Ағылшындар «Kazakh Piano Queen» деп құрметтейді

Ағылшындар «Kazakh Piano Queen» деп құрметтейді

Ағылшындар «Kazakh Piano Queen» деп құрметтейді
ашық дереккөзі
50465
Жуырда қазақстандық-британдық пианист Дина Дүйсен Еуропаның ең көне әрі белді жоғары оқу орындарының бірі – Лондондағы Корольдік музыка академиясында (Royal Academy of Music) оқытушы қызметіне орналасты. Кезінде дәл осы өнер ордасында білімін шыңдау үшін арнайы шақыртылған Дина Лондонда тұрып жатқан он екі жыл ішінде батыстағы талғампаз қауымды өнерімен тәнті еткені соншалық, шетелдіктер оны өз атынан гөрі «Kazakh Piano Queen» деп атауды құп көреді. Жат жұртта қазақтан шыққан фортепиано патшайымы атанған қарагөз қандасымыз Дина Дүйсенмен хабарласып, сұхбаттасуды жөн көрдік. – Дина, бірнеше ай бұрын әлеуметтік желідегі парақ­шаңыз­да өзіңіз оқыған Лон­дон­дағы ең көне оқу орны – Король­дік музыка академиясына (Royal Academy of Music) қызметке ор­­­наласқаныңыз туралы қуана хабарлаған едіңіз. Қазіргі таңда жаңа қызметке кірістіңіз бе, әлде? – Жоқ, әлі кіріспедім. Академия бас­шылығы өткен жылдың жел­тоқсан айында жұмысқа шақырған болатын, сосын екі айдан кейін мұндағы ішекті аспаптар бөлімінде са­бақ беру туралы ұсыныс білдірді. Де­сек те, сабақ беріп үлгергенім жоқ. Ө­зіңіз білетіндей, дүниежүзі бойынша карантин басталып кетті. Сосын соңғы үш жыл бойы Лон­дон­дағы тағы бір өнер ордасы Корольдік музыка колледжінде (Royal College of Music) ұстаздық етемін. Мұн­да студенттердің сессиясы қыр­күйек айына таман аяқталады, сол себепті күні кеше ғана мемлекеттік емтиханды өткізіп, қолым енді босады. Ал академиядағы жаңа қыз­мет­ке алдағы апталарда кірісуге бел буып отырмын. – Еуропаның ең үздік онды­ғы­на кіретін оқу ордасында бі­лім алдыңыз. Бұл үлкен жетістік қой. Кезінде бұл оқу орнына ша­қыр­туды қалай алдыңыз? – Иә, мұнда екінің бірі оқи бермейді. Бұл академияға тегін оқуға түсу үшін өнерге деген құштарлығың мен шеберлігіңді көрсете білуің ке­рек. Бұл жағынан менің жолым бол­ды, себебі мен музыка десе ішкен асын жерге қоятын отбасында тәр­­­биелендім. Әкем Орынбай – күйші, Қа­зақстанның Еңбек сіңір­ген мәде­ниет қайраткері. Анам Сәуле – фор­те­пиано маманы. Мен де анам се­кілді пианист болғым кел­гендіктен, дәл осы аспапты таң­дадым. Бүгінде ата-анам астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде сабақ береді. Ағам Ордабек – «Даллас Опера» (АҚШ) симфониялық оркестрінің кон­цертмейстері. Інім Ілияс Аста­надағы опера және балет театрында дирижер және скрипкашы қызметін атқарады. Ара-тұра үшеуміз қосылып, бірге концерт қоятынымыз бар. Мұндай ортада өсіп-өніп, музыкамен айналыспай көр. Оның үстіне, 5 жасымнан бастап Алматыдағы К.Байсейітова атын­дағы дарынды балаларға ар­налған музыкалық мектептің даяр­лық курсына бардым. Мұнда 10-сы­ныпқа дейін оқып, кейіннен от­басымызбен елордаға көштік. Бас қалада Қазақ Ұлттық өнер университетін тәмамдаған соң, шетелде білімімді шыңдауды көздедім. Десек те, өнеріме бейжай қарамаған Аме­рикадағы Техас штатының өнер уни­верси­теті маған өз шәкірта­қы­сын ұсынып, нәтижесінде Америка­да білім алдым. Десек те, мектепте оқи жүріп, Оксфорд қаласында (Ұлыбритания) өткен байқауға қа­тысуға келгенімде, Лондонды қатты ұна­тып қалған едім. Сөйтіп, мұнда орналасқан Корольдік музыка ака­демиясының