Қандастар кедергісіз білім алуы тиіс

Қандастар кедергісіз білім алуы тиіс

Қандастар кедергісіз білім алуы тиіс
ашық дереккөзі
610
Ел егемендік алғаннан бастап шетелден келген қазақ жастары жоғары оқу орнының даярлық курсында оқи бастады. Сонымен қатар бірден ЖОО-на да түсіп, білім алып шыққандар көп. Бұл көші-қон саясатындағы тиімді стратегиялық бағыттың бірі десек те болады. Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылы шығарған №554 бұйрығы 2014 жылғы қазанда толық жүзеге аса бастады. Еліміздің 24 жоғары оқу орнында шетелдік қазақ жас­тарын оқытатын Foundation факультеті құрылды. Бұл бөлімнің мақсаты – Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсетін талап­керлерді жалпы білім беруге дайындау және деңгейін арттыру.  Сонымен қатар қандастарды Қазақстанда өмір сүруге бейімдеу. Осы уақытқа дейін мемлекеттік грант негізінде Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Иран, Түркіменстан, Ауғанстан, Қыр­ғыз Республикасы және Еуропаның біраз елдерінен қазақ жастары келіп, білім алды. Мәселен, 2013 жылы мемлекеттік гранттың арқасында әлемнің 9 елінен кел­ген 1 101 ұлты қазақ талапкер емтиханнан өтіп, дайындық курсында оқыды. Өз­бек­стан­нан – 557, Қытайдан – 282, Моңғо­лия­дан – 186, Түркіменстаннан – 17, Қырғыз Республикасынан – 10, Ресейден – 2 және Австрия, Түркия, Иорданиядан бір-бір студент келген. 900-дей талапкер оқуға тү­сіп Қазақстанда тұрақтап қалып, кейін Қа­зақстан азаматтығын алған. Білім және ғы­лым министрлігі республика бойынша дайын­дық бөліміне жыл сайын 1 мыңға жуық грант бөліп келеді. Атап айтсақ, 2018-2019 оқу жылы 1 200 грант бөлініп, 992 қандасымыз оқуға келген болатын. 2019-2020 оқу жылына 1 238  өтініш тап­сы­рып, оның 1 000-на грант бөлген еді. Білім алушылардың визасы ұзартылды Биыл әлемді жайлаған пандемия сал­дарынан көптеген шетелдік студент өз ел­деріне қайта алмай қалды. Оның ішінде шетелден келіп білім алып жатқан қан­дас­тар да бар. Осыған орай, «С9» санатындағы білім алуға арналған виза Қазақстанның білім беру ұйымдарында оқып жатқан студенттерге, сондай-ақ олардың отбасы мү­шелеріне беріледі. Шетелдіктер мен аза­маттығы жоқ адамдардың Қазақстанға келуіне шақыру ресімдеу, Қазақстан виза­сын беру,  күшін жою, қалпына келтіру, сон­дай-ақ оның қолданылу мерзімін ұзар­ту және қысқарту қағидасы қолданыстағы заңнаманың 49-тармағымен (Қазақстан Сыртқы істер министрінің м.а. 2016 жыл­ғы 24 қарашадағы №11-1-2/555 және Қа­зақстан Ішкі істер министрінің 2016 жыл­ғы 28 қарашадағы №1100 бірлескен бұй­рығы) реттеледі. Ал визаның қол­да­нылу немесе Қазақстан аумағында болу­дың рұқсат етілген визасыз мерзімі өт­кенге дейін Қазақстанның аумағынан кету­ге кедергі болған форс-мажорлық жағ­дай орын алса, я болмаса рейс, пойыз не­месе өзге көліктері кешіккен жағдайда «В20» санатындағы виза беру қарас­тырыл­ған. Осыны ескере отырып, көші-қон мәр­тебесін реттеу және шығу визасын ре­сімдеу үшін көші-қон қызметінің аумақ­тық басқармасы мен Білім және ғылым ми­нистрлігі бірлесе отырып, Қазақстан аза­маттығы жоқ ұлты қазақ студенттердің елде жүру мерзімін ұзартуға жеңілдік жа­салды. 