Бес аймақта жол қозғалысы шектелді
Бес аймақта жол қозғалысы шектелді
Көктемнің күрт құбылған ауа райы республиканың барлық өңірінде қолайсыздық тудырды. Әсіресе, жол бойындағы берекесіздік жолаушылап шыққан жұртты әбігерге салды. ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, бүгін Қазақстанның 5 аймағында жол қозғалысына шектеу қойылған. Атап айтсақ: Астана қаласында боран мен көктайғаққа байланысты “Астана-Қарағанды” бағыты бойынша барлық көліктер үшін жол жабық. Ақмола облысында боранға байланысты “Екатеринбург-Алматы” автожолының (1247-1353 шақырым) учаскесі жабылды. Павлодар облысында жолдың дұрыс көрінбеуіне байланысты “Қызылорда-Павлодар” (1125-1205 шақырым) және “Ульяновский – Қалқаман” (138-231 шақырым) жолдарының учаскелері жабылды. Сондай-ақ, бұған дейін хабарлағандай, шаңды дауыл мен жолдың дұрыс көрінбеуіне байланысты Маңғыстау облысы Ақтау қаласынан шығатын бағыттарға шектеу қойылды. Қарағанды облысында боран мен көктайғақ салдарынан Қарағандыдан шығатын барлық бағыттарға көлік қозғалысы шектелді. Толассыз жауған қар Алматы жүргізушілерінің де берекесін алды. Мегаполистің электронды картасында хабарланғандай, бір сағат ішінде, таңертеңгі сағат 9 бен 10-ның аралығында 10-нан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген.