жағынан қолдау көрсетіп, көмектестік. Қазір ақшасын, қажетті заттарын алды. Адамдарды жұмыспен қамтып жатыр. Салығын төлеуде. Өсіп, өркендеп келеді. Бір кездері өз бетінше ұлттық бұйым жасайтын ағаш шеберін қазір барлық жұрт таниды. Тіпті, ауыл жастарын да осы өнерге баулып жүр», – дейді қолдау білдіріп. Қазіргі таңда ұлттық бұйымдарға тапсырыс көп. Тіпті, шебердің 15 күнде 800 кесеге дейін жасаған кездері болған. «Бұл біз үшін рекордтық көрсеткіш», – деген шебер Нұржан Қарсыбаев болашақта жаңа қондырғылар алып, ауыл жастарын ұлттық өнерге баулымақ ойы бар. Ал Оңтүстік Қазақстан облысының ендігі бір тұрғыны Әбдіқаһар Ордабаев кәсіптің көзін ертеректе тауыпты. Алғашқы жылдары әртүрлі кәсіпті нәсіп етіп, сауда-саттық жасаған ол, уақыт өте келе кәсібін кеңейткісі келеді. Әрине, бұл жолы алыпсатарлықты емес, отандық өнім өндіруді таңдайды. Себебі отандық өнім шығарса, ең алдымен өңір өндірісінің көркеюіне үлес қосады. Одан соң, түскен табыстың салығы сыртқа кетпей, аймақтың бюджетін толтырады. Мұнымен қоса, екі қолға бір күрек таппай жүрген бірқатар жан жұмыспен қамтылады. Осылайша, Әбдіқаһар Ордабаев ойлана келе, аймақтың қажеттілігін зерттеп, құрылыс материалдарына қажетті темір құбырлар шығаруға тоқтам жасайды. Әрине, ең алдымен оны шығаратын құрылғы қажет. Сөйтіп, серіктесімен бірге құрылғы іздеп шекара асып, шетелдерге шығады. Еуропаны да, Қытайды да, Түркияны да аралап көреді. Өз кәсібіне қажетті құрылғының құны мен сапасына сараптама жасап жүріп, қытай құрылғысын тиімді деп табады. Тіпті, оны орналастыратын нысанның да мәселесі шешіле кетеді. Шымкент қаласының шет жағынан ескі ғимаратты сатып алып, оған түгелдей дерлік күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді. «Сатып алған нысанымыз өте ескі болатын. Оны түгелдей дерлік қайта қалпына келтіріп, өзімізге лайықтап алу үшін және коммуникациялық жұмыстарына көп қаржы жұмсадық. 2005 жылы Қытайдан жаңа қондырғыны әкеліп орнаттық. Алайда өңірден мұндай өндірісте жұмыс істеген маман табылмай біраз қиындықтар туындады. Сөйтіп қондырғымен бірге келген қытайлықтар жас мамандарды бір ай бойы мұнда жұмыс істеу тәсілін үйретті. Біз үшін ең қиын жағдай да осы маман тапшылығы болды. Қытайлықтарды жиі-жиі шақырып тұрдық. Мамандардың ізденуі, білімін жетілдіруі үшін қажетті оқулықтармен қамтып, басқа да жағдайларын жасадық. Мұнымен қоса шығарған өнімімізге сұраныс таппай, бірқатар кедергілермен арпалысып жүріп, бірнеше жылды артқа тастадық. Алға қойған мақсатымыздың орындалуы жолында төккен тер, қажырлы еңбек зая кеткен жоқ. 2007 жылдан бастап жұмысымыз жүйеленіп, жолға қойылды. Бұл біздің алғашқы жетістігіміз болатын», – дейді «ЮгПромсталь» компаниясының бас директоры Әбдіқаһар Әбдірахманұлы.  Бүгінгі таңда темір құбырлардың 22 түрін әзірлейтін компанияның бір күнде 40 тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндігі бар. Соңғы жылдары өндірістік жылыжайға қажетті барлық затты шығаруды қолға алыпты. Серіктестіктің өндірістік директоры Жандарбек Ақтөриевтің айтуынша, бір жылыжайды салуға қажетті заттың 85 пайызы осында өндіріледі. Облыста салынған жылыжайлардың басым бөлігінің материалдары – осы «ЮгПромсталь» ЖШС тауарлары.  Өндіріс орны аяққа тұрып, жұмысты жүргізе бастады, дегенмен шикізат үшін басқа компанияға тәуелді еді. Яғни, құбырға қажетті материалды кесіп дайындауды осында жүзеге асыру үшін арнайы құрылғы алу қажет болды. Сонымен бірге, өнім түрін көбейтуге қомақты қаржы керек. Осы кезде серіктестік басшысы «Бизнестің жол картасы – 2020» бірыңғай мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Даму» қорына жүгініп, 90 миллионға жуық қаржы алады. Екі жылдан соң, яғни 2014 жылы жұмыс аясын ұлғайту мақсатында ғимарат жанынан салынғалы жатқан үлкен қойма құрылысы үшін тағы да кәсіпкерлерге қолдау көрсететін «Дамудың» көмегі қажет болады. Осылайша, кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несиемен 117 миллион теңгеге қол жеткізген. Қазіргі таңда мұнда құрылыс жұмыстары жүруде. Зауытта 25 адам жұмыспен қамтылған. Мұндағы қондырғылардың барлығы да жаңа, соңғы үлгімен жабдықталып, автоматтандырылған. Сондықтан жұмыстың басым бөлігі түймені басу арқылы атқарылатындықтан, соншалықты көп адам күші де қажет етілмейді. Кейде шектен тыс тапсырыс көбейіп кеткенде қосымша күш қорындағы, яғни резервте тұрған 10-15 адам жұмысқа тартылады. Олар бүгінде мемлекеттік тапсырыспен және жеке азаматтардың өтінішімен тауар өндіретін зауыттың болашағы зор екеніне сенімді.    

Серіктес жаңалықтары