733 қандасымыз ҰБТ-ға онлайн қатысты Биыл тұңғыш рет ҰБТ онлайн формат­та өтті. Ол шетелден елге келе алмай қал­ған қандастарға жасалған үлкен жеңілдік әрі мүмкіндік болды. Қандастарды оқуға қабылдауға арналған квота 2 пайыздан 4 пайызға өсті. Атажұртта білім алғысы ке­летін талапкер жастардың саны жыл сайын артып келеді. Биыл ҰБТ тапсыруға 2025 қандасымыздан өтініш келіп түскен. Талапкер жастардың басым бөлігі ҰБТ-ны ел ішінде тапсырды. – Әлемдік пандемияға байланысты ел­ге келе алмай ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен шет қалған қандастардың мәселесі туын­дады. Бұл жұмыс  үш ай уақытқа созылды. Нәтижесінде, Білім және ғылым ми­нистрлігі, Сыртқы істер министрлігі және Ұлт­тық тестілеу орталығының қол­дауы­мен, Қазақстан аумағында коронавирус ин­фекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ве­домствоаралық комиссия отырысында шетелде қалған талапкер қандастарға ҰБТ-ны онлайн өткізу шешімі қабылданды. Бұған дейін елімізде ҰБТ онлайн режимде өткізілмеген. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бірігіп атқарған жемісті қыз­мет аясында 733 қандасымыз 19 шіл­деде онлайн ҰБТ-ға қатысты. Қандас та­лап­керлердің онлайн тест тапсыруына ат­салысқан барша маманның қызметіне ри­зашылығымды білдіремін», – дейді «Отан-дастар қорының» вице-президенті Ма­ғауия Сарбасов. Шеттегі қандас талап­керлеріміз «Отандастар қоры» көтерген мәселенің оң шешім табуына ықпал еткен Ұлттық тестілеу орталығы, Сыртқы істер ми­нистрлігі және Білім және ғылым ми­нистрлігіне  алғысын жеткізді.  width= Қандастарға арналған ҰБТ нәтижесі 2020-2021 жылғы оқу жылына 1 300 бі­лім гранты бөлінді (дайындық бөлім­деріне). Ал ҰБТ-ға қандастар арасынан 2 025 талапкер өтініш тапсырған. Нәти­же­сінде 909 қандасымыз ЖОО-на арналған бі­лім грантын жеңіп алды. Шектік балл жи­нағандар саны – 477. Қалған 700-дей та­лапкер колледждерге тапсырады. Оның нә­тижесі қыркүйек айында шығады. Тағы да бір айрықша айта кетер жайт – Назарбаев университетінде ашылған Абай гранты. «Отандастар қоры» және Назарбаев уни­версиеті бірлесе отырып, қандастарға арналған Абай грантын биыл алғаш рет қол­ға алды. Оған жалпы шетелден 400 та­лапкер өтініш тапсырған. Оның 53-і ұлты қазақ, яғни шетелдік қандастар. Нә­тижесінде алғаш рет ашылған Абай гран­тын 13 қандасымыз иленіп отыр. – Бір қызығы Абай грантын иелен­ген­дердің ішінде АҚШ және Канада елдерінен кон­курсқа түскен қандастар да бар. Со­нымен қатар Қытай, Моңғолия және Өз­бекстаннан қандастар Абай грантын ие­ленді. Биыл алғаш болғандықтан, бұл нә­тиже де жаман емес, – дейді «Отандастар қоры» Білім бағытының жауапты қызмет­кері және Білім гранттарын беру жөніндегі республикалық конкурстық комиссия­сының мүшесі Нұрымжан Жұмағазиев. Дайындық бөліміне қабылдау басталды Қандастарымыз мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жоғары оқу орын­дарының дайындық бөлімдерінде білім ала алды. Осы мақсатта Қазақстан Үкіметінің 2018 жылғы 16 сәуірдегі № 199 қаулысына сәйкес 2021-2022 оқу жылына рес­публикалық бюджеттен қаржы­лан­дырылатын білім беру ұйымдарында жоғары оқу орындарының дайындық бө­лі­мінде