234
Тәжікстан Қырғызстанға электр қуатын сатпайды
Тәжікстан Қырғызстанға электр қуатын сатпайды
Тәжікстанның энергетика және су ресурстары министрі Усмонали Усмонзоданың мәлімдеуінше, Соғды облысындағы өнеркәсіп орындарының қажеттілігі артуына байланысты, Тәжікстан Қырғызстан сұраған электр қуатын толық мөлшерде бере алмайды.
Баспасөз мәслихатында айтылған мәлімет бойынша, Қырғызстан биыл Тәжікстаннан 2 миллиард киловатт-сағат электр қуатын сұраған. «Бірақ біздің солтүстік аймақтарымызға да көп мөлшерде электр қуаты керек болып тұр. Мұнда күні-түні істейтін аса қуатты кәсіпорындар орналасқан», – деді министр.
Оның айтуынша, Қырғызстан бір киловатт тәжік электр қуатын сатып алуға 2,5 цент ұсынған. Қазақстанда электр қуаты осындай бағамен сатып алынады. Өткен жылы Қырғызстанға 200 миллион киловатт-сағат электр қуаты берілген.
Усмонзоданың айтуынша, биыл электр қуатын шетелге экспорттау көрсеткіші артқан: «Қазір ауған нарығына көп көңіл бөліп отырмыз. Ауғанстанға жеткізілген электр қуатының көлемі 638 миллион киловатт-сағатқа жетті».
Тәжікстан министрінің айтуынша, 2015 жылы су баршылық болғанымен, 4 миллиард киловатт-сағат электр қуатын өндіруге мүмкіндік болмаған. «Қазір Нүрек ГЭС-інде су босқа ағып жатыр. Өткен жылы да 4 миллиард киловатт-сағат электр қуатын босқа ағызып жібердік», – деді министр.