деканына Лондонда оқығым келетінін, академияда мық­ты бір педагогтің жетекшілігінде білім алғым келетінін ашып жаз­дым. Бірнеше күннен кейін деканнан хат келіп, нәтижесінде бір айдан кейін өтетін тыңда­лым­ға қа­тысуға ша­қырды. Тың­далым Нью-Йоркте өте­тін болған­дық­тан, Техас штатынан мұн­да бір­неше күн­ге келдім, сөй­тіп мені бір-екі күн тыңдап көрген же­текшім «Біз­ге оқу­ға ке­ліңіз, менің же­­тек­шілігімде оқи­­тын боласыз» деп оқуға шақыр­ды. Оқу бітірген соң, Англияның көп­те­ген қаласына гастрольдік са­пар­ға шы­ғып, арасын­да жұмысқа ара­ласып, ақырында осын­да қалып қой­­дым. Биыл осында тұрып жат­қа­ныма он екі жыл болды.  width= – Ұлыбританияда сізді Дина Дүйсен дегеннен гөрі, Kazakh Piano Queen деп жиі атайды екен. Өзіңізді бұлай атағанды қан­­шалықты құп көресіз? – Ұнамайды десем, өтірік айт­қан­­дай болармын. Негізі, бұл атау­дың тарихына келсек, кезекті бір кон­цертімді тамашалаған ағылшын жур­налисі белді бір басылымға мен туралы жазған мақаласын «Қазақ фор­тепианосының патшайымы» деп атапты. Содан бері Лондондағы жұртшылық осылай атап жүр. Әсі­ресе, журналистер немесе концерт ұйым­дастырушылары осылай ата­ғанды ұнатады. Сосын мен қазақ дос­­тарымның арасында «Ханшайым атағы бос, ала беріңдер, ал пат­шайым атағын маған ел-жұрт­тың өзі таңдады, кешіріп қояр­сыз­дар» деп қалжыңдаймын (күліп). Десек те, Дина Дүйсен деп атағаны да ұнайды. Есімім әйгілі күйші апамыз Дина Нұрпейісованың құрме­тіне қойылғандықтан, өз атым айтылмай қалғанын құптамаймын. – Сондай-ақ сізді «қазақ-бри­тан пианисі» деп атайтыны бел­гілі. Лондонда тұрып жатқа­ныңыз­­ға он екі жыл болса да, сіз­ге «британдық» дегеннен гөрі, «қа­зақ» деген сипаттама жақын шы­­ғар? – Әлбетте, мұның әсері бөлек. Барған жерімде мені Қазақстанның тумасы деп атаған сайын, құлағыма жылы тиіп, көңілім содан қанығады. Иә, мен Қазақстаннан шыққан музыкантпын. Мен мұны мақтан тұтамын! Мені үнемі Қазақстанмен байланыстыратындықтан, қазақ атыма кір келтірмеуге тырысамын. Тағы бір айта кетерлігі, шетелдегі өнерсүйер қауымның көпшілігі қазақ секілді халықтың барын естігенмен, көзбе-көз көрмеген және Қазақстанда болмаған. Концертіме кел­генде «Сіз мен көрген бірінші қа­зақсыз!» немесе «О, сіз секілді Қа­­­­зақстаннан шыққан музыкантты алғаш көруім!» деп таңданып жатады. Осылайша, мен арқылы Қа­зақстанды таниды, менің өнерім ар­қы­лы Қазақстанға ба­ға береді. Десек те, отандастарымыз­дың арасында «Англияда отырып алып, патриот болу оңай» деп ай­та­тын­дар да та­былады. Мұн­дай­ды өз құла­ғым­­мен естідім де. Мен елден жы­рақ жүріп Қа­зақстанды танытуға әл­деқайда көп үлес қо­са аламын деп ойлаймын. Қазақ­стан­да жұмыс іс­те­сем, тек елдің ішін аралап, жылына бір рет қа­на шетелге шы­ғып тұ­ра­­тын едім. Ал сырт жақ­қа концертпен жылына бір рет шықсаң, ел­ді де, сені де жөнді ешкім танымайды. Со­сын менің әр кон­­цер­­тімде эк­ранда бері­летін өмірбая­нымда ағыл­­шын тілінде «Қазақстанда дү­ниеге келген» деп жазылады. Бірде кон­церттен соң бір ағыл­шын әйел далада мені танып, қасыма жақын­дап: «Сізді құшақ­тасам бола ма? Мен сіздің Алматыда туып-өскеніңізді естіп қуандым, менің әкем кезінде алма өсірумен айналысқан, сол үшін Алматыға арнайы барған. Жал­­­пы, алманың барлығы сіз дү­ние­­ге келген Алматы қаласынан та­рай­ды емес