280
Жаһандық жанталас: әлемде 200-ге жуық эксперименттік вакцина әзірленіп жатыр
Жаһандық жанталас: әлемде 200-ге жуық эксперименттік вакцина әзірленіп жатыр
Коронавирус пандемиясы тарала бастағаннан-ақ әлем ғалымдары індетті ауыздықтаудың амалын іздеп шарқ ұрды. Ғылымы мен технологиясы көш ілгері дамып кеткен елдердің өзі бұл дерттің дауасын таппай әуре-сарсаңға түсіп еді. Оған «бұл қалайлап» біз де таңданғанымыз жасырын емес. Бірақ мутацияға ұшыраған вирусты жоятын күшке ие вакцинаны табу біраз уақытты қажет ететіні де түсінікті жайт. Бүгінде дертті жоятын вакцинаны табудан бәрі үмітті. Басында қажеттіліктен туындаған жанталас уақыт өте келе бәсекелестікке айналды. Дәл қазіргі уақытта әлемде 200-ге жуық эксперименттік вакцина әзірленіп жатыр.
Дертті қашыру үшін бе, абыройды асыру үшін бе?
АҚШ билігі ешқандай мүмкіндіктің бос кетпейтінін және вакциналар соңғы, шешуші сынақтан өткенге дейін елде пайдалануға рұқсат етілмейтінін мәлімдеді. Қаңтар айында америкалық зерттеушілер 12-18 ай ішінде коронавирусқа қарсы вакцина жасауды мақсат ететінін айтты. АҚШ үкіметі зерттеу аяқталғанға дейін вакцинаны әзірлеуді жеделдету және іске асыру үшін шамамен 9,5 миллиард доллар инвестициялады. Егер бұл жоспарлары жүзеге асса, вакцинаны жасау шапшаңдығы бойынша әлемдік рекорд орнайды. Қазіргі уақытта ең жылдам дайындалған деп есептелетін 1967 жылы бекітілген паротитке қарсы вакцина төрт жыл ішінде ғылыми тұжырымдамадан өткен. АИТВ-ға қарсы вакцинаны іздеу 36 жылдан бері әлі жалғасып жатыр.
Вакцинаны дайындау процесі Еуропа мен Америкада сәтті жүзеге асып жатқан сыңайлы. Moderna компаниясы вирусқа қарсы вакцинаны дайындау жұмыстарының нәтижесі қуантарлық екенін айтты. Сондай-ақ Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы бірлесіп шығарып жатқан вакцина да жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Ал Ресей хаккерлік шабуыл жасады деген болжаммен күдікке ілінді. Бірақ Ресей үкіметі ізін ала «Бізді мәлімет ұрлады деудің еш мәні жоқ, егер Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясының өнімі сәтті шықса, ресейлік «Р-Фарм» компаниясы өз нарығы мен көптеген елге вакцинаны тарату үшін өнімді шығару мен тасымалдау жұмысының біраз бөлігін өз мойнына алады» деп мәлімдеме де жасады.
Қытай коронавирусқа қарсы вакцинаның бірнеше түрін жасап жатыр. Жуырда жәндіктердің жасушаларын қолдана отырып жасаған COVID-19 вакцинасы адамға салынып, сынақтан өткізіледі деп хабарлады Xinhua агенттігі. Препаратты Сычуань университетіне қарасты Батыс Қытай ауруханасы жасап шығарған.
Ғылыми-технологиялық прогресс зерттеушілерге коронавируспен күресудің жаңа тәсілдерін анықтауға септігін тигізді. Ғалымдар генетикалық материалды организмнің жасушаларына жеткізіп, жасушаларды өздері вакциналар шығаратын зауыттарға айналдыра алатындай ететін тәжірибелер жасап жатыр. Вакциналардың технологиясы, әсер етуі әр басқа, бірақ негізгі қағида ортақ болып қалады. Нуклеин қышқылын (ДНҚ және РНҚ) қолданатын вакциналар, вирустық векторларға негізделген вакциналар, қосалқы вакциналар, әлсіреген немесе белсенділігі жойылған вирусы бар вакциналар тізе берсек, жалғаса береді. Ал кей вакциналар коронавирусқа емес, тұтастай алғанда дененің иммундық қорғанысын арттыруға бағытталған.
Қандай технология арқылы жасалған вакцина болса да, оның қауіпсіздігі, дерт үстіне дерт үстемелемейтіні анық болғанда ғана жалпыхалықтық қолданысқа берілетіні айтылып-ақ жатыр. Бірақ әлі толық сынақтан өтпеген Ресей вакцинасын алуға біз неге асықтық?
Қазақстандық вакцина қайда қалады?
Дейтұрғанмен кейбір елдер вакцинаның қауіпсіздігі мен әсерін толық тексермей, тиімділігін растамай-ақ пайдалануға бермек ниетте. Атап айтсақ, Ресей үшінші кезеңнің сынақтары өткізілместен бұрын вакцинацияның басталғанын жариялады, ал Қытайда әскери адамдарға вакцина егіле бастады.
