Күнгейден бағыт алған көш - сауатты көші-қон саясаты басталды

Күнгейден бағыт алған көш - сауатты көші-қон саясаты басталды

Күнгейден бағыт алған көш - сауатты көші-қон саясаты басталды
ашық дереккөзі
250
Қазақстан экономикалық әлеуетін айтарлықтай нығайтары сөзсіз Демографиялық өсу жағынан елімізде көш бастап тұрған оңтүстік өңірде туу көрсеткіші басым. Әрбір бесінші бала осы өңірде өмірге келеді. Бір отбасында бес баладан кем емес. Алайда, жұмыс табылып, баспана беріліп жатса, неге солтүстік өңірге көшпеске?! Сол ағайынға барып «сулы-нулы солтүстікке, шығысқа қарай көшсеңіздерші, барлық жағдай жасалады» деп үгіттесе, «жарайды» деп бірден келісе кетуі екіталай. Мың ойланып, жүз толғанады. Қоныстандыру көшіп-қону ғана емес, бұл – солтүстік, шығыс облыстарды қазақыландыру. Мектептері мен балабақшалары, басқа да әлеуметтік нысандары тұрғындардың аздығынан жабылуға шақ тұрған ауылдардың тіршілігін түзеу. Қоныс аударушылар келген соң балабақшадағы, мектептердегі бала да көбейеді, жұмыс күшіне тапшы болып отырған шаруашылықтардың да жағдайы түзеледі, тілдік орта қалыптасады. Яғни, бір-бірімен жіпсіз байланған өзекті мәселелердің түйіні тарқатылар еді. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің 2015 жылғы қараша айындағы соңғы мәліметтері бойынша, еліміздегі халық саны 17 млн 353 мың 700 адамнан асқан. Әлбетте, еліміздегі өмір сүрудің жайлылығы, экономикалық өсім, саяси тұрақтылық, әлеуметтік қолдауды дұрыс бағдарлау нәтижесінде туу көрсеткіші де өсті, елден кетушілер емес, келушілер саны артты. Дегенмен Қазақстандағы халықаралық және ішкі-сыртқы көші-қон саясаты, этникалық оралмандарды орналастыру мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Өйткені бұның бәрі жалпылама экономикалық даму болжамдарын жасау, еліміздегі еңбек ресурсының теңгерімділігін қамту мәселесіне әсер етпей қоймайды. Сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстанда еңбек ресурстарының жетіспеушілігін шетелдік жұмыс күші есебінен толтыру жайы да өзекті бола түскен. Ал көші-қон саясатын жетілдіріп, халықты оңтайлы орналастыруға қатысты мұндай үдерістерді екшеп отыру – дамудың басты қағидасы.

