29 Қыркүйек, 17:40 412 0 Жаһан Анар ЛЕПЕСОВА

Қаржыдан қысылған әуе компаниясы өз ұшақтарын мейрамханаға айналдырмақ

Singapore Airlines әуе компаниясы «бағытсыз рейстер» тәжірибесінен бас тартып, пандемия салдарынан туындаған экономикалық дағдарыс кезінде өзінің қаржылық жағдайын жақсарту үшін әуеде емес, жерде қызмет көрсету жолдарын қарастыруда. Атап айтқанда, ұшақ бортын мейрамханаға айналдыру көзделіп отыр, деп хабарлайды Straits Times

Бұған дейін сингапурлық компания «бағытсыз рейстер» енгізілгенін хабарлаған еді. Әуеге көтерілген ұшақтар көкте 3 сағат қалықтағаннан кейін ұшып шыққан әуежайына қайта оралатын. Барар жері белгіленбеген ұшаққа отырған жолаушылар әуедегі 3 сағаттық саяхат үшін тиісті ақысын төлейді. Бұл бастаманың мақсаты – коронавирус салдарынан тығырыққа тірелген компанияның экономикалық дағдарыстан шығуына көмектесу.

Алайда қаржылық аспектілер мен экологиялық қауіп-қатерлер бағаланған сараптама нәтижесінен кейін Singapore Airlines «бағытсыз рейстерден» бас тартуды жөн көріпті.

Алдағы уақытта компания жерде қызмет көрсетуге көшпек. Жаңа ұсыныстардың арасында Airbus A380 әуе кемесінің бортында түскі ас ішу мүмкіндігі де бар. Сондай-ақ, компанияның оқу нысандарына экскурсия ұйымдастыру, бірінші және бизнес-класс мәзіріндегі борттық тағамдарды үйге жеткізу қызметтері ұсынылмақ.

Соңғы жаңалықтар