24 Қыркүйек, 19:20 1479 0 Қоғам Әлия Тілеужанқызы

Қарапайым балықшының қаһармандығы

Балқаш көлінің маңайын мекендеген ауыл тұрғындары балық аулауды атакәсіп санайтыны белгілі. Осы кәсіп арқылы отбасын асырап жүрген балықшылар күн демей, түн демей, тіпті мұздың толық қатқанын күтпей, көлге балыққа шығады. 2007 жылғы ызғарлы желтоқсан айында сол аймаққа қарасты Көпбірлік ауылының төрт тұрғыны мұз қатпағанына қарамастан, балық аулауға шығып, ақырында мұздың бөлінген бөлшегі арқылы ағып кеткенін көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Ал сол төрт балықшының соңынан қайықпен шығып, оларды қуып жетіп, бір түн, бір күн көл бетіндегі әрі дауыл, әрі толқынмен арпалысып, ақырында оларды қырға дейін аман алып келген Манарбек Әрібаев халық арасында батырға айналды. Осы орайда ел ішінде халық қаһарманы атанып жүрген Манарбектің өзімен әңгімелескен едік.

– Манарбек аға, қыстыгүні Балқаш көліне балық аулауға барып, соңында мұз құрсауында қалған төрт балық­шыны аман алып қалған сіз туралы көп естідік. «Көп естігеннен бір көрген ар­тық» демекші, сонау 2007 жылғы жел­тоқсан айында болған осынау жан­түршігерлік оқиға туралы өз аузыңыз­дан естісек...

– Әңгімені әріден бастасам, Балқаш кө­лінің жағасында туып-өскендіктен, ауыл тұр­ғындарының түгелі дерлік ұрпақтан-ұр­паққа жалғасқан атакәсіп – балық аулау­мен айналысады. Әкем де, әкемнің әкесі де осы көлде балық аулап күн көргендіктен, мен де осы кәсіпті жаныма серік етіп жүр­мін. Бұрындары ауыл тұрғындары бірнеше адамнан құралған артель арқылы ауласа, соңғы жылдары екі-екіден немесе туыстарымен бірігіп, әркім өз бетінше бөлек аулайды. 2007 жылдың желтоқсан айының ортасында Секенай есімді азамат екеуміз ауылдан отыз шақырым жерде көл жаға­сын­да орналасқан Байсейіт учаскесіне барып, балық ауламақшы болдық. Ол жақта бұ­рын­ғы совхоз кезінде салынған балық­шылар үйі бар-тын, десек те мұнда ешкім тұрмайды, тек балық аулауға барғандар сонда тұрақтайды. Мұнда келгенде өз ауы­лым­нан біз секілді балық аулауға келген төрт азаматына жолықтық. Ауылдың тумасы болса да, бір-екеуі қалада тұрады, кө­ріс­пегелі біраз уақыт болғандықтан, олармен біраз әңгіме-дүкен құрдық. Негізі, біз – балықшылар балық аулауға шықпас бұрын, ең алдымен мұздың қалыңдығын тексереміз. Арамыздағы бір-екеуі барып тексеріп келсе, мұздың қалыңдығы 4 см екенін айтып келді. Сосын мен «Ой әлі жұқа екен ғой, бү­гін немесе ертең балық аулауға келмейді» деп айттым. Ауылға қайтар жолымыз ұзақ, сол себепті сол түні сонда қонып қалдық. Түн­де әңгіме арасында арамызда «ертең ба­лыққа шыға берейік» деген ауылдасыма бірдеңені сезгендей «балық аулауға әлі ерте» деп тағы бір мәрте ескерттім. Таң атқанда Секенай екеуміз бүгін балық аулауға қолай­сыз күн екенін сезіп, ауылға қайтып кеттік.

– Ал ана төртеуі балықшылардың сол ескі үйінде қалып қойды ма?