Қазақстанның азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарды оқы­туға 1 300 орын бөлінді. Оқуға түсуге ар­нал­ған құжаттарды қабылдау 2020 жылғы 5 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында Білім және ғылым министрлігінің Балон процесі және академиялық ұтқырлық орталы­ғы­ның веб-порталы https://enic-kazakhstan.kz арқылы онлайн режимде жүргізіледі. Сондай-ақ Қазақстанның шетелдегі м­е­кемелеріне жеткізу үшін Сыртқы істер ми­нистрлігіне хат жолданды. Үміткер­лер­ден құжаттарды қабылдау ережесінің нұс­қа­улығы төменде көрсетілген. Құжат­тарды онлайн режимінде тапсыру бойын­ша қосымша сұрақтар туындаған жағдайда +7 (7172) 287526 нөміріне және  admission@n-k.kz  поштасы бойынша хабар­ла­сып білуге болады. Сонымен қатар, ше­телдегі қандастар сол елдегі «Отандастар қо­рының» бөлімдеріне хабарласу арқылы да ақпараттарды біле алады. Биыл Foundation факультеттері қалай білім береді? Бұл жөнінде Манаш Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік уни­верситеті Foundation факультетінің деканы Алмагүл Абдолханқызынан сұрап білген едік. – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақстан университетіне ұлты қазақ шет­елден келген жастар 90 жылдардан бастап жо­ғары оқу орнына дейінгі бөлімде дайын­дықтан өтіп, оқуға түсетін еді. 2016 жы­лы жеке Foundation факультет құрылды. Алғашқы факультет болған жылы 100 бала дайындық бөлімін оқып, 60 пайыздан астамы ЖОО оқуға түсті. 2017-2018 оқу жы­лы 70 тыңдаушы білім алса, 2018-2019 оқу жылында 23 тыңдаушы білім алып, 100 пайыз грант ұтып алумен ерекшеленді. Биылғы оқу жылында, яғни 2019-2020 оқу жылына мемлекеттік білім грантының конкурсына өтініш берген талапкерлердің 92 пайызы (38 тыңдаушы) грант иегері атанды. Ал университеттерге грантқа түсе алмаған түлектерді Петропавл қаласында ор­наласқан мемлекеттік тапсырыспен оқы­татын колледждерге бағыттаймыз. Жалпы, біздің университетте дайын­дық бөлімінде оқитын қандас жастарға жан-жақты қолдау бар. Ортаға бейімделу жұмыстары жүргізіледі. Дүниежүзі қазақ­тарының қауымдастығы және «Отандастар қоры» КеАҚ СҚО фронт-офисі де тың­дау­шыларды қолдап, мәдени іс-шаралар өткі­зіп, азаматтық алу мәселелерінде көмек­те­сіп, әлеуметтік жағынан да қолдау көр­се­теді. Атап айтсақ, Қытай елінен келген  11 сту­дентке ықтиярхат алу мәселесін ше­шуде. Олар қазір біздің университеттің грант иегерлері атанып отыр. 2020-2021 жаңа оқу жылында да Қа­зақ­стан Білім және ғылым министрлігінде ұлты қазақ шетел азаматтарына арналған квота саны 1 300 болып бекітіліп, әлемдегі пандемияға байланысты 5 қыркүйекке дейін тіркелу онлайн жүзеге асып жатыр. 10-15 қыркүйек аралығында дайындық бө­ліміне қабылдау емтиханы да онлайн түр­де жүзеге асады. 1 қазаннан бастап бірін­ші тоқсан заманауи бағдарламалар ар­қылы қашықтан оқытылады деп жос­парлануда, – дейді Манаш Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік уни­верситеті Foundation факультетінің де­каны Алмагүл Абдолхан. Алайда карантин жағдайына байла­нысты бірінші тоқсан онлайн оқыған тыңдаушылардың стипендияларын беру мәселесі жайлы әлі ресми мәлімет жоқ.

Серіктес жаңалықтары