408
Ұялы телефонға тыйым салуды құптайтындар көп
Ұялы телефонға тыйым салуды құптайтындар көп
Бұған дейін мемлекеттік шенеуніктердің жұмыс барысында смартфон ұстауына тыйым салынған болатын. Сол кезде бұл үрдісті білім ұяларына да енгізуді құптағандар табылды. Шын мәнінде, ұялы телефон сабақ үстінде баланың көңілін аулап, ойын бөлетіні жасырын емес.
Алайда, министрлік бұл мәселені ата-аналар талқылауына қалдырып отырған сияқты. Себебі, мектептерде смартфондарға тыйым салу тақырыбы ата-аналар жиналыстарында талқыланады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мәншүк Әбдікәрім мәлім етті.
«Менің ойымша, Бас прокуратураның ұсынысы зерттелетін болады. Бүгінде біз үшін ең басты рөл қоғамдастықтың құзырында, сондықтан аталған мәселелер мектептерде ата-аналар жиналыстарында талқыланып, тиісті ұсыныстар зерделенеді. Бірыңғай пікір нәтижесінде нақты шаралар қабылданады», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
М. Әбдікәрімнің пайымынша, сабақ барысында смартфондарды пайдалану дұрыс емес. «Алайда, бүгін пайдалану дұрыс емес деп айтқаннан кейін, ертеңнен бастап тыйым салынады дегенді білдірмейді. Бұл тақырып міндетті түрде оқушылар мен ата-аналардың, мектептің педагогикалық ұжымы арасында талқыға салынуы қажет»,-деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, мектептерде смартфондарға тыйым салу мәселесін өңірлердегі бірнеше прокурорлар, сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі көтерген болатын. Осы ретте мектептерде смартфондар білім беру үдерісіне кері әсер етіп отырғандығы, сонымен қатар смартфондар арқылы интернет-кеңістікке қадағалаусыз қолжетімдік балалардың рухани дамуына теріс ықпал тигізіп жатқандығы айтылуда.
Шын мәнінде, кейбір әлемдік елдердің білім тәжірибесіне сүйенсек, телефонды сабақ басталарда жинап алып, біткен кезде таратып беруге болады. Себебі, мүлдем тыйым салынатын болса, ата-ана баласының сабақтан шыққанын, үйіне келе жатқанын біле алмайды. Ал қазір балалардың жоғалу дерегі көбейіп жатқан уақытта бұл да қауіпсіздіктің бір шарасы.