– Иә, оларға кетер кезде «Балыққа шық­паңдар!» деп тағы да ескерттім. Балық аулап, нәпақа табу үшін келіп отырған олар менің тілімді алсын ба? Әркім не істейтінін өзі бі­леді ғой. Десек те, әй, шыға қоймас-ау деп, Се­кенай екеуміз ауылға қарай беттедік. Ауыл­ға жақын қалғанда кенеттен ауа райы бұ­зылды. Балықшылардың үрейін қашы­ра­тын бір жел бар, мұны балықшылар өз ара­сында «Қырдың желі» деп атап кеткен. Ба­ла кезімізде әкелеріміз «Егер қырдың желі соқ­са, демек мұны балықшыларға қауіп төн­діретін жел деп түсіну керек» дегенді жиі айтатын. Бірдеңені сезгендей болып, көлікті орта жолдан тоқтатып «Қайтсек екен, а? Қырдан жел соққанын олар біле қойса жақсы ғой, мұзға шығып кетсе не болады?» деп ойланып едім, жүрегімнің тарсылы бір белгі бергендей болды. Артқа бұрылып, Байсейіттің жағалауына қайтып келіп, теңізге қарасам, ірі-ірі мұз кесектері бөлініп, көлдің бетінде ағып бара жатыр екен. Сосын бір төбеге жүгіріп шығып бар дауысыммен «Жігіттер, қайдасыңдар?» деп айқай­ласам, ешкім үн қатпайды. Сосын кеше біз тоқтаған үйге кіріп шықсам, мұнда да адам баласы жоқ. Сыртқа шықсам, төрт адамның және шананың ізі жатыр. Сол іздермен жағалау жаққа ақырындап жүріп отырсам, ал­дымнан мұз бөлінген қиыққа тап болдым.

– Сонда олар қатып жатқан көлдің үстіне жаяу шыққан бетте мұз морт сы­нып, оларды көлге қарай ала кеткен бе?

– Иә, желдің күшімен көлге қарай ағып кет­кен ғой. Мұны түсінген бетте бірден «Қайтсем де, оларды құтқаруым керек!» деп сол жерде балықшылардың тастап кеткен қайықтарын іздедім. Сөйтіп, қырда жатқан бір қайықты тауып, қолыма бір жарым метр арқанды алып, Секенай екеуміз әлгі қайықты сүйреп, суға түсірдік. Сол мезетте Бай­сейіттің арғы тұсында балық аулап жүр­ген басқа жігіттер «Олардың ағып кеткеніне бір сағаттан асып кетті, Қайда барасың? Қайт!» дегендей бірдеңелер айтып жатыр. Ал менің құлағым ештеңені естімейді, ешкімді елемейді, тек бар ойым – әлгі төртеуін тауып, мұздан қайыққа салып алып, осында әкелу. Ал қырда қалған Секенайға: «Ауылға сәлем айт...» деген бір ауыз сөзімді айттым да, қайықтың «тілін» табуға кірістім. Екі ес­кекті алып, енді есе бергенде бір ескек екі­ге бөлінді де қалды, сөйтіп, мұның сап жағы өзімде, екінші жағы суға ағып кетті. Со­сын қайықтың «тұмсығына» отырып алып, атты қамшымен сабалағандай, бір ес­кекті кезек-кезек қолданып, қайықты жүр­гізіп отырдым. Сөйттім де, әлгі төр­теуінің жолы қиылып кеткен тұстан көлдің ортасына қарай бет алдым. Біле білсеңіз, Балқаштың терең жағы қыстыгүні көпке дейін қатпайды, сөйтеді де қалқыған мұз­дың барлығы сол ортасына қарай ағып бара­ды. Екі-үш сағат ескеннен кейін, алыс­тан қарайып бір тал сіріңке секілді бірдеңе көрінді. Сөйтсем, ірі кесек мұздың үстінде ағып бара жатқан әлгі төртеуі екен.

– Мұз сеңдерінің арасынан өтіп, олар­ға қайықпен жету қиын болған шы­ғар?

– Иә, оларға жете алмайтынымды түсін­ген соң: «Ары қарай бара алмаймын, өздерің бір­деңе ғып жетіңдер!» деп айқайладым. Сөй­тіп, олар шақпақ мұздарды айналып өту үшін, бірі суға түсіп, бірі мұзды ұстап, ақы­рын­да қайыққа келіп отырды. Төртеуінің ішін­дегі ең үлкені Берікбай деген елу жас­та­ғы азамат: «Не болса да, сүйегімізді тауып ал­сын деп, ағашқа өзімізді байлағалы жатыр едік, бірақ сенің келетініңді сезгенмін, бауырым» деп қуанышын жасыра алмай тұр. Онымен қоса, бәріміз де қуандық, бірақ ары қарай не күтіп тұрғанын ешқайсымыз біл­ме­ген едік.

– Әрі қарай дауылға тап болдыңыз­дар ма?

