488
Президенттің заңдардың тұрақсыздығы жайлы айтқаны қуантты – Абзал Құспан
Президенттің заңдардың тұрақсыздығы жайлы айтқаны қуантты – Абзал Құспан
Абзал ҚҰСПАН, белгілі заңгер:
– Президент Жолдауында өзім бұрынан көтеріп жүрген бірнеше мәселе айтылды. Соған қатысты өз пікірімді айта кетейін. Елдегі заңдардың тұрақсыздығы («нестабильность законов») жайлы айтылды. Яғни Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық процестік кодекс туралы Президент Қ.Тоқаев мырза өз жолдауында тілге тиек етті. Бұл өте маңызды мәселе. Біз бұрын «енді ғана тәуелсіздік алдық, жас мемлекетпіз» дейтін едік. Ал қазір ел егемен болғанына 30 жыл толды. Елдегі заңдардың енді тұрақтанатын уақыты жетті. Заңдардың тұрақсыздығы – жағымсыз әрекеттерді туғызатын фактор. Атап айтатын болсақ Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық процестік кодекс 2014 жылы қабылданып, іс жүзінде 2015 жылдан бастап қолданысқа енген болатын. Содан бері осы екі заңға 35 рет өзгертулер еңгізіліпті. Ойлап қарасақ заң сол 2014 жылы қабылдана сала өзгерістерге ұшырай бастапты. Статистикаларын көрдім. Қылмыстық кодекс 468 баптан тұрады, оның 300-ге жуығына өзгерту енгізіліпті. Сонда ол қандай заң?
Бұл мәселені мен бұған дейін де көтердім. Сұхбаттарымда да ашық айттым. Әлеуметтік парақшаларымда да жарияладым. Сондықтан бұл жағдай дер кезінде шешімін табуы қажет. Әйтпесе бұл құқықтық нигилизмге («правовой нигилизм») апарады. Заң тұрақсыз болған жерде сенім болмайды. Заң тұрақсыз болса судьялардың шығарған шешімдерінде бірізділік жоғалады. Әлі де дұрыс қалыптасып кетуі үшін тұрақтылық қажет. Егер осы күйі тұрақтылық болмаса азаматтарда «қылмыс жазасыз қалмайды» деген принцип жойылады.
Президент Қ.Тоқаев мырза бұл жолғы халыққа арнаған Жолдауында осы мәселеге тоқталып өткені мені қуантты. Енді ары қарай нақты іске ұласады деген сенімдемін.