Осындай ақпарат әсер етті ме, әлде жалған, жел сөздің желеуінен бе, біздің елде де вакцина шықпай жатып үрей туғызып үлгерді. Халық әлден салғызбаймыз деп шыр-пыр болып жатыр. Оның үстіне жақында Ресей вакцинасын алуға келісім жасалғаны белгілі болды. Ресейлік басылымдар біздің 2 миллион доза вакцинаны сатып алатынымыз жайлы жарыса жазды. Артынша біздің министрлік бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. «Қай елдің вакцинасы бірінші тексерістен өтіп, мақұлданса, ел игілігі үшін содан аламыз», – деп пікір білдірді.
Ізінше The Washington Post-та жарияланған сараптама бойынша, Қазақстан «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты» РМК әзірлеген коронавирус инфекциясына қарсы вакцина үміт күттіріп отырған эксперименттік 200 вакцина тізіміне қосылды деп сүйіншіледік. The Washington Post біздің вакцинаны әзірлеуге ұзақ уақыт кететін әлсіз және инактивтелген вирустық вакциналар санатына қосқан. Бірақ бұл вакцинаның қуаты әлсіз дегенді білдірмейді.
«Өзіміз де вакцина даярлап жатырмыз, ресейлік вакцина не үшін қажет?» деген заңды сауал туындайтыны да анық.
Осы сияқты көптеген сұраққа жауап алу үшін Қазақстан Президенті іс басқармасы медициналық орталығының нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі, дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаның пікірін білген едік.
– Ресей вакцинасы алғашқы болып тіркеуден өтіп жатқан вакциналардың бірі болғандықтан, онымен қоса кедендік одаққа мүше болған себепті де мұндай келісімге қол қойылуы логикалық тұрғыдан түсінікті. Біз Ресейге стратегиялық әрі одақтас серіктес ел саналамыз, сол себепті де вакцинаға тапсырыс бердік, шамамен 2 млн доза деген ақпарат тарады. Бір жағынан бұл хабар жоққа шығарылып та жатыр, екінші жағынан, растаушылар да бар. Қазіргі кезде толық тексерістен өткен вакцина жоқ. Ол үшін, біріншіден уақыт керек. Ең аз дегенде 1 жыл. Коронавирус инфекциясының пайда болғанына желтоқсан айында бір жыл болады. Алайда вакцина жасау наурыз айында ғана жолға қойыла бастаған болатын. Содан бері әлем бойынша вирусқа қарсы вакцина қарқынды түрде жасалып жатыр. Ішінде көп үміт күткендеріміз де жоқ емес. Десек те, олардың қарсы көрсетілімдері де баршылық. Дене қызуы көтерілуі мүмкін, басқа да өзгерістер орын алуы ықтимал.
Ал біздің елде медициналық зерттеу үрдісіне қатысуы мүмкін, бұған заң тұрғысынан ешқандай қарсылық жоқ. Ресейде қазір аталған тексерістердің соңғы деңгейлері өтіп жатыр. Сол сияқты бізде де ерікті түрде адамдар арасында сыналуы мүмкін. Вакцина адамдарға ешқандай күштеусіз, тек жеке келісімі арқылы ғана салынады. Бұл дүниежүзілік тәжірбиеге еш қайшы келмейді.
Енді шындығын айту керек, біздің елде халық саны аз болғандықтан, вакцинаны сынақтан толыққанды өткізуге мүмкіндігіміз болмауы да мүмкін. Онымен қоса вакцина шығару және тексеру процестері қыруар қаржыны талап етеді. Сондықтан бізде шыққан вакцинаның тексерілуі толыққанды болмауы ықтимал. Сынақ жұмыстары неғұрлым көп адамды қамтыса, соғұрлым вакцинаның қауіпсіздігі мен әсерін нақты анықтауға болады.
Өзіміз куә болып отырмыз, ПТР сынамалардың дәлелділігі 30 пайыздан асар-аспастай. Ал қалған 70 пайыз науқастар қандай пневмониямен ауырып жатқанын біз әлі толық анықтап жатқан жоқпыз. Сондықтан вакцинаны қай вирусқа шығарып жатқанынан да түсінік жоқ. Бұл менің жеке пікірім, бірақ вирустың нақты қандай түрі екені анықталмай жатып оған вакцина сатып алу, емдеу асығыс шешім болуы мүмкін. Алдымен вирустың табиғатын егжей-тегжейлі зерттеп алу керек. Нақты расталған вакцина шықпайынша, адамдарға ешқандай екпе жасалмайды. Ондай өнімдерді коммерциялау да – заңсыз. Ұсыныстар болуы мүмкін, бірақ адамдардың келісімімен ғана жүзеге асады. Сондықтан бұл нәрседен үрейленудің қажеті жоқ.
Дерт болған соң, оның дауасы да бары хақ. Жаһандық жанталастың қарқынына қарасақ, көп ұзамай бұл вирусты тізгіндейтін вакцинаның табылатын уақыты да алыс емес сияқты. Ол кезде вакцинаның халыққа әділ түрде таратылуы мәселеге айналмаса дейміз. Бұл жағдайда «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік» деген мәтелді айтудың да реті жоқ сияқты. Дегенмен вакцина табылар болса, күллі әлем жұртының үрейі сәл де болса сейілетіні анық.