– Иә, дауыл көтерілді. Мұның әсерінен тол­қын да тулап, мазамызды алды. Нәти­же­сінде қайыққа су кіріп, бізді әбден әуреге сал­ды. Әлгі төртеуі өздерімен бірге күректі ала жүрген екен, сол күректің сабынан екінші ескек жасап алып, кезек-кезекпен естік. Сөйтіп, ауыл жаққа апарар жолды та­ба алмай жүргенде кеш батты. Қараңғыда ба­ғытымыздан жаңылып, көлдің басқа бір бетіне қарай ағып кеттік. Ақжал толқын бізбен алысып, қайығымызды төңкерердей, жолымызды кес-кестеп тұрып алды. Оның үстіне аяз су қайықты шайған сайын, дене­міз­дегі киіміміз суға малынып, күннің суы­ғынан киімдеріміздің шеті мұз боп қатып жа­тыр. Бүйрегімізді суық тесіп өтсе де, жі­гіттерді «Міне келдік, жігіттер, жақын қал­дық, қимылдайық» деп желпіндіріп отырдым. Алайда ешқандай қырға келмеге­ні­мізді, керісінше тереңдігі үлкен көлдің ор­та­­сына жеткенімізді білдім, бірақ оларға айт­падым. Қорқыныштан адамға неше түр­лі ой келеді ғой, дегенмен әлгі ойларды санамды жаулап алмауына жол бермей, қасымдағыларға «Енді сен ес, анау шаршады. Жоқ, сен демала тұр» деп кезек-кезекпен нұс­қау беріп отырдым. Сөйтіп келе жат­қанда түннің бір уағында ағып бара жатқан үлкен мұзға тіреліп, қайығымыз жүрмей қал­ды. Қайық алюминийден жасал­ған­дықтан, түбі тесіліп кете ме деп тағы қо­рық­тым. Қайықты мұздан суға түсіреміз деп алы­сып жатқанда, қасымыздағы бір азамат су­ға құлап кетті. Әлгі жігіттің көретін жары­ғы бар екен, көтерілген толқынның кү­ші­мен біздің қайықтың қасына қайта ұшып тү­сіп, қайыққа қайта мінді. Сөйтіп, мұздан құ­тылдық-ау деп жатқанда, тулаған тол­қын­ға тап болдық. Толқын шайған сайын, қайық­тың іші суға толып қалады. Содан жі­гіттерге «аяқтарыңдағы резеңке етікте­рің­ді шешіп, суды сол арқылы сыртқа төгің­дер» дедім. Қараңғыда бір-бірімізді көр­мей­міз, оның үстіне өзім артқы жағында отыр­ған соң, олардың не істеп жатқанын біл­меймін. Сөйтіп, етікпен қайыққа кірген су­ды төктік. Алайда суды қашанға дейін тө­­гесің, анадай толқыннан бәрібір су жиналады. Сөйтіп, келе жатқанда көлдің бетінде ағып бара жатқан тағы бір үлкен мұзға жо­лықтық.

– Екінші рет пе?

– Иә, бұл бәле бізді тағы да сарсаңға сал­ды. Сосын жігіттерге «Бір аяғымызды қайыққа, бір аяғымызды мұздың үстіне са­лып, бұл мұздан жеңіл өтейік» деген ұсыныс айтып едім, ешқайсысының қайықтан шық­қысы жоқ. Сосын өзіммен бірге ала келген бір жарым метр арқанды қайықтың тұмсы­ғына байлап, мұздың үстіне шығып, төртеуі отырған қайықты өзім сүйредім. Бүйтпеске, амалым қалмады, себебі мұнда тағы тұрып қалсақ, қайықтың түбі тесілетін еді. Сөйтіп, қайықты мұздың шетіне дейін сүйреп келдім. Қайық та мұндайда шана секілді ғой, тайғанақ мұзда жеңіл қозғалады. Сөйтіп жүріп мұздан суға қарай түстік. Бағанадан бері алысып жүріп, айналама да мән бермеппін, бір қарасам жан-жағым қара түнек, аспанды бұлт торлағаны қорқынышты көрінеді екен. Қазір мен көңілімді түсірсем, қасымдағыларға да ықпалы тиетінін біліп: «Жігіттер, келіп қалдық, жақын қалдық, шыдаңдар енді» деп баяғы әуеніме тағы бастым. Олар да мұны тыңдағаннан шаршаса керек, оның үстіне, мұндай жағдайда кімнің де болса жүйкесі сыр береді ғой, бір кезде олар «Сен бізді дұрыс бағытта алып бара жатқан жоқсың, ауыл мына жақта қалды. Сенің бағытың емес. Біз қайда, ауыл қайда?» деп ашуланып, реніштерін білдіре бастады. Сосын жоғарыда айтқан Берікбай аға «Тыныш отырыңдар, бір адамды ғана тыңдайық, барлығымыз жан-жақтан шуласақ, не болады?» деп оларды сабасына түсірді. Оларды да түсінуге болады. Адамға жан беру оңай ма?! Ақырында ашумен емес, ақылмен жол табуға тырысқан біз тоқтамай, қайықты кезектесіп естік. Жол бойы қал­тамдағы бәкіні жіпке байлап, көлдің те­реңдігін өлшеп отырдым. Негізі балықшылар метрлеп емес, құлашпен өлшейді, біздің бір құла­шымыз екі метрге тең, осылайша әлі де терең жерде жүргенімізді ұғынып, жел беттеген жаққа есе бердік. Сөйтіп ертесі са­ғат кешкі бестер шамасында алыстан қа­райған бірдеңе көрінді. Барлығымыз бір дем­де «Әне, қыр! Қырды қараңдар!» деп ай­қай салдық, сөйттік те сол қырды бетке ал­дық, бір түн, бір күн дегенде қырға әрең жет­тік.

