227
Қазақстанда үш бала Кавасаки синдромына шалдықты
Қазақстанда үш бала Кавасаки синдромына шалдықты
Коронавирус жұқтырған 114 бала ел ауруханаларында ем қабылдап жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлім етті.
«Наурыз айынан бастап балалардың коронавирус инфекциясын жұқтырудың 2 257 жағдайы тіркелді. Оның ішінде қазіргі кезде Қазақстан ауруханаларында 114 бала жатыр», - деді ол.
Ресми өкілдің айтуынша, коронавирусқа шалдыққан үш жеткіншекте Кавасаки синдромы анықталған. Атап айтқанда, қауіпті кеселге шалдығу деректері Алматы, Нұр-Сұлтан және Петропавл қалаларында тіркелген. Елордада сырқаттанып жатқан баланың жағдайын мамандар ауыр деп бағалап отыр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Бағдат Қожахметов елімізде коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтағанын мәлімдеген.
Өткен тәулікте Қазақстанда 741 адамнан коронавирус анықталып, індетке шалдыққандардың жалпы саны 100 мыңға жуықтады. Індеттен 72,5 мың адам емделіп шықты. 1058 адам қайтыс болды.
Ал коронавирус белгілері бар пневмонияға шалдығудың 13280 дерегі тіркелді. Тамыздың басынан бері өкпе дертінен 161 адам көз жұмды.