Қазақстандық вакцинаны сынауға 600-ден астам ерікті қатыспақ

QazCovid-in коронавирус инфекциясына қарсы қазақстандық вакцинаның клиникалық сынақтарына қатысуға 627 адам ниет білдірді, деп хабарлады білім және ғылым министрлігінің ғылым комитеті.

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жасаған коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаның клиникалық сынақтарына қатысуға еріктілерден құжат қабылдау осы жылдың 10 қыркүйегінде аяқталады.

«Бүгінгі күні 627 адам біз жасаған вакцинаны өздеріне салдыруға ниет білдірді. Бірінші кезеңде 44 адамды, екіншісінде 240 адамды таңдауды жоспарлап отырмыз», – деді ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Зәкәрия.

Еске сала кетейік, 31 шілдеде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы QazCovid-in коронавирусқа қарсы қазақстандық инактивтендірілген вакцинаны клиникалық сынақтарға жіберілген кандидат вакциналар тізіміне енгізді.

Институт директоры бастаған жеті вакцина жасаушы вируспен жұмыс кезінде қауіпсіздікті сақтау үшін вакцинаны қабылдаған алғашқы еріктілер болды. Тест нәтижесі бойынша вакцина салғандардың бәрінде вирусқа қарсы антиденелер пайда болды, қызметкерлердің дені сау және ғылыми-техникалық бағдарлама шеңберінде жұмысын жалғастырып жатыр.

 

Back to top button