Көші-қон саясатында жасалған түбегейлі өзгеріс

Бүгінде Қазақстанның кейбір өңірлерінде халық өсімі шапшаң қарқынға мінсе, енді бір өңірлерінде керісінше елден кету көбірек орын алып, жергілікті халықтың өсімі баяулай түскен. Бұлардың өзі өңіраралық миграцияға теріс сальдо қалыптастырып отырғаны да анық. Бұдан бөлек көші-қонның ырықсыз жүзеге асуы, заңсыз көші-қонның өрбуі кейбір өңірлердегі халықтың әлеуметсізденуін туғызатыны анық. Сол себептен Үкімет Қазақстандағы көші-қон саясатына тұтастай жаңа қадамдарды қамту жұмысын қолға алған болатын. Ондағы мақсат – ел азаматтарын ерікті түрде еңбек ресурсы тапшылығы сезіліп отырған аудандарға қарай экономикалық тұрғыдан оңтайлы етіп орналастыру. Соның ішінде ішкі көші-қон үдерісіне қатысатын халықтан бастап, этникалық көшіп келушілерді, яғни оралмандарды әлеуметтік қолдаулар мәселесі де күн тәртібіндегі өзекті дүниенің бірі. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі миграциялық үдерістерді орнықты ету үшін арнайы заң жобасын әзірлегені есте. Заң жобасында көші-қон саясатын жетілдіру үшін қандай шаралар көзделген? Осы мақсатта Тамара Дүйсенова жетекшілік ететін ведомство 2012 жылдан бері елдің демографиялық ахуалының келешегіне көз жүгіртіп, зерттеу жүргізген екен. Зерттеу болжамдарына сүйенсек, Қазақстан халқының саны 2030 жылға қарай 20,3 млн адамнан асады. Сөйтіп, 2012 жылмен салыстырғанда алдағы он сегіз жылда қазақстандықтардың саны 3,3 млн адамға немесе 20 пайызға артатыны болжанады. «Салыстырмалы түрде әлемдік демографиялық болжамдарды қарастырсақ, 2030 жылға қарай дамыған елдерде халықтың өсімі баяулап, бұл көрсеткіш 6-3 пайызды ғана құрайтыны болжанады. Халық өсімінің баяулауы АҚШ, Канада және Австралиядан басқа елдерде көрініс береді және осы елдерден басқа дамыған елдерде 13-16 пайыз шамасында халық өсімі орын алуы ықтимал. Ресейде демографиялық көрсеткіш 3-4 пайызға төмендейді, ал Қытайдағы халық санының өсімі 3-4 пайыз, Бразилияда – 10-12 пайыз, Үндістанда 20 пайызға болжанады. Сонымен қатар, халықаралық сарапшылардың болжамына сәйкес, Үндістан 2030 жылға таман халық өсімі жағынан Қытайды басып озады», – дейді министр Тамара Дүйсенова. Министр ханымның сөзіне қарағанда, Қазақстан халқының өсуі миграцияның барлық ағынын қоса есептегенде қарқынды бола түспек. Ал осы халық өсімін өңірлік құрылымдарда талдасақ, жоғарыда болжанған 20,3 млн адамның басым бөлігі немесе 52,7 пайызы негізінен еліміздің бес өңіріне шоғырланады екен. Мәселен, қазіргі үдеріспен айқындалатын болжам бойынша 2030 жылға қарай Алматы облысында – 2,5 млн адам, Жамбыл облысында – 1,249 млн адам, Оңтүстік Қазақстан облысында – 3 млн 660 мың адам, Астана мен Алматы қалаларында 3,3 млн адам. Яғни, бүкіл Қазақстан халқының 10 милионнан астамы бүгінгідей қарқынмен үдей берсе, жоғарыда аталған бес өңірде шоғырланады деген сөз. Ал керісінше осы кезең ішінде Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында халық саны кеми түсетіні болжанған. «Егер де, біз көші-қонға қатысты үдерісті бүгінгі күннен өзгертпестен ұстап тұрсақ, онда оңтүстік өңірлерде туу есебінен халық саны артып, керісінше солтүстік өңірлерде төмендей береді», – дейді Тамара Дүйсенова. Демек, еңбек ресурстарының һәм өңірлердегі еңбекке қабілетті адамдардың бөлінісіне көңіл бөлген жөн. Себебі бүгінде оңтүстік өңірлерде еңбекке қабілетті адамдар саны арта түссе, ал солтүстік облыстарда жұмыс күшінің жетіспеушілігі мәселесі туындаған.

