Президент Жолдауы: Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы жарияланды 

Үкімет Президент Жолдауын іске асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасын жариялады. 

Жоба жаңа экономикалық бағдардың 7 негізгі қағидатына негізделген және 10 бағыт бойынша 143 іс-шарадан тұрады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың мәлімдеді.

«Бірінші бағыт: «Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі». Мемлекеттік жоспарлау жүйесін одан әрі жетілдіру жоспарланып отыр. Тиімді кадр саясаты мен шешімдер қабылдау жүйесі қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында 2021 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу жүзеге асырылады», – деді министр.

Екінші бағыт – «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму». Руслан Дәленовтің сөзінше, бұл бағыттың негізгі басымдығы – өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және қазақстандық қамту үлесі ұлғайту. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылмақ.

«Елдің көлік-транзит секторын белсенді дамыту жалғасады. Шағын және орта бизнесті, оның ішінде экономиканың зардап шеккен секторларын қолдау және дамыту жалғастырылады. Ақша-кредит саясаты маңызды ынталандырушы рөл атқарады. Салық міндеттемелерін орындауды оңайлату және көлеңкелі экономиканы азайту бойынша жұмыс жүргізіледі. Бұл бағытта барлығы 42 іс-шараны іске асыру жоспарлануда», – деді ведомство басшысы.

Еске сала кетейік, бұған дейін Руслан Дәленов Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 3% төмендегенін айтқан болатын.

Сондай-ақ, министр елімізде бірыңғай онлайн білім беру платформасы әзірленетінін мәлімдеді.

Back to top button