Оралмандар үшін жаңа талап пайда болды
Оралмандар үшін жаңа талап пайда болды
Алыстан атажұртын аңсап келген қандастарымыз енді республикалық маңызы бар Астана мен Алматы қалаларында тұра алмайды. Өйткені аталған екі алып шаһарда оралмандар мәртебесін беру тоқтатылды. Бірақ бұл тек уақытша, деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.
Сырттан келген қандастардың көпшілігі Астана мен Алматы қалаларында тұрақтап қалуды жөн көреді. Алайда Астана мен Алматыда тұрақтап қалудың жаңа талаптары енгізілді. Бұл қалаларды тұрақты мекеніне айналдырғысы келетін оралмандар кемінде 4 жыл бір мекен-жайда тұруы қажет. Сондай-ақ, есепшоттарында 2,6 миллион теңге қаражат болуы тиіс. Мұндай талаптардың қойылуын түсіндірген Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек Алматы қаласында тіркелген этникалық қазақтардың саны жыл сайын артып келе жатқандығын айтады. «Алматы қалалық ІІД көші-қон полициясының мәліметінше, 2013 жылы қалада 8 мыңнан астам этникалық қазақтар тіркелген. Ал 2014 жылы бұл көрсеткіш екі еселеп өсе түсті. Былтыр 15 мыңнан астам этникалық қазақтар келіп, уақытша тіркеуге тұрған. 2015 жылдың бір айында, қаңтар айында олардың саны 838-ге жетті», –дейді Салтанат Әзірбек.