900 отбасы солтүстік өңірге көш түзейді

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысынан Солтүстік өңірге қоныс аударуға 800-ден астам отбасы құжат тапсырған. Қазір бұл отбасылармен сұхбат жүріп жатыр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, солтүстікке көшкісі келетін азаматтардың мамандығы анықталып, олардың түйіндемелері жұмыс берушілерге жіберілуде. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы жұмыспен, баспанамен қамтылады. Солтүстік облысының басшылығы мамандығы сол жақта сұранысқа ие, қоныстануға мүмкіндігі бар 300-дей отбасыны қабылдап, баспанамен қамтуға дайын», – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева. Басқарма өкілдері берген мәліметте оңтүстіктен көшіп барғандар негізінен ауылдық жерлерде тұратыны айтылған. Себебі аграрлы өлкеден барғандар ауыл шаруашылығы жұмыстарын дамыта алады. Солтүстіктің шаруа қожалықтарында да мамандар қажет көрінеді. Онда жайылым жерлер өте көп болғандықтан мал шаруашылығын дамытуға өте оңтайлы. «Ол жақтағы жұмыстардың басым бөлігі ауыл шаруашылығына қатысты. Сондай-ақ техникалық мамандық иелеріне деген сұраныс көп. Қазірдің өзінде Мақтаарал, Сайрам. Сарыағаш аудандарынан азаматтар қоныс аударуға құжаттарын тапсырып жатыр», – дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы. Айта кету керек, былтыр маусым айында оңтүстік өңірге Солтүстік Қазақстан облысының арнайы делегациясы келіп, аймақтың жұмысқа қабілетті азаматтарын солтүстікке қоныс аудару арқылы тұрғын үй, басқа да әлеуметтік көмектер (оның ішінде, жұмыс берушілердің есебінен 53 тұрғын үй, 3 пәтер, жатақхана т.б) көрсете отырып, жұмысқа шақырған болатын. Осыдан соң, арада көп өтпей, ОҚО әкімінің орынбасары Е.Айтаханов­тың жетек­шілігімен арнайы топ Солтүс­тік Қа­зақ­стан­ облысына жұмыс сапарымен барып, 13 ау­данның ең­бек нарығының жағдайымен танысып қайтқан болатын. Күнгейден қоныс аударған тұрғындар Ақжар мен Уәлиханов аудандарына тұрақтайды. Олардың жергілікті адамдармен етене араласып, сіңісіп кетуіне, жай-күйін түзеп алуына барлық жағдай жасалмақ. Қоныс аударушы үйдің отағасына мемлекет тарапынан 105 мың теңге, ал отбасының өзге мүшелеріне 75 мың теңге қаржылай бір реттік көмек көрсетіледі. Баспанамен, жұмыспен қамтылады. Ал 2016 жылғы 11 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К.Мәсімовтің қатысуымен «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде еңбек ұтқырлығын арттыру бойынша өткен мәжілісте жұмыс күші мол өңірлерден еңбек ресурстарын солтүстік өңірлеріне көшіру мәселелері кеңінен талқыланды. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Оңтүстік Қазақстан облысынан облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков атқарылған жұмыстар жөнінде таныстырып, Оңтүстік Қазақстан облысынан солтүстік өңірлерге қоныс аударуға 900-ге жуық отбасы ниет білдірсе, жыл басынан бері 70-тен астам отбасы қоныс аударғанын жеткізді. Сонымен қатар, аталған жұмыстарды реттеуге бағытталған заңнамаларға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар айтылып, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі тарапынан қолдау тауып, тиісті құзырлы органдарға нормативтік-құқықтық актілерді өзгерістер енгізу арқылы сәйкестендіру тапсырылды. P.S. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі көші-қон саласында теңгерімсіздіктер орын алуы ықтималдығын да алға тартады. Мәселен, 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердегі халықтың саны шамамен миллион адамға қысқарса, керісінше оңтүстік өңірде 5,2 млн адамға артады. Болжамды деректер бойынша оңтүстік өңірдегі халықтың қоныстану тығыздығы солтүстік өңірден 4 есеге артады. Демек, көші-қон саясатын бүгіннен бастап сауатты жүргізбесе, алдағы уақытта оңтүстікте адам саны артып, солтүстікте төмендеуімен ұштасуы ықтимал. Ал әлемдік тәжірибеде белгілі болғанындай, экономикалық өсім негізінен халықтың шоғырлануы жоғары аудандарда орын алады.  

Динара Мыңжасарқызы

 

Серіктес жаңалықтары