Қазақстандықтар ұялы байланысқа 2 мың теңгеден артық жұмсамайды
Қазақстандықтар ұялы байланысқа 2 мың теңгеден артық жұмсамайды
Қазақстандықтар ұялы байланысқа көп шығын жұмсамайды екен. «MRG» компаниясы жүргізген әлеуметтік зерттеуге сүйенсек, ел тұрғындарының мобильді қызмет түрлеріне жұмсайтын бір айлық шығыны орта есеппен 2 мың теңгеден аспайды.
Сұрау салынған азаматтардың 73 пайызы ұялы байланысқа ай сайын 2 мың теңгеге жуық жұмсаса, 39 пайызы 1 мың теңгеден артық жұмсамайтын болып шықты. Әлеуметтік зерттеуге қатысқан азаматтардың 2 пайызы ғана мобильді қызметке 5 мың теңгеден артық шығындайды екен. Ал 18 пайызы ұялы қоңыраулар мен хабарламаларға 3 мың теңге бөлсе, 7 пайызы ай сайын 3 мың мен 5 мың теңге аралығында жұмсайды. Биылдан бастап Қазақстанда Mobile number portability қызметі іске қосылмақ, бұл қызмет мобильді қызметті пайдаланушыларға өзінің 10 таңбалы нөмірін өзгертпей, ұялы байланыс операторын ауыстыруға мүмкіндік береді. Респонденттердің 17 пайызы міндетті түрде Mobile number portability-дің қызметіне жүгінетіндіктерін айтқан. Ал жауап берушілердің тең жартысы қолданыстағы байланыс операторын ауыстырғысы келмейді. Қазақстанда ұялы байланыс операторын ауыстыруға көп жағдайда қоңыраулар пен мобильді интернет құнының қымбаттығы әсер етеді. Мұны сұрау салынған азаматтардың 31 пайызы растады. Ал 19 пайызы басқа оператор қызметіне жүгінудің себебін мобильді қызметтер сапасының төмендігімен байланыстырған. Зерттеу нәтижесі бойынша мобильді интернетті қолданушылардың 47 пайызы айына орта есеппен 1 ГБ жүктейді екен. Респонденттердің 34 пайызы ай сайын 3Гб интернет-трафик шығындайтын болып шықты. Мобильді интернетті белсенді қолданушылардың үлесі небәрі 4 пайызды құраған, олар бір айда 6Гб-тан артық жүктейді.