268
Қорғас өзеніндегі су тасқынына қарсы іс-шара
Қорғас өзеніндегі су тасқынына қарсы іс-шара
Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Қорғас өзеніндегі су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Pm.kz.
Маусым және шілде айларындағы нөсерлі жауынның салдарынан Қорғас өзеніндегі су көлемі артып, салынып бітпеген бөгеттің бір бөлігін, айналма автокөлік жолының қоршауын, «Қорғас» Халықаралық шекара маңындағы ынтымақтастық орталығының ЭБЖ төрт тіреуін су шайып кетті. Алдағы уақытта су тасқынынан қорғау мақсатында өзен арнасында түпті тереңдету және ағысты бағыттау жұмыстары жүргізілді, жағалауларды нығайту үшін арнайы техника жұмылдырылды.
Кеңес қорытындысы бойынша Б. Сағынтаев ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне Қорғас өзенінде су өткізу бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар кешенін әзірлеп, бекітуді, ал «Қазселденқорғау» ММ-не су тасқыны жағдайын бақылауды және хабарлауды күшейтуді тапсырды.
Бұдан өзге, еліміздің мемлекеттік органдары зақымданған нысандарды қалпына келтіру бойынша шаралар қолдануы, 2016-2017 жылдары су тасқынын апатсыз өткізу бойынша іс-шараларды ұйымдастыруы, Қорғас өзеніндегі «Достық» су торабынан төмен арна қалыптастыратын және қорғау құрылыстарын салу жобаларын жүзеге асыруға кірісуі тиіс.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары сондай-ақ ІІМ және СІМ-не 2016 жылдың соңына дейін ҚХР-мен «Селден қорғайтын Шүкірбұлақ бөгеті» жобасын келісуді және мемлекеттік сараптама қорытындысын алуды тапсырды.