пе?» дегенде төбем көк­­ке жетті. Мұндай мысалдар же­терлік. – Сіздің орындауыңызда Еу­ропа халқы сүйіп тыңдайтын қа­зақша туынды бар ма? – Әлбетте, бар. Абай атамыздың «Айт­тым сәлем, Қаламқасын» ұйып тың­дайды. Сосын концертімде бел­гілі композитор Нағым Мең­діға­лиевтің «Домбыра туралы аңызын» жиі ойнаймын. Бұл композицияға домбыраның үні кіріктірілген, ал мен домбыраның үнін бала кезімнен естіп өскендіктен, бұл үнді жақсы сеземін. Осы шығарманы ойнағанымда шетелдіктер ерекше рухтанып отырады. Бис яғни, екінші мәрте орындауымды сұраса, тағы ойнап беремін. – Қазақстанға бір келге­ніңіз­­­де, мұнда басты назарда эст­­­­рада, ал классикалық музы­ка­ның тың­даушысы аз екенін айтыпсыз. Жоғарыда өзіңіз Еуропа хал­қы мұндай туындыларды ұйып тыңдайды деп айт­қан­дай, еліміздегі өнер сүйер тың­дар­ман­ның классикалық өнерге сүйіспеншілігін қалай оятуға бо­­лады? Жалпы, мұндай концертке келушілер санын қалай­ша арттыра аламыз? – Меніңше, жарнаманы жақсы­лап жасау керек секілді. Сосын жеңіл­­дігі бар билеттер жасау қажет. Қа­­зақстанда өнер тамашалағысы ке­л­етін көпшілік классикалық концерттен не күтетінін білмейді. Десек те, бір рет барып көрсе, әрі қа­рай да бара бергісі келетініне се­нім­дімін. Сол себепті мұндай концерт­терді дұрыс жарнамаламай, тыныш өт­кізе салмай, көпшілікті әр­түрлі жол­мен тарту керек. Дегенмен был­тыр Нұр-Сұлтанда өткен кон­цер­тіме жастар көп келді. Сол концерт­те ең арзан билет құнын мың теңге қыл­дым, сөйтіп, концертіме келген ере­сек адамдар да, студент жастар да концерт соңында кеткісі келмей, Конгресс холлдың фойесінде автограф сессия өткіздік. Кейбір дос­тарымның айтуынша, олар мұн­дай концертке бірінші рет келіп, бірден ұнатып қалса керек.  width= – Қазақстан мен Еуропа тың­дар­мандарының арасында ай­тар­­лықтай айырмашылық бар ма? – Көп айырмашылық жоқ, тек мұн­­да концерт соңында гүл беруге бол­майды. Гүл ұсынғысы келетіндер концерттен соң, сахна сыртына әкеліп береді. Ал Қазақстанда өзіңіз білетіндей, керісінше ғой. Былтыр елге концерт қоюға бірге барған лон­­дондық әртістерге: «Сахнада гүл беріп жатса, таңғалмаңдар. Көп емес, тек бірнеше гүл шоғын беруі мүмкін» деп алдын ала ескертіп айтқан едім, концерт соңында гүл беру үшін үлкен кезекке тұрған кө­рермен санын көрген әлгі достарым, аң-таң болды. Тағы бір жайт, Қа­зақстанда концерт соңында ұзақ ду қол шапалақтайды, көрерменнің сені сахна сыртына жібергісі жоқ. Ал мұнда концерт аяқталған бойда, кішкене қол шапалақтағанын күтіп, сахна сыртына беттейсің. Әйтсе де, Англияда тұратын қазақтар концертке үнемі гүлдерін көтеріп келе­ді, әрі тура сахнаға әкеп табыстайды. Жалпы, өз басым мұнда ел­ші­лік­тің ұйымдастыруымен өтетін түрлі іс-шараларға барып тұруға ты­ры­самын. – Колледж студенттерінен бө­­­лек, мұнда қазақ балаларына да фортепианодан сабақ береді екен­сіз. Өзіңіз үйреткіңіз келді ме, әлде олар өздері қолқа салды ма? – Жоқ, олар мені өздері тауып ал­ды. Басында төрт қазақ студентім болған, екеуі елге қайтып, қазір қал­ған екеуіне үйретіп жүрмін. Бір қа­зақ кісі мені сұхбаттан танып, ар­найы іздеп, хабарласып: «Баламды сіз оқытсаңыз» деп қолқа салды. Сосын Лондонда музыкалық аспаптар сататын дүкен бар, бір топ қазақ мұнда аспап сатып алуға барғанда дүкен сатушысына педагог іздеп жүр­генін айтыпты. Сөйтіп, олардың