– Екі күн көлдің бетінде жүрген соң, жағалауға жетіп, жерді көргендегі әсер бөлек шығар?

– Әлбетте, бөлек! Сөзбен сипаттау мүм­кін емес! Қырға шыға сала, біресе жерді, бі­ре­се бір-бірімізді құшақтап, аман қалға­ны­­мызды жете түсініп, дауыстап тұрып ай­қайладық. Өз көзіме өзім сенбей, ала­қай­лап қуанғанымыз соншалық, соңында көз жас­қа ерік бердік.

– Балқаш көлінің екі облыстың ше­карасында орналасқанын білеміз. Сон­да сіздердің қырға шыққан жерлеріңіз қай­сы аймақ?

– Алматы облысы Сарқан ауданына қа­расты Мұқан Төлебаев ауылына жақын жер­де орналасқан Қызылтөбе деген жер екен. Бұл жер туралы бала кезімізден есті­гені­міз бар, себебі бала күннен балық аула­ған соң, терең жерге барып аулау үшін өзге ау­данға қарасты аймақтарға барып тұ­ратынбыз. Десек те, бұл аймаққа маңайласам да, дәл осы жерге келіп көрмеппін. Сосын теңіз бойын жағалай балықшылар.

– Сосын ауылға қалай жеттіңіздер?

– Қырға шыққан жерімізден теңізді бой­лай отыра, бір балықшының үйіне ке­зіктік. Сол жердегі балықшылар бізді түнде ауыл­ға УАЗ автокөлігімен әкеліп тастады. Есі­гімнің алдына бүкіл ауыл келіп, жылап кө­рісті. Ертесі ауылдағылар ұйықтап жат­қан жерімнен оятып алып, бетімнен сүйіп, жатын бөлмемнен шығар емес. Құлағым шыңылдап ауырғаннан ештеңе есімде жоқ, тек баласы кезінде әскерден келген бойда көлге балық аулаймын деп барып, суға кетіп қал­ған Әділбек аға мені құшақтап: «Сен се­кілді азамат болғанда менің балам қазір тірі жүрер еді» деп дауыстап жылағаны есім­де. Бүгінде бұл оқиғаның болғанына бә­лен­бай жыл өтсе де, әр нәрсесі әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұр, барлығы жадымда жаттаулы. Мұны жайдан жай ұмыта салу мүмкін емес. Есіме түскен сайын, әрі адам­дар «бізге егжей-тегжей айтып берші» деп сұраған сайын көзіме жас аламын.

– Көпшілік кино түсірушілерге бұл оқиға желісімен кино түсіру туралы ұсы­ныстар айтып жатыр екен. Сізге осы жайында хабарласып, өз идеяларын ұсынғандар болы ма?

– Иә, хабарласқандар болды. Десек те, ауыл­дағы отбасым, соның ішінде бес ба­лам­ның барлығы маған қарап отыр­ған­дықтан, ауылдан бір немесе екі күнге ұзап кете алмаймын. Себебі отбасым балық аулаудан күнделікті тауып жүрген кішкене табысымнан құр қалады. Қазіргі таңда үлкенім Ар­ман­бек Қарағанды мемлекеттік уни­вер­ситетінің дефектология факультетінде оқы­са, қызым Аяулым Алматы техноло­гия­лық университетінде білім алады. Екеуі де грантта оқиды. Алтынбек есімді ұлым 8-сы­нып, Қуаныш қызым 3-сыныпта және кі­шім Айзере 2-сыныпта оқиды. Қуаныш де­мекші, сәтті аяқталған сол оқиғадан соң, дү­ниеге келген қызымның есімін Қуаныш деп қойғанмын. Осындай күн сайын «әке­леп», мені мақтан тұтып жүрген балаларымды аяқтан тік тұрғызу үшін қанша қатерлі болса да, күн-түн демей, балық аулау кәсі­бім­ді жалғастырып жүрмін.

 Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар