Сынық көңіл, сыңар қанат...

Сынық көңіл, сыңар қанат...

Сынық көңіл, сыңар қанат...
ашық дереккөзі
445
Газетімізде қандастарға арналған Atajurt жобасы басталғалы көптеген мәселе көтеріліп келеді. Соның ішінде әртүрлі әлеуметтік көмекке зәру жандардың мұң-мұқтажын газет бетінде жазып қана қоймай, тиісті орындарға арнайы хат жазып мәселенің заң аясында да шешілуіне атсалысып келеміз. Сонымен қатар елдегі қал­талы атымтай жомарт азаматтардың да қаперіне салып, мұқтаж қан­дастар арасына дәнекер де болдық. Ішінара мәселесі шешіліп, жағдайы түзе­ліп кеткен қандастарымыз да бар. Мысалы, Алматы облысы Талғар ауда­нының тұрғыны жалғызбасты ана, туберкулезбен ауыратын Бақытгүл Ғи­бадатқызы газетімізде өз жағдайын айтып, көмек сұраған болатын. Қан­дасымыз мемлекеттік деңгейде және кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен бас­паналы болғаны газетіміздің оқырмандарына мәлім. «Айран сұраған шелегін жасырмас» дегендей, бұл жолы да сондай аса қиын жағдайда қалып отырған екі отбасы жайлы айтпақпыз. Әлемді жайлаған алапат індет миллиондаған адамдарға өз зардабын тигізді. Әсіресе, індетке бай­ланысты жарияланған шектеу ша­ра­лары көптеген қандастың жағдайын одан бетер ауырлатып жібергені жа­сы­рын емес. Карантин тәртібіне байла­ныс­ты отбасы мүшелері екі жақта қалып қою немесе азаматтық ала алмай қалу секілді жағдайлар қоғамда жиі кездеседі. Мүгедек болып қалудан қалай құтқарамыз? Ермек Нугзай – 1987 жылы Моң­ғо­лияның Баян-Өлгей аймағында туған. Ұлты қазақ. 2016 жылдың желтоқсан айында Павлодар облысына көшіп кел­ген. 2013 жылы отбасын құраған, қазір бір баласы бар. Азаматтыққа тапсырып, бір құжаттарының қателігіне байла­ныс­ты кедергілерге тап болған. Құжаттарын қайтадан реттеп, азаматтық алуға тап­сырған. Алайда биылғы карантин режи­міне байланысты азаматтық ала алмай қалған. Қазір пәтер жалдап тұрады. Жұбайы Қазақстан азаматы – Сақтаған Қизатхан. Ермек Нугзай Нұр-Сұлтан қаласы (Дауыл­паз көшесі 45) жаңа салынып жат­қан мектептің құрылысында жұмыс іс­теп жүрген. 18 мамыр күні кұрылыста жү­ріп, 3 метрлік биіктіктен екі тізесімен құ­лап, мертігіп қалған. Қазір ол өзді­гі­мен жүре алмайды. Ауруханаға қаралған. Барлығынан аза­маттығы болмағандықтан ақылы түр­де өтіпті. Дәрігерлердің қоры­тын­ды­сы бойынша екі тізесіне шұғыл опе­ра­ция жасатуы қажет екен. Операция жа­сату құны – 700 000 теңге. Алайда Ер­мек Нугзайда қазір ондай қаражат жоқ. Ал егер шұғыл операция жасатпаса, екі аяғынан бірдей айырылып қалу қау­пі басым дейді дәрігерлер. Ермек Нугзай мемлекеттік әлеу­мет­тік сақтандыру қорына ай сайын са­лы­мын төлеп отырған. Енді оған қандай жол­мен тез арада көмектесуге болады? Ке­ле жатқан кеселдің алдын алу үшін, арыс­тай азамат аяғынан тік тұрып қа­тар­ға қосылып кетуі үшін не қажет? Жалғызбасты анаға кім пана болады? Жайнат Бейімбетова – 1991 жылы Қа­рақалпақстанда туған. 2016 жылы Қа­зақстанға көшіп келген. Қазақстан аза­маты. Торсық шеке екі ұл өсіріп отыр­ған ана. Ана болғанда қазір – жал­ғызбасты ана. Өйткені жолдасы елде ка­­­рантин жарияланбас бұрын Өзбек­стан шекарасынан өтіп кеткен. Қазір екі ел арасындағы шекара бекеттері жабық. Тіп­тен ашыла қалған күннің өзінде Жай­наттың жолдасы (аты-жөнін жаз­бау­ды өтінді) сол кеткен күйі хабар-ошар­сыз. Жайнаттың бұл жақта қам­қор­лық қылатын туған-туыстары мүлде жоқ деуге де болады. Екі баламен ешқай­да жұмысқа шыға алмайды. Он айлық баласына ай сайын алатын 18 мың тең­гелік жәрдемақыдан басқа кіріс жоқ. Пә­тер жалдап тұрады. Ал пәтер жалдау құ­ны – 35 мың теңге. Карантин кезінде 42 500 теңгелік әлеуметтік жәрдемақыны да ала алмаған. Себебі балаға жәрдемақы ала­ды. Әкімшілік тарапынан да бері­ле­тін көмектің көлемі арасында бір бері­ле­тін азық-түлік қана. Сонымен, мұндай қараусыз қалған от­басы мүшелеріне кім көмектеседі? Ол әуе­лі Қазақстан азаматы. Екі бала өсіріп отырған ана. Қандасымыз қайда жүгініп, кім­нен көмек алуы қажет? Әлде осы бір қиын жағдайдан шығарып жіберер атым­тай азаматтар табылар ма екен? Егер көмектескісі келген азаматтар бол­са, редакцияға хабарласуға болады.

Серіктес жаңалықтары