Қа­зақстаннан келгенін білген сату­шы осында менің тұратынымды ай­­тып, ақырында олар маған хабар­ла­сып, осылайша байланыс орнат­тық. – Бір сұхбатыңызда «қатаң му­­зыкантпын» депсіз. Бір қа­ра­ған­да жүзіңіз суық көрін­ге­ні­мен, өмірде тіпті басқаша секілдісіз? – Иә, мені танитындар солай дей­­ді (күліп). Негізі, өте талапшыл адам­мын, өзіме де, өзгелерге де қоя­тын талабым жоғары. Негізі, менімен достасу оңай, қанша қатал бол­сам да, көмекке зәру кез келген адам­ға қол ұшымды соза аламын. Досқа адалмын. Жырақта жүрсем де, елде жиырма жылдан астам ж­а­қын дос болып жүрген жақындарым бар­шылық. Өзгелердің бойынан да осындай мінезді іздеймін. Десек те, кәсібіме келгенде, қатаңдық танытамын. Әсіресе, музыканттарыма, студенттеріме қатал қараймын. Ал ре­петиция аяқталған соң, басқаша кейіпке енемін. Сосын қас-қабағыма қарап тұрған айналамдағылар «Ди­на, біз сізден қорқа бастасақ, негі­зін­­­­де жұмсақ бола алады екенсіз ғой» деп айтып жатады (күліп). Шын­­шыл, тік мінезім тағы бар. Әді­лет­сіз жайттарды көріп қалсам, мә­­селен, бәзбіреу қоғамдық көлікте үл­кен кісіге орын бермесе, қасына жа­қын барып айтып, орын алып бе­­ремін. – Дос демекші, биыл «Үздік аль­­бом» номинациясы бойынша Грэмми сыйлығын жеңіп ал­ған британдық әйгілі скрипкашы Никола Бенедеттидің әлеуметтік желідегі парақша­сы­нан байқағанымдай, екеуіңіз жа­қын дос екенсіздер? – Иә, ол рас. Никола да жоғарыда мен айтқан қазақтар секілді мені іздеп, хабарласып, ынтымақтастық ор­нату, туындыны бірге ойнау туралы ұсыныс жасады. Николаны Анг­лия­ға келгелі бері сыртынан танитынмын. Оның мықты музыкант екеніне сырттай таңданып, бақылап жүретінмін. Міне, екі жылдай уақыт болып қалды таныстығымыз дос­тыққа ұласқалы. Карантинге бай­ла­нысты жұмысқа енді шыққан ол кешегі күні маған хабарласып, ал­дағы айларда бірге репетиция жүр­гізу туралы ұсынысын білдірді. – Жаңа бір сөзіңізде Нұр-Сұл­танда кезекті концертіңізді өт­кізу туралы ұсыныс түскенін ай­тып қалдыңыз. Бұл жоспа­ры­ңыз келесі жылға қалған болар? – Иә, мені Астана опера және ба­лет театрының камералық залына концерт беруге шақырған болатын. Былтыр елордада өткен концертіме «RTG Tilmash Kazakhstan» компаниясының Басқарма төрағасы Самал Балғымбаева қаржылай көмек көрсетті. Алдағы уақытта корона­вирус­тың беті қайтып, жағдай тұрақталса, мін­детті түрде барып, концерт бе­ре­­мін. Оның үстіне, отбасымды, дос­­­­тарымды сағынып жүрмін. Өзім өсіп-өнген Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына баруға асықпын. Сосын үйде әкем, анам, бауырларыммен бас қосатын ортаны да сағынамын. Үйге барған сайын, әкеме домбырада бірнеше ән мен күй орындап беруін өтінетін едім. Бүгін сізбен қа­­зақ­ша сөйлесіп, марқайып қал­дым, себебі мұнда қазақтілді ортам жоқ. Қазақ тілін тұрмыста қолдан­ба­­саң, ұмыта бастайды екенсің. Де­­сек те, Нұр-Сұлтанға барған сайын тек қазақша сөйлесемін. Был­тыр барғанда бір такси жүргізуші қайдан келгенімді сұрап алған соң: «Бәсе, шет жақтан келгеніңізді бірден білдім. Қанша шетелде тұрсаңыз да, сөйлегенде орысша немесе ағыл­шынша қоспай, таза сөйлейді екенсіз. Ал мұнда қазақшаға орыс тілін араластырып сөйлейді» деп мені бір мақтап жібергені бар (күліп).  

Сұхбаттасқан

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

 

Серіктес жаңалықтары